Бұйрық жобасы саны реттелетін жануар түрін алып қоюға мемлекеттен рұқсат алу үшін жазылатын өтінім үлгісіне және сол өтінім негізінде рұқсат беру құжатының үлгісіне өзгеріс енгізуге арналған.«Жануарлар санын реттеу учаскесінің ауданы және шекарасы» деген тармақтың аяғына «(ақбөкеннің санын реттеуді қоспағанда)» дейтін қосымша тіркес енгізілмек. Орманшаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мамандары бұл өзгеріс киік санын реттеу саясатындағы соңғы өзгерістермен байланысты ұсынылып отырғанын айтады.
Бұйрықтағы өзгеріс киік атуға рұқсатты шектегенімен тыйым салу болып есептелмейді. Ақбөкендер саны реттеуге жататын жануарлардың түріне жатқызылғанын білесіздер. Бірақ соңғы кезде осы мәселенің айналасындағы ұстанымдар қайта қаралып жатыр. Осыған байланысты саны реттелетін жануарлардың ішінде киік атуға рұқсат берілмейді. Бірақ бұл толықтай тыйым салу деген сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты шешім шыққаннан кейін барып киік атуға толық тыйым салынуы да мүмкін, – дейді
Орманшаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылық басқармасының бас сарапшысы Олжабек Холов.
Жалпы Қазақстанда 10 ақпаннан бастап киік атуға қайтадан тыйым салынған болатын. Алайда биыл күзде Қазақстанда киік атуға қайта рұқсат етілетіні туралы Самарқанда өткен үнемі қоныс аударып тіршілік ететін жабайы жануар түрлерін сақтау конвенциясының кезекті отырысында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлімдеді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орманшаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Тұрғамбаев киік санын мемлекет реттемесе, киіктің көбеюі шаруаларға зиян тигізеді деген уәж айтқан болатын.Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай өңіріндегі сапары кезінде ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын мәлімдеді.Сондай-ақ биыл мамырда еліміз бойынша киік санағы жүреді
Бетті дайындаған Ақтоты Жаңабай