Биыл «Дөңгелектегі емхана» өз жұмысын су тасқынынан зардап шеккен батыс өңірлерден бастайды. Жалпы 147 шалғай ауыл қамтылып, 90 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсету көзделіп отыр. – Жобаның арқасында стансалар мен оған іргелес елді мекендердегі көптеген тұрғынның білікті дәрігерлерден консультация алуына мүмкіндік жасалып отыр. Биыл алғаш рет маммограф сатып алынды, оның қызметтері де халыққа қолжетімді болады. Пойыз жұмысына 14 арнайы маман қатысады. Осылайша пойыз қызметінің арқасында адамға тиімді көмек көрсетуге болатын патологияны ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артып келеді, – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев медициналық пойызды шығарып салу рәсімінде.
Дәрігерлік бригаданың құрамында терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы практика дәрігері, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, онколог-маммолог, гинеколог және уролог медициналық көмек көрсетеді. Консультациялық-диагностикалық көмектен басқа, медициналық пойыз мамандары шағын операциялар жүргізіп, стационарларға жоспарлы емделуге жолдама бере алады.
Айта кету керек, аталған пойыздың қозғалыс кестесі шалғайдағы стансаларда медициналық пункттердің болмауын ескере отырып, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттік органдар өтініштерінің негізінде әзірленді. Медициналық бригада дәрігерлері әрбір стансада орта есеппен 1-2 күн болады.
– «Саламатты Қазақстан» пойызы – бірегей жоба. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жобаға жан-жақты қолдау көрсетуі маңызды. Медициналық консультациялар мен диагностика жүргізуден басқа, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына медиациялық-құқықтық және психологиялық көмек те көрсетіледі. Сонымен қатар дауларды шешу, өтініштерді қабылдау, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша шаралар қабылдануда, – деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
2010 жылдан бастап медициналық пойыздар еліміз бойынша 1991 стансаға барып, 658 407 адамды қамтыды. Оның ішінде 142 660 бала зерттеліп-қаралды. Бұл тұрғыда 29 мыңға жуық шағын амбулаториялық операция жасалып, 169 мың тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетілді. Әлеуметтік жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының әріптестігі аясында іске асырылады.
Брифинг