Сөзімізге дәлел, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Қазақстанды IT- елге айналдыруды тапсырған болатын.
Мемлекет басшысы: «Білесіздер, мен цифрландыру мен инновация мәселелеріне ерекше көңіл бөлемін. Біздің алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр – Қазақстанды IT-елге айналдыру. Цифрландыру саласындағы жетістіктеріміз бар – біз электронды үкімет пен финтех даму индексі бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарындамыз.
Үкіметтің жаңа міндеті – 2026 жылға қарай IT қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу. Бұған ірі шетелдік IT-компаниялармен бірлескен кәсіпорындар ашу жәрдемдеседі. Үкімет бұл мәселе бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар енгізуі керек», – деді өз Жолдауында.
Президенттің тапсырмасы шеңберінде бүгінгі таңда облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап өтер болсақ, Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында, техникалық шығармашылық орталығында және өзге де қосымша білім беру мекемелерінде робототехника, IT саласы бойынша жас жеткіншектерге білім берілуде. Сондай-ақ осы бағытта түрлі үйірмелер, көптеген мектепте робототехника сыныптары ашылған.
Одан бөлек салада көптеген жарқын жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының офис менеджері Арайлым Валихан жолдасымен бірге «Kids-Hub 08» онлайн бағдарламалау мектебін ашуды жоспарлап отыр. Ойға алған ісін жүзеге асыру үшін өткен жылдың соңында облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсында бағын сынап көрген. Сөйтіп, жобасы қолдау тауып, «Ақпараттық технология» бағыты бойынша жеңімпаз атанып, грант ұтып алады. Арайлымның айтуынша, бағдарламалау мектебін ашу туралы ой іні-сіңлілерінің гаджетке, ұялы телефонға жіпсіз байлануы немесе компьютер алдында ұзақ отыратынын көргеннен кейін туындаған. Сол себепті «балалар телефонға телміріп уақытын текке кетірмей, онлайн бағдарламалау тілін оқып алса екен» деген ниетпен жобасын қолға алған.
– Былтыр Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды стратегиялық міндеттердің бірі – елімізді ІТ-мемлекетке айналдыру екендігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегенімізді атап өтті.
Осы орайда «Kids-Hub 08» онлайн бағдарламалау мектебі балаларға ақпараттық технологияның қыр-сырын оқытып, болашақ мамандығын таңдауға үлес қосады. Жобаны жүзеге асыру үшін берілген грант қаржысына 6-14 жас аралығындағы оқушыларға бағдарламалау тілі, сайт даярлау, мобильді қосымшалар жасауды үйретеміз, – деген Арайлым Валиханқызы әзірге 30-50 оқушыны қабылдауға мүмкіндіктері бар екенін жеткізді.
Қазір бала күтіміне байланысты үйде отырған кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – география пәнінің мұғалімі. Ал Арайлымның жолдасы бағдарламалаушы болғандықтан балаларды оқытуда басы-қасында өзі жүріп, көмегін көрсетпек. Сондықтан бұл істі отбасылық жоба деп атауға да болады.
– Жоба 6 ай мен 1 жыл аралығында жүзеге асады. Осылайша ІТ салаға жасөспірімдердің қызығушылығын арттыра аламыз деп ойлаймыз. Ең бастысы, болашақта осы мамандық бойынша жалпы біліммен жоғары оқу орындарына түсуге көмектеседі. Жобамыз сәтті жүзеге асып жатса, цифрлық әлем көшбасшыларын дайындап, облысымыздан болашақ Стив Джобс пен Билл Гейтстерді шығарғымыз келеді, – дейді А.Валихан.
Бір ескерте кетерлігі, грант ретінде берілген қаражатқа тек онлайн бағдарламалау мектебін ашуға болады екен. Алдағы уақытта жоба тиімділігін дәлелдеп жатса, IT орталық ашуды жоспарлап отыр.
Білім беру онлайн түрде жүреді. Әлеуметтік желілерде «Kids-Hub 08» атауымен канал ашып, сонда видеосабақтар өткізеді. Және оқушылардың білімді қай деңгейде меңгергенін жіті қадағалап отыратын болады. Өкініштісі, бұл мүмкіндікті тек Тараз қаласында тұратын балалар пайдалана алады. Шалғай ауылдарда интернет байланысы нашар ұстайтындықтан ондағы жас жеткіншектер аз қамтылуы мүмкін.
– IT – коммуникациялар мен ойын-сауықтан бастап, бизнес пен ғылымға дейін өміріміздің барлық салаларына еніп жатыр. Ол бізге ақпарат алмасуға, процестерді автоматтандыруға және жаңа өнімдер мен қызметтерді жасауға мүмкіндік береді. Компьютер, смартфон, интернет, жасанды интеллект, бұлттық технологиялар және блокчейн – мұның бәрі ІТ саланың бөлшектері.
Қазір сан салаға жасанды интеллект дендеп енуде. Ол кең таралған процестерді автоматтандыру, медицина, қаржы, көлік және өзге де түрлі салаларда кеңінен қолданылады. Ол мәліметтер негізінде білім алатын және шешім қабылдай алатын жүйелерді құруға мүмкіндік береді.
Салада деректер мен қосылған құрылғылардың көлемі ұлғайған сайын кибершабуылдар қаупі артып жатыр. Демек, жеке ақпаратты қорғау маңыздырақ болып барады. Білікті мамандардың жетіспеушілігі даму мен инновацияны бәсеңдетуі мүмкін. Сондықтан біз жүзеге асырғалы отырған жобаның маңызы өзекті.
Инновациялар және жаңа мүмкіндіктер, яғни IT сала біздің әлемді өзгертуді, жаңа өнімдер мен қызметтерді жасауды, тиімділікті арттыруды және өмірімізді жақсартуды жалғастыруда. IT саланың қарқынды дамуы біздің болашағымызды қалыптастырады. Сондықтан осы салаға бейімделіп және жаңашылдыққа дайын болуымыз керек. Онлайн мектебімізде осы талаптарға сай келетін жас мамандар даярлап шығаратын боламыз, – деп түйіндеді сөзін А.Валихан.
Шындығында, болашақта барлық мамандық IT саламен байланысты болады. Соған орай әрбір адам математиканы білгені сияқты, яғни бағдарламалау негіздерін де білуі керек.
Жалпы елімізде соңғы үш жылда IT мамандарына арналған бос жұмыс орындарының саны артып келеді. Бірақ нарықта тәжірибиелі мамандар әлі де тапшы. Тәжірибелі IT мамандарын табу үшін жұмыс берушілер оларға басқа саладағы қызметкерлерден әлдеқайда жоғары жалақы төлеуге дайын. Осылайша елімізде IT мамандарға сұраныс артқан заманда онлайн бағытта болса да бағдарламалау мектебін ашып, білікті шәкірт тәрбиелеуді мақсат еткен кейіпкеріміздің бастамасы құптарлық іс.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ