Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғамға пайдасы мол стартап жобалар анықталды

Қоғамға пайдасы мол стартап жобалар анықталды
ашық дереккөз
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ғылым және коммерцияландыру департаментіне қарасты коммерцияландыру бөлімінің ұйымдастыруымен, «Astana Hub» технопаркінің қолдауымен «Idea Battle Demo Day» командалық стартаптар байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – IT-саласында стартап бастаған немесе бастауды жоспарлап жүрген жас мамандарға қолдау көрсетіп, инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету. Жастар арасында стартап мәдениетін насихаттау және индустриядағы үздік идеяларды дамыту.

Ал білім бәсекесіне халықаралық IT технопаркі «Astana Hub» бизнес-жобалар кеңсесінің аға менеджері Әшімбек Әбілғазинов, «The Fashion People» стартабының коммерциялық директоры Аяжан Рүстемова, Ташкент қаласындағы «Hamkorlab» компаниясының продакт кеңсесінің басшысы Нұрсұлтан Оразалин, «Vector Education» стартабының кофаундеры және СОО-сы Темірлан Беркімбаев, «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Бекдауыл Ипдилдаев, облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Ташенова, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ІТ департаментінің жобалық кеңсесінің басшысы Айбар Үсен төрелік етті.

Байқауды университеттің басқарма мүшесі, ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейітжан Орынбаев құттықтау сөзбен ашып, стартаптың маңыздылығына тоқталды. Сейітжан Әуесжанұлы өз сөзінде технология дәуірінде жас буын өзінің стартапын іске асыра алатынын, ең бастысы, өзекті мәселені тауып, оны шешудің жолдарын қолға алу екенін айтып, қатысушылардан үлкен үміт күтетінін жеткізді. 

Байқауда 9-11-сынып оқушылары, университет және колледж студенттері өзара бақ сынады. Алғашқы кезеңде қатысушылар 4 күндік оқуды тәмамдады. Барлығы 55 өтінім қабылданып, жартылай финалға үздік 30 топ өз жобаларын қорғады. 

Жартылай финал қорытындысы бойынша 15 үздік стартап идея финалдық кезеңге жолдама алып, қатысушылар қазылар алқасы алдында жобаларын қорғады. Дайындалған жобаның қоғамға пайдасы мен экономикалық тиімділігіне баса назар аударылды. Нәтижесінде үздік шыққан командаларға жүлде қоры 500 000 теңгені құрайтын ақшалай сыйлықтар табысталады.
Байқауда «BEELIEVE» командасы I орын иеленіп, 250 000 теңге сыйақыға ие болды. II орынға «ДАНИЯЛ» командасы лайық деп танылды. Аталған топ 150 000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Жүлделі III орынға «AGRIBOTICS» командасы жайғасты. Бұл командаға 100 000 теңгелік сертификат табысталды. Жарыс соңында қатысушылар университет ұжымы мен ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдіріп, сайыстың тартысты өткенін жеткізді.

Әнел ӘШІРҚҰЛ, 
М.Х.Дулати атындағы
 Тараз өңірлік 
университетінің 
медиа қызмет 
бөлімінің тілшісі

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар