Әсіресе қыр-қырға қаулай шыққан қызғалдақтар ұлы даламызға ерекше ажар беріп, көрген жанның көңілін толқытпай қоймайды.
Дүниежүзі ғалымдарының айтуынша, қызғалдақтар алғаш рет біздің заманымызға дейін 15 миллион жыл бұрын пайда болған. Флористердің зерттеулеріне сүйенсек, елімізде қызғалдақтың 64 жабайы түрі бар екен. Ал облысымызда «Қызыл кітапқа» енген Кауфман, Грейг қызғалдақтарынан бөлек, Островский, Регель, Альберт, Колпаковский, Леман, Зинаида, Бем сияқты өзге де эндемиктері өседі.
Жақында облысымыздың далалық аумақтарында өсетін қызғалдақ түрлерін қала тұрғындары мен қонақтарына таныстыру мақсатында «Aspara Fashion Week» сән апталығының XIII маусымының ашылу салтанатында газетіміздің фототілшісі Алтынбек Қартабай «Қызғалдақ шеруі» фотокөрмесін өткізді. Іс-шара «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі көрме залында ұйымдастырылды.
Фототілші қонақтарды қызғалдақтармен таныстыра отырып, гүлдердің барлығы да шетелдік ғалымдардың есімімен аталғаны ойланарлық мәселе екенін жеткізді.
– Қызғалдақтар бағзы заманнан бері қазақ даласында жайқалып, әсем көркімен қуантып келеді. Алайда гүл патшасы атанған қызғалдақтардың барлығы қазақ даласын зерттеген өлкетанушы ғалымдардың есімімен аталады. Грейг, Кауфман, Колпаковский, Леман... Барлығы да қызғалдақтың белгілі бір түрін жаңалық ретінде ашып, әлемге танытқан ғалымдар. Сондықтан қызғалдақтардың атауын қазақшалайтын кез келген секілді, – дейді А.Қартабай.
Әріптесіміз көтеріп отырған мәселе өте орынды. Қазіргі таңда елімізде Табиғат-ананың тартуы – қызғалдақтарды сақтап қалу мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Сондықтан атын қазақшалау мәселесі де жуық жылдарда шешімін табады деген ойдамыз.
Осы орайда облысымыздың туристік бренді болуға әбден лайықты қызғалдақтарды зерттеп жүрген әріптесіміз Алтынбек Қартабайдың бірқатар суретін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Ar-AI ақпарат