Құжатта Қазақстан Республикасы «Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылсын», делінген.
Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен форумда министрлік құрамында жасанды интеллект комитеті құрылатынын мәлімдеді.
– Ал былтырғы даму процесін ғылыми орта «ойын жылы» деп атап кетті. Бәрі ойнады, көрді, таңғалды. Енді биыл салмақты әңгіме болатын түрі бар. Жасанды интеллект саласына бүкіл алпауыт компаниялар кірісіп кетті, триллиондаған инвестиция құйыла бастады. Осы соңғы 5 жылдың ішінде 27 мемлекет өздерінің ұлттық жасанды интеллект стратегияларын қабылдады.
Біздің институттарымыз әзірлеген ауқымды тіл моделі шығады. Ол модельді суперкомпьютерде жаттықтырамыз, содан соң қазақша түсінетін өзіміздің тұңғыш ChatGPT пайда болады. Қазір бүкіл араб елдерінде өздерінің тіл модельдерін жасап жатыр. Оларға жеңілдеу. Өйткені араб тілінде шыққан ғылыми еңбек, жазба әдеби мәдениет көп. Өкінішке қарай, өзімізді қанша мақтасақ та бізде ондай мыңдаған жылдық кітапханалар жоқ. Мәдениетіміз де, өркениетіміз де ауызша. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп бүкіл БАҚ-тың, киноқордың мұрағаты негізінде осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Соны жеңілдету үшін Оксфорд университеті көмектесті, – деді министр.
Комитеттің негізгі функциялары:
- жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;
- жасанды интеллект технологияларын дамыту саласында нормативтік құқықтық реттеуді әзірлеу және іске асыру;
- жасанды интеллект саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
- жасанды интеллект саласындағы сараптамалық кеңестің құрамы мен қызметі туралы ережені бекіту;
- жасанды интеллектті дамыту бөлігінде Қазақстан Республикасында мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын келісу.
Кейбір бағалау көрсеткіші бойынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік жалпы ішкі өнімнің 7 пайыз үлесіне ие болады. Ал 2027 жылға қарай жасанды интеллекттің жаһан нарығындағы капиталы 400 миллиард доллардан асады. Бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр, тіпті медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларға еніп кеткен.
Жалпы жоспар бойынша елімізде жасанды интеллект саласында жыл сайын 1 000 маман даярлануы керек. Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы уақытта кейбір отандық жоғары оқу орындарында «Google» және «Huawei» халықаралық компанияларының тиісті курстары өтпек. Корея мен Қытайдың жоғары оқу орындарымен білім беру және мамандарды бірлесіп даярлау бойынша келісім жасалды. Жасанды интеллект саласында жыл сайын 100 стартап іске қосу бойынша міндет қойылып отыр.
Айжан ӨЗБЕКОВА