Фархат Шымырбаев 2010 жылы Астана қаласындағы Экономика және заң колледжіне оқуға түсіп, «Заңгер» мамандығы бойынша бітіреді. Алғашқы еңбек жолын Астана қаласындағы «Ақсұңқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пластик цехында әйнек салушы болып бастаған. Цехта жұмыс істеп жүріп әскерге шақыртылып, әскери борышын Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімінде өтейді. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне «Заңгер» мамандығы бойынша сырттай оқуға түсіп, 2014 жылы бітіреді. 2013 жылы Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арқылы 91678 әскери бөліміне келісімшарт негізінде әскери қызметке шақырылып, арнайы мақсаттағы барлау ротасының 3-арнайы мақсаттағы барлау тобының аға маман (аға барлаушы) лауазымына орналасады. Әскери бөлімде тау-атқыштар ротасының 3-тау-атқыштар взводының, 2-тау-атқыштар бөлімшесінің командирі, тау-атқыштар ротасының 1-тау-атқыштар взводының сержанты, оқ атумен қолдау ротасының мергендерге қарсы взводының командирі қызметтерін атқарады.
– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген сөз бар емес пе? Сол сияқты әскери адам болуды бала кезімнен армандадым. Мектепте оқып жүргенде десанттық шабуылдарға қатысты түрлі фильмдерді көріп, қызығушылығым күн өткен сайын арта бастады.Бүгінде арманымды ақиқатқа айналдыра білдім деп ойлаймын. Қазір өмірімді әскери формасыз елестете алмаймын. Жалпы әскери сала кез келген адамды тәртіп пен төзімділікке әрі спортқа жақын болуға үйретеді, – дейді Фархат Керімқұлұлы.
Жұмыс барысында өзін жақсы қырынан көрсете білген Фархат 3-сыныпты сержант шенінде қызмет етуде. Мұнда Ф.Керімқұлұлы 18-30 жас аралығындағы 16 адамнан құралған взводты басқарады. Тобында барлаушы, мерген сынды өз маманының хас шеберлері жиналған.– Әсіресе таңғы саптық даярлық кезінде рота мүшелерімен бірге түрлі патриоттық әндерді шырқаймыз. Бұл көбінесе топ мүшелерінің көңіл күйін көтеруге өз әсерін тигізеді. Қазақ және орыс тілдеріндегі әндерді барынша жаңартып отыруға тырысамыз.
Сержанттың әр жұмыс күні белгіленген жоспар бойынша өтеді. Әскери өмір әлемде болып жатқан түрлі жағдайларға сақадай сай болуды талап етеді. Сондықтан олар әскери даярлықтарын шыңдап отыру үшін үнемі түрлі дене жаттығуларын жасауға көңіл бөледі. Жаудың күшін басуға бағытталған мергендер бригадасы кез келген тапсырманы орындауға әрқашан дайын болуы тиіс.
Біз, ҚР Қарулы Күштерінің сарбаздары қоян-қолтық ұрыстарда шеберлікті арттырып, қарсыласты жеңудің түрлі әдістерін пайдаланамыз. Сонымен қоса қару-жарақтармен бірге көптеген жарылғыш затты да қолданып, қыр-сырын меңгереміз, – дейді сержант.
Қызмет бабында өзін үлгілі маман ретінде көрсете білген сержант Фархат Шымырбаев түрлі жарыстарға да белсенді қатысуға уақыт табады. Кейіпкеріміз «Әскери қызметші өз саласының нағыз шебері болу үшін ұдайы шыңдалып отыру қажет» деген пікірде.– Мамандығымды болашақта өз Отанына мүлтіксіз қызмет етуді қалап, өмірін осы әскери саламен байланыстыруды мақсат еткен жастарға ұсынар едім. Ең бастысы, өтпелі қиындықтардан қорықпайтын және өзінің діттеген мақсатына жете алатын азамат болу қажет, – дейді Фархат.
Фархат Шымырбаев жолдасы Әсел екеуі отбасында 5 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Жолдасы М.Әуезов атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда бала күтімімен демалыста.
– Болашақта ұлымның жолымды қуып, әскери адам болғанын қалаймын. Болмаса спорт саласында үлкен асуларды бағындыратын спортшы болса екен деген тілек бар. Барлығы да уақыттың еншісінде, – дейді кейіпкеріміз.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
журналист,
Жуалы ауданы
Жауынгерлік дайындық - басты назарда
Ұқсас жаңалықтар
Үкімет қаулысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды
- авторAR-AY
- 25 қыркүйек, 2024