Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Цифрландыру салаға серпін беруде

Цифрландыру салаға серпін беруде
Ашық дереккөз
Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениет саласының дамуы – елдің өрлеуі, ұлттың өркендеуі.

Өркениетке қол созған елімізде егемендік жылдарында экономикалық өсіммен қатар, рухани құндылықтарды дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Заманауи жабдықталған мәдениет ошақтары салынды, түрлі бағдарламалар шеңберінде елдің мәдени білімін тереңдету, ең бастысы, саланың озық деңгейде дамуы қарастырылды. Әлбетте, өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Осы орайда төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасына бақ пен береке ұялаған, ақындық пен жыраулықтың ақ бесігі саналған облысымызда мәдениет саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан игі істер – ұлттық дәстүрді дамытып, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байытуды көздейді. Құндылықтарымызды заман көшіне сәйкес дәріптеп отырудың да маңызы жоғары. Сонымен қатар мәдениет, архив саласын цифрландыру да күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселенің бірі. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі кеңесте: «Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек», – деп атап өткен болатын. 

Президент тапсырмалары шеңберінде мәдениет, архив саласындағы цифрландыру көрсеткіштері жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» және «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобалары аясында өңірлік толықмәтінді электронды дерекқор мен кітапхана қорында жинақталған мерзімді басылымдар қорының электронды нұсқаларын жасау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.«Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобасы аясында дерекқорға 1 889 электронды толықмәтінді дерек енгізілді. Ал «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасы аясында жергілікті мерзімді басылымдардың 20 119 данасы цифрландырылып, өңірлік мерзімді басылымдар электронды дерекқорына енгізілді. 

Ағартушы, қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлихановтың мұрасын жинақтау, зерттеу, қордағы бар әдебиеттерді кітапхана оқырмандары арасында насихаттау мақсатында «Шоқан асулары» жобасы аясында 43 кітап цифрландырылды. Бүгінге дейін 63 жергілікті ақын-жазушымен авторлық келісімшарт жасалды. Осылайша ақын-жазушылардың 154 кітабы цифрландырылып, кітапхана сайтына орналасты.
Ал облыстағы мемлекеттік архивтермен 2013 жылдан бері 207 258 сақтау бірлігі, 20 226 198 парақ, яғни құжаттардың 21,2 пайызы цифрлық форматқа көшірілді. 2024 жылдың бірінші тоқсанында цифрлы форматқа 3 753 сақтау бірлігі, 415 414 парақ енгізілді. 

Осы ретте мәдениет саласын дамыту мақсатында өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Тараз қаласында облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы ашылды. Мемлекеттік мекеме өңіріміздегі айтыс өнерін, ақын-жазушылардың еңбектерін зерттеп, рухани өнерді дамыту мақсатында құрылды. Сонымен бірге «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы дәстүрлі түрде жалғасын тауып, сегізінші мәрте еліміздің түкпір-түкпірінен келген айтыскер ақындардың басын қосты. Сөз барымтасының нәтижесінде бас жүлдені жерлесіміз, жамбылдық ақын Қанат Мырзахан жеңіп алды. Жүлдені облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев табыстады. Ал павлодарлық Аспанбек Шұғатаев І орынды, жерлесіміз Дархан Әбдіманат жүлделі ІІ орынды еншіледі. Ал ІІІ орын жамбылдық ақын Алтынкүл Қасымбекова және Абай облысының намысын қорғаған Әсем Ережеқызына бұйырды. 

Жазба ақындардың шығармашылығын насихаттау ісі де назардан тыс қалып жатқан жоқ. 15 ақпан күні халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының бас жүлдегері, ақын Хамит Есаманның «Сағыныш» атты шығармашылық кеші өтті. Кеште ақынның «Фәни-Құбылыс» атты кітабының тұсауы кесіліп, Ұлықбек Есдәулет, Нұржан Қуантайұлы, Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржанов, Маралтай Райымбекұлы және Ерлан Жүніс сынды белгілі ақындар құрметті қонақтар қатарынан табылды. 

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Ел болып оқимыз» жобасы аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, қаламы қуатты ақын Шырын Мамасерікованың «Өлең құсы биіктерге самғаған ақын» атты кешін, «Жазушымен бір күн» жобасы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, талантты жазушы, қаламы қарымды журналист Көсемәлі Сәттібайұлының 65 жас мерейтойына орай «Көсемәлінің көркем әлемі» тақырыбында шығармашылық кешін өткізді. 

Жыл басынан бері атқарылған ауқымды іс-шаралар қатарында 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күніне орай өткен «Art & Science: білімге деген құштарлық» Jambyl book fest кітап фестивалін атап өткен жөн. Фестиваль барысында 4 ақын-жазушының кітабының тұсауы кесілді. Нақтысын айтсақ, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақтың «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати», ақын Мақсым Бохаевтың «Арал – әлем тағдыры», ақын Қуаныш Ауғанбаевтың «Құс көзіндегі сағыныш» және Нұржан Әліштің «Ақ қыз» кітаптарының лентасы қиылды. Мерекелік фестивальда кітап баспалары мен сауда үйлері өкілдерінің қатысуымен кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, әулиеаталық кітапсүйер оқырманға түрлі жанрдағы кітаптарды жеңілдікпен сатып алудың сәті түсті. Сонымен қатар «Оқуға құштар оқырман» кітап оқу марафонының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Яғни 2023 жылы ең көп кітап оқыған 12 оқырманға «Үздік оқырман» статуэткасы табысталды. Кітап фестиваліне Татарстандағы және Ресейдегі кітапхана саласында қызмет етіп жүрген мамандар арнайы қонақ ретінде шақырылып, олардың қатысуымен кітапханашыларға арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылды.Ақын-сазгер, ҚР Мәдениет саласының үздігі Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына орай «Жырла, жүрек» поэтикалық кеші «Баласағұн» орталық концерт залында жоғары деңгейде өтті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен облыстың 85 жылдығы аясында сатирик, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Жүз шымшыма...» атты республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалінде әр облыстан келген 14 халық театры өнер көрсетіп, өзара сайысқа түсті. Өнерпаздар Шона Смаханұлының шығармаларынан көріністер қойды. Халық театрларының республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалінде Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазылар алқасының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған сала мамандары өз бағасын берді. Фестиваль нәтижесінде әулиеаталық «Талас» халық театры бас жүлдеге лайық деп танылды. 

Басқармаға қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығының жыл басынан бері атқарып жатқан ауқымды жұмыстары мұнымен шектелмейді. Өңірдегі жас таланттарды іздестіру, үлкен сахнаға шығарып, өнеріне қолдау көрсету мақсатындағы «Жаңа есім» жобасы да биыл дәстүрлі түрде жалғасын тауып, үздіктер анықталды. Ауылдық, аудандық және облыстық іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, 4 номинация бойынша жеңімпаз деп танылған өнерпаздардың қатысуымен маусым айында «Жаңа есім» жобасының гала-концертін өткізу жоспарланып отыр.2024 жыл Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы үшін елеулі, мерейлі жыл болып отыр. Өйткені орталықтың ашылғанына биыл – 5 жыл. Орталық ашылғалы өңіріміздің көне тарихын зерттеуге, тануға бағытталған жұмыстар алға тартылып, халықаралық деңгейдегі тарихшы ғалымдармен байланыс орнатылды. Мәселен, күні кеше ғана әлеуметтік желілер мен ресми ақпараттық сайттарда кеңінен айтылған Ақтоғай петроглифтері де бірнеше жылдан бері мәдениет саласы мамандарының назарында болып келді. Бүгінгі таңда оны зерттеу, таныту бағытында нақты жұмыстар жүзеге асуда. 
Орталық қызметкерлерінің дайындауымен 2022-2023 жылдары жазушы, ұлт руханиятының абызы болған Шерхан Мұртазаның 1949-2012 жылдар аралығындағы күнделік жазбалары жүйеленіп, баспадан жарық көрді. Бүгінде 4 томдық кітап облыстық кітапхананың үйлестіруімен қалың оқырманға жол тартты.

Сан өнердің басын бір арнаға тоғыстырған театр, филармония және музейлердің тынысы да жыл санап ашылып келеді. Мәселен, 2024 жылы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония 80-нен аса концерт ұйымдастырып, 30-дан астам гастрольдік концерттер берді. Атап айтсақ, «Қоғамдық келісім» мекемесінде Алғыс айту күніне арналған «Алғысым – 
Отанға» атты мерекелік концерт берілді. «Баласағұн» орталық концерт залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында «Рақмет Ана!» атты мерекелік концерт көрермен назарына ұсынылды. 

Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай «Алатау» фольклорлық ансамблі концерт берді. Концертке филармония әншілерімен қатар Сүндет Байғожин, Ержан Максим қатысты. Игі шараға Кенен атаның ұрпақтары, ардагер ұстаз, әншi, Қазақстан Республикасының «Халық ағарту iсiнiң үздiгi», «Мәдениет қайраткерi» белгiсiнiң иегерi Төрткен Кененқызы, Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, белгілі қаламгер, аудармашы, сазгер, Қордай ауданының Құрметті азаматы Бақытжан Кененұлы, «Кенен» қорының басшысы, өнер шебері Мұхтар Бақытжанұлы, сонымен қатар аудан тұрғындары қатысты. Еліміздің бай мәдениетін, салт-дәстүрін және рухани құндылықтарын Оңтүстік Корея жұртшылығы арасында насихаттау, екі елдің достығын, түрлі салалардағы ынтымақтастығын нығайту бағытында Пусан Кимхэ қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығының қолдауымен «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесіне арналған ұлттық фестивальға облыстық филармония әртістері қатысты. «Кәусар» вокалдық ансамблінің хормейстері Мақсат Ділтан Жаманбаев атындағы хор дирижерлерінің ашық І республикалық «Алтын камертон» байқауының ІІ дәрежелі лауреаты атанды. 

А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры жыл басынан бері 90-нан астам қойылым сахналап, 12 513 көрермен қамтылды. Сонымен қатар Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу және Сарысу аудандарына гастрольдік сапармен барды. Театр ұжымы облыстың 85 жылдығы және 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай «Театр – халықпен бірге» атты мерекелік думанды кеш ұйымдастырды. Ерекше форматта өткен кеште театр әртістері облыстық кәсіподақ, ішкі кәсіподақ ұйымының, Қазақстан театр қайраткерлері одағының алғыс хаттарымен және Құрмет грамотасымен марапатталды. Айта кетейік, театр әртісі Айжан Атымтаева дәл осы одақтың «Дара» төсбелгісіне ие болды. Ал өзге әртістерге әртүрлі номинациялар бойынша диплом, статуэтка және қаржылай сертификаттар бұйырды. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры алдағы уақытта Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қойылымын, Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» мелодрамасын сахналауды жоспарлап отыр.

Облыстық орыс драма театры 2024 жылы Александр Володиннің туындысы негізінде сахналанған «С любимыми не расставайтесь» қойылымын, Лев Толстойдың «Анна Каренина» романының негізінде хореограф Вадзим Дубовикпен бірге қойылым қоюды жоспарлауда.Архив, кино, кітапхана, музей, дирекция қызметкерлері де саланың көкжиегін кеңейтуде. Облыс бойынша бүгінде 12 мемлекеттік архив жұмыс істесе, ондағы 4 585 қорда 964 238 сақтау бірлігі бар. Өңірде архив қызметінің барлық бағыттары бойынша белсенді түрде жұмыстар атқарылуда.Сарқылмас парасаттың сарайы саналатын кітапханалар қашанда адамды рухани байытып, өткен мен бүгінге алтын көпір орнатуда. Бүгінгі күні өңірімізде қызмет етіп отырған 274 мемлекеттік кітапхана ауқымды істер атқарып, игі шаралардың ұйытқысы болуда. 

Алдағы айларда облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап өтер болсақ, облыстың 85 жылдығына арналған «Көне Тараз күмбірі» ІІІ республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсы, танымал музыканттар мен белгілі әншілердің қатысуымен «Күзгі әуен» классикалық өнер кеші, халық ақыны, жырау, дүлдүл әнші, көрнекті композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Кененнің ізбасарлары» атты І республикалық өнер фестивалі ұйымдастырылады.
«Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рақатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» демекші, мәдениетсіз қоғам болмайды. Бұл бағытта атқарылып жатқан әрбір игі іс адам баласының жандүниесін байытып, сезіміне шуақ сыйлап қана қоймай, санасын серпілтіп, ізгілікке бастайды. Себебі қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ерен, қоғамдағы рөлі зор.

Мемлекетіміз де осы салаға көңіл бөліп, ауыл-аймақтардың мәдени өмірінің жандануына күш салып келеді. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – саланың тынысын кеңейтіп, сенім үдесінен шығу. Өйткені мәдениеті биік елдің мәртебесі жоғары. 


Ерлан Жүнісбай,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар