Аудандық ветеринария бөлімінің негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикалау, вакцинациялау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін анықтау. Қазіргі таңда ауданда 44 930 мүйізді ірі қара, 363 021 уақ мал, 24 264 жылқы, 54 түйе, 1 997 шошқа тіркелген.
Баяндамашының айтуынша, мемлекеттік тапсырыс бойынша 2024 жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес орындалуда.
– Аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстарына осы жылғы жоспар бойынша 2 308 650 манипулияция, 16 аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы екпе жұмыстары жасалды. Жыл басынан бері жоспар бойынша 666 410 вакцинация жүргізілді. Бруцеллез ауруын анықтау мақсатында 151 210 ауылшаруашылығы жануарынан қан сынамасы алынып, диагностикалық тексеруден өтті. Нәтижесінде 24 бас малдан оң нәтиже анықталып, ауру жануарлар «Рамазан» жеке кәсіпкерлігінің мал сою пунктіне өткізіліп, қайта өңдеуге жіберілді. Зертхана қорытындысымен оң нәтиже берген жануарлар ережеге сәйкес 15 күннен аспайтын мерзім ішінде жақ немесе сауыр аймағында «Б» әрпін таңбалау әдістерімен белгілеп, уәкілетті орган қатысуымен құрылған комиссиямен оқшауланып және санитариялық союға жіберілді. Әрі қарай қайта өңдеу цехтарына өткізіледі. Ауданда 63 859 ауылшаруашылығы жануары бірдейлендірілді, – дейді Төрехан Сарықпайұлы.
Сонымен қатар аудандағы 7 елді мекенде 9 Сібір жарасы ошағының көміндісі орналасқан екен. Баяндамашының айтуынша, Сібір жарасы көмінділері ветеринариялық талаптарға сәйкес қоршалған, бетондалған, ал тақтайшаларда аурудың тіркелген жылы, айы жазылған. Ақбастау мен Өрнек ауылдық округтерінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталыпты.
Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ