Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Орман өртінің алдын алу-Басты назарда

Орман өртінің алдын алу-Басты назарда
ашық дереккөз
Өткен жылы орман қоры жерлерінде 7 орман өрті оқиғасы тіркеліп, барлығы 1 474,87 гектар алқап отқа оранған. Орман өртінен келген шығын – 1 миллион 360 мың теңге.

Айта кетерлігі, 2 орман өрті адамдардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауынан орын алған. Аталған азаматтарға айыппұл салынып, табиғатқа келтірілген залал өндірілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев айтты.

– Былтыр ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орманшаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес облыста өрт қаупі бар маусым 20 наурыздан бастап 13 қараша аралығында белгіленді. Нәтижесінде өңірде 11 154,5 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасалып, тапсырма 100 пайызға орындалды.
Өткен жылы облыстық бюджеттен орманшаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын толықтыру мақсатында 280 миллион теңге қаржы қарастырылып, қажетті техникалар мен агрегаттар алынды. Тарқатып айтсақ, 9 трактор, 7 автокөлік, су соратын 10 мотопомпа, 40 рация, 
3 жылжымалы вагон үйі, дискілі тырма және тағы басқа да агрегаттар пайдалануға берілді. 
Биыл тиісті комитеттің нұсқауымен облыста мемлекеттік орман қорын тілсіз жаудан қорғау және алдын алу маусымы 20 наурыздан бастап белгіленді. Осыған байланысты орман қорындағы орманшылықтарда 26 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтірілді. Сонымен қатар 55 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылды. Өрт қаупі маусымы жоғары кезеңде қосымша 6 бекет қойылады, – деді Олжас Елебекұлы.


Баяндамашының айтуынша, орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шара жоспары бойынша 11 154,5 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары сәуір-мамыр айларына жоспарланған. Бүгінге дейін 4 380 шақырым жолаққа күтім жасау жұмыстары жүргізілген. Орман қорын күзету және патрульдеу үшін өртке қарсы техникалар жанар-жағармаймен толығымен қамтамасыз етіліпті. 
Сонымен қатар өрт қауіпті маусымында облыстың 3 миллион 48 мың гектар орман қорында Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының 1 ұшағы мен 1 тікұшағы арқылы әуеден бақылау-мониторинг жұмыстарын жүргізілді.
– Қазіргі уақытта мекемелер бойынша орман қорғау қызметкерлерінен өртсөндіруші топтарда 305 адам және бірінші, екінші орман өртін сөндіру стансаларында 352 өрт жасақшыcы құрылған. Өрт сөндіру жасақшылары 100 пайыз нысаналы киімдермен қамтамасыз етілген және арнайы оқудан өтіп, сертификат алды.
Аймақтағы өрт сөндіру стансалары да маусымдық кезеңге дайын. Атап айтқанда, 5 өрт сөндіру автокөлігімен, 12 Уаз-АЦ-0,9 маркалы кіші кешенді өрт сөндіру автокөлігімен, 66 әртүрлі маркадағы МТЗ тракторы соқаларымен және 15 жартылай тіркемелі 3 және 5 тонналық өрт сөндіргіш әмбебап цистерналармен жабдықталған.
Биыл материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 280 миллион теңге қаражат қарастырылып, өртке қарсы техникалар, патрульдік автокөліктер мен агрегаттар сатып алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 
Бүгінгі таңда орманшаруашылығының материалдық-техникалық, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі 78 пайызды құрап отыр. Алайда 25 пайыз техника ескірген және есептен шығаруды қажет етеді, – деді Олжас Елебекұлы.
Мұнымен бірге облыс әкімінің 2024 жылғы 12 сәуірдегі «2024 жылдың өрт қауіпті маусымында облыс аумағында өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №92 қаулысы қабылданған. Сонымен қатар облыстың мемлекеттік орман қоры аумақтарын және оларға іргелес орналасқан ауылдық округ жерлерін өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз ету, өрттің алдын алу жөніндегі 2024 жылға арналған бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспары жасалған екен. 
Жоспарға сәйкес әр ауданда мемлекеттік орман қоры аумағында және оған шекаралас ауылдық округ жерлерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өртке қарсы қызмет және төтенше жағдайлар бөлімдерімен бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспары аудан әкімдерімен бекітіліпті. 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар