Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мамандық таңдауға мән беру қажет

Мамандық таңдауға мән беру қажет
ашық дереккөз
Жан-Жак Руссоның «Педагог болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» дегеніндей, ұстаз тек шәкіртіне білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше мейірімділікті қажет ететін мамандық – педагог.

Мамандық – адамның белгілі бір қызмет атқаруына мүмкіндік беретін материалдық және рухани өндірісте алған білімі мен өмірлік дағдысының жиынтығы. Жас буынның болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ықпал етудің маңызы күннен-күнге артып келеді. Қазір уақыт еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау, өз мамандықтарын жетік меңгерген, кәсіби-педагогикалық біліктілік деңгейі жоғары, рухани тұрғыдан дамыған, білім беру саласындағы заманауи процестерді жүзеге асыруға қабілетті, тұрақты кәсіби өсуге дайын, білікті педагог даярлау мәселесіне жаңа тұрғыдан қарауды талап етеді. 
Еңбек нарығында ақпараттық-коммуникативтік құзыреттілікті терең меңгерген мамандарға сұраныс жоғары болғандықтан ғылыми-техникалық ақпараттың көлемі де өлшеусіз өсуде. Соның дәлелі ретінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогикалық психология» кафедрасының профессор-оқытушылары Тараз қаласындағы педагог-психологтармен, түлектермен кәсіби бағдар жүргізу мақсатында іс-шаралар ұйымдастырып, жоғары дәрежеде өткізіп келеді. 

Атап айтсақ, өңірлерде дуальдік жүйені жетілдіру мақсатында «Дуальді білім беру ортасы» атты коллаборациялық диалог алаңы барысында «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының психолог маманы, қала мектептерінің педагог-психологтарының қатысуымен семинар, №31 мектеп түлектерімен «Табысты қызмет формуласы», №29 мектеп түлектерімен «Ғылыми ізденіс: кеше және бүгін» атты ғылыми дискуссия, Жамбыл индустриалды- технологиялық колледжінің түлектеріне «Болашаққа қадам», С.Нұрмағанбетов атындағы №10 мектеп түлектеріне «Болашағым – мамандығым» тақырыбында семинар-тренингтер өтті.

Осындай іс-шаралар барысында мектеп оқушылары мен колледждің білім алушыларына университет туралы жан-жақты мағлұмат беріліп, мамандық таңдау кезіндегі кеңестермен ой бөлісті. Ең бастысы, адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт екендігін жан-жақты түсіндірді. Колледж, мектеп түлектері өздерін қызықтыратын білім беру бағдарламалары бойынша сұрақтар қойып, нақты жауабын ала алды. 
Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми ой-өрісі озық, заман талабына сай маман даярлау – біздің парызымыз.

Патима МАХАШОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы 
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар