Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Гүлмира Сейдуалиева мекеме тарапынан мемлекеттік органдардың қызметіне жүргізілген қашықтықтан мониторингтің қорытындылары бойынша анықтаған заңбұзушылықтар туралы баяндады. – Ағымдағы жылдың өткен кезеңіне жүйе арқылы ұсынылған мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері бойынша барлығы 214 бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, тіркеу жұмыстарына қатысты 88 бұзушылық орын алса, мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің сақталмауына қатысты 11 дерек тіркелді. Сонымен қатар жұмыс уақыты режимінің бұзылуына қатысты 14, дәлелді бас тарту бойынша 80, бас тартудың мерзімдерін сақтау тұрғысында 6 бұзушылық анықталды. Бұдан бөлек құжаттар топтамасы толық болмағанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсетуге қатысты 15 дерек есепке алынды.
Байқағанымыздай, ең көп жіберілетін бұзушылықтардың үлесі тіркеу жұмыстарына қатысты болып отыр. Одан кейінгі кезекте мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту бойынша істер тұрса, үшінші орында көрсетілетін қызмет берушімен мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің бұзылуына қатысты деректер тіркелген. Төртінші орында көрсетілетін қызмет берушімен жұмыс уақыты режимінің бұзылуына және құжаттар топтамасы толық болмағанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсетуге қатысты істер тұр, – деген баяндамашы ары қарай орын алған заңбұзушылықтардың қай ауданда, қандай жағдайда болғанын кеңінен атап өтті. Мәселен, «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша Меркі ауданы жер қатынастары бөліміне жүйе арқылы түскен 5 өтініш, Меркі ауданы Жаңатоған ауылдық округі әкімінің аппаратына түскен 6 өтініш, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне түскен 3 өтініш, Сарысу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне түскен 3 өтініш, Талас аудандық жер қатынастары бөліміне түскен 3 өтініш бір күнге кешіктіріп тіркеуге алынған.
Сол сияқты, «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша Меркі ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне «Ағаштарды кесуге рұқсат беру» туралы түскен 7 өтініш 2-4 жұмыс күніне кешіктіріп тіркеуге алынған. Сондай-ақ Талас ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне түскен 13 өтініш те дәл мерзімінде тіркелмеген. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жүйе арқылы түскен 2 өтініш 2 жұмыс күніне кешіктіріп тіркеуге алыныпты.
Басқа салалардағы заңбұзушылықтар көрінісі де осы тақылеттес. – Қашықтықтан мониторинг нәтижелері бойынша департамент тарапынан қызмет беруші мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар жолданып, бүгінгі таңда бұзушылықтарға жол берген жергілікті атқарушы органдардың 22 қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылған. Оның ішінде 18 ескерту, 4 сөгіс берілген.Жоғарыда айтылғандардың негізінде бұзушылықтардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың үлесінде болып отыр. Оның ішінде Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Қордай, Сарысу аудандары мен Тараз қаласының бұзушылықтарға жиі жол беретіні белгілі болып отыр, – деді Гульмира Абдухалилқызы.
Басқосуда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Талғат Тілеукеев мемлекеттік органдар тарапынан осы жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына жүргізілген ішкі бақылау шараларының нәтижелері туралы баяндады. Ішкі бақылау іс-шараларына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша аумақтық департаментінің мамандары мен сарапшылары 10 ішкі бақылау жүргізіп, 225 бұзушылықты анықтаған. Жалпы жергілікті атқарушы органдардың ішкі бақылау нәтижесінде анықталған 260 бұзушылық бойынша 60 ұсыныс әзірленіп, толығымен орындалған.Бақылау барысында анықталған бұзушылықтардың ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтің бекітілген стандартында көзделген құжаттардың толық топтамасы болмаған кезде мемлекеттік қызметті көрсету, мемлекеттік көрсетілетін қызметтің бекітілген стандартында көзделмеген құжаттарды талап ету, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін (бизнес-процесін) бұзу, мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартымен көзделген жұмыс кестесін сақтамау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың өзге де талаптарын бұзу, мемлекеттік қызметтерді көрсетуші жауапты мамандардың біліктілігін арттыру курстарына жіберілмеуі сияқты фактілер орын алған.Сондай-ақ жиында Тараз қалалық білім бөлімі тарапынан 2024 жылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасы және қызмет көрсету барысында туындайтын проблемалық мәселелер туралы аталған мекеменің басшысы Раушан Қожамжарова хабарлама жасады.
Ал «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрахмет Искаков құрылымдық бөлімшенің атқарып жатқан жұмысы туралы айтты.
Филиал директорының айтуынша, биылғы 4 айда облыста осы біржолғы төлемді 4 868 ана алған. Сонымен қатар аталған кезеңде облыста 5 908 адам бала күтіміне байланысты кірісінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемге қол жеткізген. – Жүктілікке және босануға, баланы (балаларды) асырап алуға, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажетті құжаттардың (мәліметтердің) дұрыстығын тексеру барысында әлеуметтік аударымдардың уақытылы және (немесе) толық түспеуі, міндетті зейнетақы жарналарының аударылған сомаларына сәйкес әлеуметтік аударымдардың төленген сомаларының қызметкердің кірісіне және (немесе) дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтары басшыларының кірісіне сәйкес келмеуі сияқты жағдайлар кездеседі.
Бүгінде әлеуметтік желілерде тараған «Декретке миллионмен» деген сияқты көптеген ақпараттың салдарынан кейбір жүкті әйелдер аталған әлеуметтік төлемді көп мөлшерде алу мақсатында түрлі қадамдарға баруда. Өздерінің тұрақты жұмыс орны бола тұра жеке кәсіпкерлік ашып немесе жұмысшы ретінде ЖК-ге тіркеліп, әлеуметтік қатер туындаған айға дейінгі соңғы он екі айға жалған максималды табыс көрсетіп, міндетті төлемдерді бір күнмен аударып әлеуметтік төлемге жүгінетіндер бар.
Аталған іс-әрекеттердің алдын алу, оны болдырмау мақсатында қолданыстағы заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет деп есептеймін.Осы орайда Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік кодексінің 78-бабының 2-тармағына «Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтiк төлемнің мөлшерін есептеуге алынатын табыстың орташа айлық мөлшерi әлеуметтiк төлем құқығы туындаған күнге республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi жалақының 7 еселенген мөлшерiнен аспауға тиiс» деген толықтыру енгізуді ұсынамын, – деді Нұрахмет Сейдахметұлы.
Жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікірлесіп, ұсыныстарын білдірді.
Айжан ӨЗБЕКОВА