Міне, сондай заманның өзінде адамдар кітап оқуға да, кітапханаға баруға да уақыт табатын. Қай салада еңбек етсе де кітап оқымайтындар кемде-кем еді. Тіпті ұжымшар, кеңшардағы трактор, машина, тағы басқа көлік жүргізушілерінің кабиналарында және малшылардың қоржындарында кітап жүретін. Сондай-ақ ол кезде барлық отбасы газет-журналдарға жазылатын. Жұмыстан кейін кешкісін немесе демалыс күндері ауыл тұрғындары бас қоса қалса, оқыған кітаптары туралы айтып отыратын және бір-бірімен кітап алмасып жүретін. Олардың қастарында отырған біздер, балалар үлкендердің әңгімелерін қызығып әрі ұйып тыңдайтынбыз. Содан да шығар, сол кездегі жас буындардың да кітапқа деген қызығушылығы оянып, оқу-білімге құштарлықтары арта түскені. Оның үстіне бұрын тек мемлекеттік баспалар мен баспаханалар ғана болатын. Қай елде болсын кітаптардың барлығы көркемдік кеңестен өтіп барып шығатын. Бәлкім, сондықтан да сол кездегі қаламгерлердің оқырмандарға сапалы дүние ұсыну мақсатымен талмай ізденісте жүріп жазған шығармалары қызықты әрі тартымды болып, көңілімізге ұялап қалды деп ойлаймын. Қазір біздің елдегі әдебиет пен өнердің қай саласына да сондай шынайы көркемдік кеңес жетпей тұрған сияқты.
Сондай-ақ сол кездегі ұстаздар да балаларды түрлі жолдармен кітап оқуға қызықтыра білетін. Қай пәннің мұғалімі болсын сабақ өткізіп немесе оқушылардың болашағына керекті мағынасы зор әңгіме айтып жатқанда сүйсініп тыңдайтынбыз. Әрі ұстазға деген құрметіміз сонша, қазіргі оқушылардай сабақ үстінде телефон түгіл, терезеге қарауға мүмкіндігіміз болмайтын және ұятымыз да жібермейтін. Шыны керек, ол кезде сыйлайтынымыз бөлек, мұғалімдерден қорқатынбыз да. Ал қазір ше? Ол енді бөлек әңгіме.Ұстаздарымыз күнде болмаса да кей кезде сабақтың соңында 10-15 минут уақыт арнап, өздері оқыған кітаптары жайлы әсерлі әңгімелей келе, бізді кітап оқуға шақырып, әйгілі тұлғалардың кітап туралы өлеңдері мен қанатты сөздерін, мақал-мәтелдер айтып отыратын. Және «Көп оқыған білмейді, көп тоқыған біледі» деп Төле би бабамыз айтқандай, кітапты оқып қана қоймай, оқығанды көңілге ықыласпен тоқи білу керектігін де түсіндіріп өтетін.
«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деп Әл-Фараби айтпақшы, шәкірттерге тәрбие мен білім беруден жалықпай, мектептен тыс шаруалардан да шаршамай жүретін және ұстаз деген ұлы есімге лайық бола білген, әсіресе қазіргідей қалаға қашқақтауды білмейтін, елмен бірге гүлдейтін, қарбаласы мол ауылдардағы қайран ұстаздарымыз-ай...
Ал енді алғашқы оқыған кітабыма келетін болсам, мен туып-өскен шуақты Шу ауданы, Ақтөбе ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте оқу жылының соңында, яғни «Соңғы қоңырау» салтанатында сабағы мен тәртібі жақсы және мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан оқушыларға грамоталармен қоса, түрлі сыйлықтар немесе кітаптар берілетін.
Әлі есімде, 4-сыныпты тәмамдап жатқан кезімде алғашқы ұстазым Жұмакүл Жұмабайқызы Дүржанова маған грамотамен бірге «Шайтанқұмда жоғалған бала» атты кітапты қолтаңбасымен сыйға тартты. Авторы физик жазушы Рысбек Баймаханов. Жазушының қаламынан туған ғылыми- фантастикалық шығарма тоғыз бөлімнен тұрады. Әр бөлім әртүрлі оқиғалар мен деректерге толы. Автор мұнда адамгершілікті, әділеттілік идеяларын сөз етеді. Кітап 1978 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген. 141 бет. Бағасы – 40 тиын. Сол кездегі ұстаздар кітапты жай ғана бермейтін. «Үш ай каникулда осы кітапты, лажы болса өзге де әдеби шығармаларды оқып, мектепке келгенде сол туындылардың не туралы екенін және қайда барғандарыңды, не істеп, не көргендеріңді бізге айтып бересіңдер» дейтін.
Біз алтын күзде сөмкемізді ғана емес, ұстаздар мен мектепке деген сағынышымызды да арқалап келген жаңа оқу жылының алғашқы күндері сынып жетекшіміз жаңағы айтқандары жөнінде диктант жазғызатын. Диктанттарымызды жинап алған соң үйіне апарып, асықпай оқып шығып, келесі күні бізге ризашылығын білдіріп, рақметін айтатын. Және жылы лебізге толы ізгі тілегін арнап, бізді одан сайын шабыттандыратын, қанаттандыратын.Бәлкім, сол ұстаздарымыздың оң ықпалынан кейін менің және кейбір замандастарымның кітапқа деген қызығушылығымыз оянып, кітапсүйер жандардың біріне айналдық. Менің кітап оқуыма тағы бір себеп, ағаларым мен әпкелерімнің кітап оқитындықтары. Кейде жұмыстан қолдары босамай жатса, кітапханадан немесе біреуден алған кітаптарын маған апартқызатын. «Апарған соң саған орнына мынандай кітап беріп жібереді» деп сұраған кітаптарының аттары мен авторларын айтып түсіндіретін.
«Жақсының шарапаты тиеді» демекші, мүмкін маған кітап деген киелі де құнды дүниені тасып жүрудің арқасында сол кісілердің ізгі қасиеттері жұғысты болған шығар.
Содан бері облысымыздың ғана емес, Алматы облысындағы бірнеше кітапханалардың да тұрақты оқырманымын. Кейде уақытым болса кітап дүкендерін аралап, әр жанрдағы жаңа кітаптарды алып тұруды да әдетке айналдырғанмын. Мен кітапты оқып қана қоймай, барынша көңілге тоқуға да тырысамын. Және кітаптар мен газет-журналдар арқылы білгендерімді ішімде жасырып қалмай, жүрген жерімде айтып та жүретінім бар.
Бөлмем кітапқа толып кеткен соң оқылған кітаптарымды сарайдағы сандығыма салып қойған едім. Жуырда бір кітап керек болып, сол жерден іздеп едім, арасынан алғашқы оқыған әлгі кітабым қолыма іліне кетті және көзіме оттай басылды. Біраз парақтап қарап тұрдым да үйге алып барып, бір күні арнайы уақыт бөліп қайта оқып шықтым. Жай ғана оқып қойған жоқпын. Қайта келмес ең бақытты шаққа ой-қиялмен саяхат жасап, балдай тәтті бала ғұмырдың әрбір сәулелі сәттерін көз алдымнан өткізіп отырып оқыдым. Оқып болған соң сағыныш құшағына ендім. Шіркін, ол бір өмірдегі армансыз әрі алаңсыз күндеріміз екен ғой. Сол бір ерке кездеріміз бүгін ертегі секілді.
Одан кейін өмірден өткен ұстаздарым мен бірнеше сыныптастарым еске түсіп, жүрегімнің ауырғаны-ай...
Мен осы алғашқы оқыған кітабымды сыйлыққа алғаннан кейін қанша жыл өтсе де әлі сол тап-таза, жаңа қалпында тұр. Әлде мен кітапты ұқыпты ұстап, құрметпен қарайтын болғандықтан ба екен?
Дегенмен «Адам қартайса да сурет пен кітап қартаймайды» деген рас шығар.Міне, мен содан бері, яғни әдеби кітаптар оқып бастағалы кітапты айнымас дос, адастырмас ақылшы, үнсіз тәрбиеші санап келемін. Және У.Шекспирше айтатын болсам – «Кітап маған тақтан да қымбат».
Ал сіздің ең алғашқы оқыған кітабыңыз есіңізде ме, құрметті оқырман?
Бақытжан Әліқұлов,
ақын-журналист
Цифрландыру салаға серпін беруде
Ұқсас жаңалықтар
Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда 180 құзыреттілік орталықтары ашылды
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024