Алды 90 жасқа таяған ақ жаулықты әжелер немерелерімен бірге «Әуендер әлемі» аллеясына 100-ден аса шынар ағашын отырғызып, абаттандыру жұмысын жүргізді.Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның ардагер ұстазы, «Даналық мектебі» клубының төрағасы Сәуле Таңатарова жас ұрпаққа үлгі болар өнегелі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, жиналғандарға алғыс айтты.
– «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді қазақ даналығы. Сондықтан өскелең ұрпақты бабадан балаға жеткен дәстүрмен Табиғат-ананы аялап, қастерлеуге баулу – әжелердің парызы. Осы ретте барша замандасымды кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетіп, оларды ұлттық тәрбиемен сусындату мақсатында ауқымды акциядан шет қалмауға шақырамын, – деді С.Таңатарова.
Сондай-ақ таяуда ғана облыс орталығында аталған акция аясында жергілікті тұрғындар мен жастар арасында тал көшеттерін отырғызудан жарыс өтті. Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтары мен №11 аумақтық округтің тұрғындарынан құралған 3 команда қатысты. Ерекше форматта өткен тағылымы мол сайысқа қоғам белсенділерінен құралған арнайы комиссия қазылық етті. Әр команданың ауызбіршілігі мен еңбекке деген икемділігіне баға беріліп, нәтижесінде Тараз қаласы әкімдігі жастар ресурстық орталығы жүлделі I орынды жеңіп алса, II орынды «Құмшағал жастары», ал III орынды облыстық «Әулиеата жастары» командасы еншіледі. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық пен арнайы диплом табысталды. Сайыс барысында «Қызылабад» алқабына 1 200 қарағаш егілді.
Айта кетейік, биыл облыс орталығына 40 мың тал егу жоспарланып отыр. Оның ішінде Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтар мен Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйі аумағындағы аллея, әуежай сквері, Арбат-1, теміржол бекеті, Саңырақ батыр скверлеріне наурыз-мамыр айларында 4 100 түп әртүрлі ағаш отырғызылады. Сонымен қатар «Ұлы дала» ықшамауданындағы саябаққа – 3 500, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің аумағына – 1 000 және «Жасыл белдеу» жобасы шеңберінде шаһардың шеткі алқаптарына 20 000 көшет егіледі. Бұдан бөлек биыл қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарға гүл отырғызылады.
Сондай-ақ Абай, Төле би, Ниетқалиев, Сейфуллин көшелері мен үлкен көшелердің қиылыстары және Жамбыл даңғылының бойы 15 мың раушан гүлімен көмкеріледі. Жалпы биыл облыс орталығында 1 миллионға жуық гүл егіледі деп күтілуде.
Жақында акцияны қолдау мақсатында Талас ауданының Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек елді мекенінің аумағындағы Бөлтірік шешен кесенесінің маңында сенбілік өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков арнайы қатысты. Ел ағалары мен ауыл ақсақалдары, жастар да тал егу жұмыстарына атсалысты. Кесене аумағына көпшілік 40 арша, 450 қарағаштың көшетін екті. Сенбілікке қатысқан 250 ауыл тұрғыны кесене айналасын тазалау, өсіп тұрған талдардың түбін қопсыту жұмыстарына да ерекше мән берді.
Акция аясында тазалық жұмыстары округтің Ойық, Көктөбе, Тұрымқұл ауылдарында да ұйымдастырылып, ауыл көшелерінен 60 тонна қоқыс шығарылды.
Бетті дайындаған Ақтоты Жаңабай