– Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде сақтай алатын, нығайта түсетін негізгі құрылымымыз. Олай дейтін себебім, сын сағатта Ассамблея мүшелері өте ауқымды қайырылымдық шараларын дер кезінде ұйымдастырып келеді. Ол көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі деп білеміз. Еліміздің көптеген аймағында су тасқыны болып, біршама азаматтарымызға көмек берілуде. Осы орайда облыстық Ассамблея мүшелері ауызбіршілікпен үлкен қолдау көрсеткеніне алғыс білдіремін. Бұл ғана емес, өңірде жалпы атқарылып жатқан қоғамдық жұмыстарда этнос өкілдерінің әлеуеті өте жоғары. Этносаралық қатынасты нығайту бағытындағы жұмыстарды жетілдіре береміз. Бұл әрқашан біздің басты мақсатымыз, – деді жиынды ашқан Ербол Шырақпайұлы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту өзекті мәселе екенін баса айтты.
Ал облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева этносаралық қатынастарды дамытуда 12 республикалық және 10 облыстық жоба жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
– Ассамблеяның құрылымы болып саналатын ақсақалдар және аналар кеңестері үкіметтік ұйымдар мен халықтың арасындағы әмбебап диалог алаңы ретінде қызмет атқаруда. Өңірлік ҚХА ақсақалдар кеңесі құрамына өз ортасында беделді, өмірлік тәжірибесі мол 221 ақсақал тартылған. Кеңес жұмысы ІІІ Құрылтайда Президент көтерген қоғамдағы бірлік, әскери патриоттық, жастар тәрбиесі, арандатушылық, тілдік, нәсілдік кемсітушілікке жол бермеу мәселелерін жүзеге асыруға бағытталып отыр. Аналар кеңесінің құрамында 646 белсенді ана жұмыс істеуде. Аналар кеңесі отбасы құндылығын көтеруге бағытталған жобаларды білім, тіл, дін, жастар саясаты мәселелері, денсаулық, спорт, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларымен және басқа да құзырлы органдармен бірлесе жүзеге асыруда,– деді Мүбарак Қасымқызы.
Сондай-ақ басқосуда «Өзбек ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов, «Днепро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Тарас Леоненко, «Ордабасы» командалық ойынының қазақстандық федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Руслан Измазов сөз сөйледі.
Отырыс қорытындысымен облыс әкімі «Бейбітшілік пен келісім», «Достық керуені», «Мың бала», «Мәміле», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» сынды жобаларды іске асыру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі