Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шыңбұлақта өткен шығармашылық кеш

Шыңбұлақта өткен шығармашылық кеш
ашық дереккөз
Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты Шыңбұлақ ауылдық клубында әріптесіміз, ақын, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Нұржан Әліштің «Ауылға сағыныш» атты шығармашылық кеші өтті. Сондай-ақ ақын Т.Рысқұлов атындағы №24 орта мектептің оқушыларымен кездесті.

Шығармашылық кешті Шыңбұлақ ауылдық клубының меңгерушісі Айман Ортаева ұйымдастырса, аталған мәдениет үйінің мамандары Балжан Сәрсеқұлова мен Сания Нұрымбетова іс-шараның жақсы өтуіне атсалысты.

«Біздің ауыл мықтылар туған мекен, 
Ұлы өлкеде тумайды ұлдар бөтен», деп жырлаған ақын Нұржан Әліш кездесу барысында оқушыларға өзінің өлеңдерін оқып, жастарды кітап оқуға үндеді. Сондай-ақ алғашқы жыр жинағы «Аққыз» кітабының анасына арналғанын айтты. Іс-шара барысында оқушылар ақынға сұрақтарын қойса, ұстаздар «Ақ орамал», «Киелі бесік», «Өнер мен жендет» атты шығармаларын жатқа оқыды. 

– Меркі ауданы туған жерім болса, Жуалы ауданында өсіп-өндім. Сіздер сияқты ақпейіл жұрттың арасында жүріп менің ақын болмауымның өзі күнә болатын еді. Сондықтан өмірде қандай да бір жетістікке жетсем, артында сіздердің ықылас-пейілдеріңіздің жатқаны деп түсінемін, – деді Нұржан Науатбекұлы.
Сонымен қатар кеш барысында Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біләнқызы да сөз сөйлеп, Нұржанның бала кезінен көз алдында өскенін айтып, ақындық қырынан бөлек, адамгершілік қасиетіне де айрықша тоқталды. Ал орталықтың әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Досмырзаева Нұржанның бұрынғы әріптесі екенін жеткізіп, оның өлеңдерінде қазақы тәрбиенің қалпы сақталып тұратынына, оқыған адамды ойландыратын қасиет бар екеніне тоқталды.

«Аққыз енді күлімдейді. Күлмеді,
Күлкісіне қарыз көкте күн де енді.
Жалған дүние жылатуды білгенмен,
Қуантуды, күлдіруді білмеді», деп жырлаған Нұржан Әліш халқына деген ризашылығын жырмен білдіріп, кездесу кешін аяқтады.
Кеш соңында ұйымдастырушылар ақынға шапан жауып, зор құрмет көрсетіп, естелік суретке түсті. 

 

                                                                                                                                                                                                                                                                         Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар