Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сайлау заңдылықтары түсіндірілді

Сайлау заңдылықтары түсіндірілді
ашық дереккөз
Кеше облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және уәкілетті мемлекеттік органдардың рөлі» тақырыбында оқыту-семинары өтті.

Семинарға облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары, облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Серік Құрманбеков, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, «Аulieata-Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ермек Тұмабеков, облыстық прокуратура мен саяси партиялардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. 

Семинарды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. 
Келесі кезекте облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов «Өңірде өткізілген сайлау науқандарындағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің рөлі, маңыздылығы, олармен ұсынылған кандидаттардың белсенділігі» тақырыбында дәріс оқыды.

– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң – барлық сайланбалы лауазымдарды және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлауға дайындық және оны өткізу кезінде туындайтын қатынастарды реттейтін және республика азаматтарының ерік білдіру бостандығын қамтамасыз ететін кепілдіктерді белгілейтін басты құжат.
Заңға сүйенсек, сайлау науқанында сайлауға қатысушылар деген түсінік бар. Олардың қатарына сайлау комиссиялары, кандидаттар, кандидаттарды ұсыну құқығы бар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, сенімді өкілдер мен байқаушылар, сайлаушылар және құзырлы органдар кіреді. 

 

Заңның 10-бабынан бастап саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге ұсыныс жасау тәртібінде белсенділік мүмкіндігі айқындалған.
Яғни Орталық сайлау комиссиясынан басқа барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелері тікелей саяси партиялардың ұсынысымен, болмаған жағдайда қоғамдық бірлестіктердің ұсынған кандидаттары негізінде тиісті мәслихаттарға ұсынылады.Алайда қайсыбір партиядан немесе қоғамдық бірлестіктен ұсынылып сайланған комиссия мүшесі міндетті шектеулерді қабылдайды.Соның бірі –өзі ұсынылған саяси партия немесе қоғамдық бірлестіктің шешімдерімен байланысты болуға немесе мүдделерін қорғауға құқығы жоқ, – деді Талғат Жамалов. 


Баяндамашы мұнан соң саяси партиялар мен аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің сайлау науқанындағы құқықтары мен міндеттер, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына тоқталды. 
– Үгіт-насихат іс-шаралары 4 бағыттан тұрады, олар – БАҚ, көпшілікпен кездесулер, баспа-бейне-фото материалдарын тарату және онлайн платформа арқылы.
Тура осындай 4 тармақтан тұратын шектеулер де қаралған. Және БАҚ құралдарына ескеретін мәселе – жаңалықтар мен аналитикалық бағдарламаларда үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынған. Жалпы үгіт-насихат жұмыстарын заң аясында жүргізуге барлық жағдайлар қаралған.

 

Мемлекет азаматтарға және қоғамдық бірлестіктерге өз кандидаттары үшін үгіт жүргізуге кепілдік береді. Ол үшін арнайы сайлау қорларын ашу мүмкіндігі де қаралған. Бұдан өзге мемлекет тарапынан кандидаттарға өз бағдарламаларымен таныстыру үшін тең көлемде қаржыландыру тетігі де қаралған. Ал радио мен телеарналарға шығарылған кандидаттардың сөздерін бөлуге және сөйлеген сөздерінен кейін іле-шала сол нөмірде түсініктеме жасауға тыйым салынған.Сонымен қатар тиісті сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетін кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, ұрандар, басқа да үгіт материалдарын басуға қаржы бөледі. Осы қаржыға немесе басқа да қаржыларға басылатын үгіт материалдардың шетелдерде басылуына тыйым салынған. Оларда кім, қай жерде, қандай қаржыға және қанша тиражда басылғаны туралы ақпарат болуы тиіс. Сондай-ақ үгіт құралдарын орналастыру үшін арнайы орындар белгіленеді. Жекеменшік нысандарға ілінетін болса, міндетті түрде меншік иесінің рұқсаты қажет. Ескерткіштер, тарихи-мәдени немесе сәулеттік құндылығы бар нысандарға және дауыс беру жайларда үгіт құралдарын ілуге, орнатуға тыйым салынған, – деген Талғат Салқанұлы бұдан ары қарай саяси партиялар мен кандидаттардың сайлауалды бағдарламалары, бөлінетін қаржыға кеңінен тоқталды. 

 

 

Сонымен қатар облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы туралы» тақырыбында, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ермек Тұмабеков «Ұсынылған кандидаттардың заң талаптарына сәйкестігін анықтау барысындағы мәселелер туралы» тақырыбында баяндама жасады.Мұнан кейін «Аulieata-Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлының «Сайлау науқаны барысында сайлаушыларды ақпараттандыру және үгіт кезеңіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Данияр Асқарұлы өз сөзінде тәуелсіз еліміздегі әрбір сайлау науқанында отандық, оның ішінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі жылдан-жылға артып, жүйелілік пен жеделдік күшейіп келе жатқанын тілге тиек етті. – Ел ішінде, әсіресе шалғай елді мекен тұрғындарына мемлекетіміздің өміріндегі саяси ахуалдың аяқ алысы мен бағыт-барысын түсіндіріп, сайлаушыларды ақпараттандыру ісінде БАҚ өкілдерінің белсенді әрі жанкешті еңбегі айрықша атап өтуге тұрарлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екенін айта келе, халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратынын, сондықтан әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор екенін және кандидаттардан бастап байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарына дейін, сайлау науқанына қатысушылардың қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы күнге дейін өткен әрбір саяси науқанда өңірдегі БАҚ өкілдері әрі шынайы, ашық, әрі әділ ұстаныммен еңбек етіп келеді. Сайлау науқаны басталғаннан қорытындысы шыққанша басы-қасынан табылып, сайлау учаскелерінен уақытпен санаспай ақпарат таратуда. Себебі жоғарыда атап өткенімдей, кез келген сайлау науқаны халықтың, мемлекеттің болашағы үшін жүзеге асса, халықпен жаны бір журналистер қауымы үшін бұл кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар өмірлік ұстаным, қастерлі қағида екені жасырын емес. Сондықтан өміршең ұлт пен өскелең ұрпақтың баянды болашағы үшін Отан-ана, ортақ мүдде жолында Ата Заңға сүйене отырып, алдағы саяси науқандарда да аймақтың ақпарат саласы, оның ішінде «Аq jоl», «Знамя труда», «АR-AI» және «Jambylinfo» ақпарат агенттігін бір арнаға тоғыстырған «Аulieata-Мedia»-ның мамандары да аянып қалмайтыны анық, – деді Данияр Асқарұлы.

 


Мұнан соң Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрайымы Жанат Бастаубаева «Саяси партиялардың сайлау процесін даярлау мен өткізу барсындағы тәжірбиесі» тақырыбында дәріс оқыды.Семинарды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қорытындылап, сайлау науқандарында белсенділік танытқан бірқатар саяси партия мен қоғамдық бірлестік басшыларын алғыс хатпен марапаттады. 

Айжан ӨЗБЕКОВА
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар