Құрметті Сәду жолдас! Қазақ халқы сіздің Днепр өзенінен ерлікпен өтіп, сол өзеннің сол жағасында күшті плацдарм құрудағы патриоттық іс-әрекеттеріңізді естіп, көл- көсір қуанышқа кенелді. Біз Сізді және қазақ халқының басқа да айбарлы, даңқты ұлдарын батырлығы үшін алған лайықты атақ-дәрежелерін мақтан етеміз. Қазақстанның ғалымдары мен зиялы өкілдері майданға керекті республикамыздағы табиғи-ресурстарды игеруге барлық күш- жігерлерін арнап келеді. Қазақстан – қазіргі кезеңде Одақтың майданға жіберілетін металл, жанар-жағар май, қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлік, т.т. маңызды базаларының бірі. Қазақстанның тылдағы жұмысшыларының үлкен де ерлікке толы еңбектерінде әкелеріміз бен аналарымыздың, қазақ ғалымдарының үлкен үлестері бар. Ғалымдар мен зиялы жұртшылық өкілдері Сіздің майдандағы ерліктеріңізден қуат- күш алып, Қазақстанның барлық материалдық және идеологиялық ресурстарын зерттеуде өздерінің қажыр-қайратын жұмсап, біздің республикамызды қару-жарақ пен оқ-дәрінің сарқылмайтын арсеналын және майданға қажетті азық-түліктің мол қорын жасауда. Құрметті Сәду, Сізден өтінерім: біздің ыстық құттықтауымызды қабылдап, өзіңіздің барлық достарыңызға ағайындық- туысқандық сәлем жолдаңыз. Сізге денсаулық, келешекте де жауынгерлік ерліктер тілейміз. Фашистік жауыздарды біздің қасиетті жерімізден тазалап, мәңгіге қуыңыз!
КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы Президиумының төрағасы, КСРО ҒА-ның мүше- корреспонденті Қ.И.Сәтбаев. 1943, 28-желтоқсан».
Сәду Шәкіров одан кейін де Беларуссия, Польша, Германия жерінде талай мәрте ерлік жасады. Соғыс аяқталған соң басшылық оны Ленинград (қазіргі Петербург) қаласындағы әскери училищеге курсант етіп жіберді. Ол оқуды бітірген соң ірі әскери қолбасшыға дейін өсер ме еді? Бірақ елде қалған әкесі Шәкір мен анасы Әнипаның «Елге қайт, балам» деген тілегінен аса алмады. Әрі 1944 жылы туған жерге демалысқа келгенде сөз байласқан болашақ жары Үмітжанның да тілегін орындады. Аңыз етіп айтушыларға қарағанда Сәду аға мен Үмітжан жеңгенің арасындағы сезім қиссаларда жырланатын Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббатынан еш кем емес. Үмітжан да текті жердің қызы. Көрікті, ақылды, асыл ана бола білді. Жан жарының абыройын асырды. Екеуі он ұл-қыз өсірді. Айтпақшы, баласы Сәду Днепрде жан беріп, жан алысып жатқан уақытта анасы Әнипаның көктемге салым Талас өзенінде суға кетіп қала жаздаған 3 әйелді жанкештілікпен құтқаруы да нағыз ерлікке пара-пар әрекет еді. Сәду Шәкіровтің өмірбаянына үңілсек, еңбек жолын Ақкөл ауылында қатардағы жұмысшы болудан бастап, Ақөзек селолық советі атқару комитетінің төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Алматы Жоғарғы Партия мектебінің тыңдаушысы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы сияқты қызмет жолынан өтті. Содан Шу ауданында ұзақ жыл бойы партия, совет қызметтерін атқарды. Сол жылдардағы оның ерен еңбектері бағаланып, «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды. Еңбектен қол үзбей жүріп Абай атындағы педагогикалық институтын тәмамдады. Өзі алымды, өзі білімді Сәдудің аудандық деңгейде қызмет атқаратын жөні де бар сияқты. Бірақ ол «Батырмын» деп кеудесін қақпай, «қызмет бер» деп есік жағалап өмір сүруді ар көрген текті азамат. Талас ауданының Құрметті азаматы Тыныс Сейдуанов Сәду ағасы жайлы естелікпен бөліскен еді. Сонау Жезқазған облысында бір ауданда мал дәрігері болып қызмет атқарып жүрген жылдары Жамбыл облысының Шу ауданына қызметке ауысады. «Ауданға келісімен Шәкір көкем, Сәду ағам жайлы халықтың мақтауын естіп, арнайы барып сәлем бердім. Шәкір ақсақал көпті көрген абыз еді. Ал ағамыз болса бір ауданның еркесі сияқты. Салған жерінен мені өзімсініп, бауырына тартты. Маған ұстаз болды. Тағдыр маған ол кісі өмірден кеткен соң ағамыз еңбек еткен шаруашылықта партия комитетінің хатшысы қызметін атқаруымды бұйыртты. Ол елде «Сәду айтқан» деген сөздер ел аузында көп айтылады» деді Т.Сейдуанов. Осы мақаланы жазу барысында Сәдудің қайын жұрты болып келетін сарысулық ағайынды Мамановтардан әдемі естеліктер естіп, масаттанып қалдық. Олардың айтуынша Сәдудің әйелі Үмітжан апалары 10 ұл-қыз тапқан батыр ана. Жезделері Сәду жүрген жерін думанға бөлейтін ғажайып адам болған. Суырыпсалма ақындығы бар, домбырамен қазақтың халық әндерін тамылжыта орындайтын әншілігін айтсаңызшы дейді олар. Сарысу ауданына келгенде халық «Батыр» деп құшақ жая қарсы алып, төбелеріне хан көтереді екен. Сонау 1995 жылы жарық көрген шулық журналист Ахметжан Қосақовтың «Ар әмірі» деген кітабында Сәдудің айтқан семсер сөздері молынан келтірілген. Міне, сол қазақтың біртуар ұлы, кешегі қанқұйлы соғыста Кеңес Одағы Батыры атағын алған 100 қазақтың бірі һәм бірегейі Сәду Шәкіровтің 100 жылдығын тойлауға Талас елі жан-жақты дайындалуда. Ауданда батырдың атында бір ауыл, бір мектеп және бірнеше көше бар. Оның есімі Шу ауданында да ұлықталған. Қазақ-қырғыз шекарасында батырдың есімімен аталатын застава да бар екенін айтайық. Өкінішке қарай батырдың есімі бүгінгі жастар арасында көп насихаттала бермейді. Әйтпесе оның өмірі елді, жерді сүюдің эталоны екендігі анық. Бір сөзбен айтқанда оның аңыз адам екені ақиқат.Сәулембай Әбсадықұлы, Талас ауданының Құрметті азаматы