Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоқыстан қалай құтыламыз?

Қоқыстан қалай құтыламыз?
Ашық дереккөз
Жалпы қордаланған қоқыс мәселесі жаза-жаза жауыр болған тақырыпқа айналды. Дегенмен мәселенің біз ойлағаннан да өзекті екенін облыстық экология департаменті өткізген баспасөз туры барысында ұғынғандай болдық.

Департамент мамандары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында БАҚ өкілдеріне заңсыз қоқыс орындарын көрсетіп, өзекті мәселелермен кеңірек таныстырды. Тараз қаласындағы стихиялық күл-қоқыс аймағының бірі – Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернаттың артындағы бос жатқан алқап. Экология департаменті мен «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерінің Ниетқалиев көшесінің бойында орналасқан заңсыз қоқыс орнын тұрмыстық қалдықтан тазарта алмай келе жатқанына біраз уақыт болыпты.

Мемлекет меншігіндегі аумақты бірнеше жыл бұрын «газ құбырларын жүргіземіз» деген желеумен «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының облыстық филиалы өз теңгеріміне алған көрінеді. Жоба толық іске асқанша нысаналы жерді қоршап та қойған. Алайда жоспар жүзеге аспай, бос алқап мемлекет меншігіне қайтарылған. Содан бері қайтадан тұрғындар бейберекет қоқыс үйінділерін тастайтын орынға айналған. Жауаптылар аумақты қалдықтардан толық тазартып жатса да мәселе түбегейлі шешілер емес. 

«Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Талғат Торғаевтың айтуынша, аталған аумаққа қоқысты тұрғындар ел аяғы басылған соң, яғни түнде төгіп кетеді екен

.– Былтыр стихиялық қоқыс аумағына қараша айының жиырмасынан бастап желтоқсанның он бесіне дейін тазалық жұмыстарын жүргізгенбіз. Шамамен 1 700 шаршы метр қоқыс шығарылды. Көктем келісімен қайта қоқысқа толып қалды. Байқасаңыз, тұрмыстық қалдықтар жаңадан тасталған. Мәселені шешу үшін талай мәрте шара қолданып та көрдік. Тіпті қоқыс төгуге болмайтынын тайға таңба басқандай етіп жазып, белгі де қойдық. Дүние көрді ме, белгіні де алып кетіпті.Мұнда қала тұрғындарының және жақын орналасқан мекемелердің шығарған қалдықтары үйіліп жатыр. Еңбектің бағаланбағанына қынжыласың. Тазалыққа тұрғындардың өзі де жауапкершілікпен қараса деген тілегіміз бар, – дейді Т.Торғаев.


Баспасөз турында танысқан тағы бір стихиялық қоқыс орны мал базары маңында орналасқан. Тау-тау болып үйіліп жатқан қоқысты көргенде тұрғындар қоқыс қалдықтарын жүк көлігімен әкеліп төгіп кететінін аңғара аласыз. Пакет, жөргек, қағаз, бөтелке секілді тұрмыстық заттарды былай қойғанда, иісі қолқаны қабатын кәріз суының Жамбыл ауданының Қостөбе ауылына дейінгі аумаққа созылып жатқанын естігенде жағамызды ұстадық. Жамбыл ауданы әкімдігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Асхат Байбалаев мәселені өңірде қоқыс өңдейтін зауыттың жоқтығымен байланыстырды.– Негізі мұндай бейберекет қоқыс орындарынан бөлек, заңды полигондардың өзі де жұмысты жеңілдетіп жатқан жоқ.

Төгуге рұқсат етілген қоқыс орындарының қоршауы қанша биік болса да салмағы жеңіл қоқыстар желмен ұшып, жайылым жерлерді ластап жатады. Аудан тұрғындары апта сайын сенбілік ұйымдастырып тұрады. Мәселен, былтыр қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың атсалысуымен қазір тұрған аумақта бір күн бойы тазалық шаралары жүргізілген. Алайда апта өтпей жатып қайта қоқысқа толып, еткен еңбегіміз көзге көрінбей тұр.

Қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылмайынша, мәселе де шешілмейді.Аталған аймаққа заңсыз қоқыс тастағаны үшін жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес аудандық полиция бөлімі тарапынан 33 азаматқа ескерту берілді. Заң бойынша, қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жойғанда және бүлдіргенде, ең алдымен, ескерту беріледі. Заңбұзушылық екінші рет қайталанса, жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ дәл осындай бассыздыққа шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi жол берсе немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұл көлемі 100 айлық есептік көрсеткішке тең.Қазірге дейін ескертумен шектелген 33 тұрғыннан басқа айыппұл арқалағандар жоқ. Жалпы аудан әкімі тарапынан бейнероликтер түсіріліп, түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізіп тұрамыз. Апта сайын сенбілік ұйымдастырылады, – дейді Асхат Берлібайұлы.

 

Ал облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің инспекторы Нұрзат Блешбаев қоқысқа көмілген аумақ Тараз қаласы әкімдігінің теңгерімінде екенін жеткізді.– Қазақстан Республикасының экология кодексінің 365-бабының 5-тармақшасында жергілікті атқарушы органдар өздеріне тиісті аумақтардың қоқыс орындарын тазарту және күтіп ұстау керектігі көрсетілген. Сол бойынша Тараз қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлеріне айыппұл салып, тиісті шара қолдандық.Жалпы күз және көктем айларында департамент бейберекет орналасқан қалдықтарға ғарыштық бақылау жүргізеді. Нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдарға нұсқамалар беріледі. Жергілікті атқарушы органдармен жою жұмыстары жалғасуда. Былтыр ғарыштық мониторинг жүргізу арқылы облыс аумағында 245 нүкте есепке алынса, 169-ы бейберекет қоқыс үйіндісі екені анықталды. 138 үйінді тазартылып, 33 қоқыс орны тазартылмады. Сонымен қатар заңды рұқсаты бар 159 полигон жұмыс істейді.

Бұдан басқа министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің өткен жылғы №8 хаттамалық тапсырмасына сәйкес департамент қызметкерлері былтыр 12 сәуір мен 2 мамыр аралығында 10 мәрте зерделеу жұмысын ұйымдастырды. Нәтижесінде Тараз қаласы бойынша – 11, Байзақ ауданында 3 және Жамбыл ауданынан 2 нүкте бар екенін анықтады. Сондай-ақ департамент облыстық прокуратураға облыс бойынша рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстарға ықпал ету туралы хат жолдады. Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы 2023 жылғы 6 қыркүйекте Шу, Жамбыл аудандары және Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарларын әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жолдады. Ұсынысты қарау нәтижесімен экология департаменті ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 324-бабының 1-бөлігі бойынша Тараз қаласы әкімінің орынбасарын әкімшілік жауапкершілікке тартты. 

 

«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қаламызды гүлдендіріп, көшелерімізді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық, – дейді Н.Блешбаев.

Департамент маманы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау жөніндегі коммуналдық қызмет көрсетушілердің GPS-датчиктерінің деректерін «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне» беруді тапсырғанын айтты. Сонымен қатар ақпараттық жүйеге қоқыстарды әкетуші ұйымдарды қосу да министрдің тапсырмасының бірі екен. Анығын айтқанда, мамандар алдағы уақытта министр тапсырмасы шеңберінде облыстағы қоқыс тасымалдаумен айналысатын жүк көліктеріне толықтай GPS-датчиктер орнатпақ. Бұл өңірдегі қоқыс полигондарының жай-күйін бақылап отыруға үлкен көмегін тигізеді.

Сонымен қатар департамент қызметкерлері жыл сайын Дүниежүзілік тазалық күні «Бірге Таза Қазақстан» акциясын өткізеді. Дәстүрлі іс-шараға өткен жылы облыс бойынша 26 740 адам қатысып, 500 мың тоннаға жуық қоқыс жиналыпты.Дамыған Еуропа және Азия елдерінде қоқысты қайта өңдеу жолға қойылған. Мысалға алсақ, Франция 1975 жылдан бастап қайта өңдеу технологияларын белсенді түрде дамытты. Нәтижесінде елдің аумағында полигондар саны 6 мыңнан 230-ға дейін азайған. Сонымен қатар жыл санап қарқынды дамып келе жатқан мемлекетте қоқыс өртейтін арнайы кешенді зауыттар салынған. Мәселен, Париждегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқысты парализ тәсілі бойынша жоғары температурада өртейді. Осылайша зиянды улы заттар толық еріп, күлге айналады. Франция қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу арқылы 30 пайыз алюминий, 50 пайыз әйнек, газет қағазын өндіріп отыр.

Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуде Германия Еуропада алдыңғы орындарда тұр. Германия мемлекеті қайта өңдеуді 1990 жылдардың басында бастап, әлі де дамытумен айналысып келеді. Немістердің әрқайсысының пәтерінде қоқыс жинауға арналған кемінде үш түрлі ыдыс болады. Осылайша қоқыс пәтерден бірден іріктеліп шығады.

Жапония мемлекеті де қоқыс қалдықтарын сұрыптауға өте кірпияз қарайды. Күншығыс елінде тіпті қоршаған ортаны ластағандар темір торға тоғытылады. Сондай-ақ жапониялықтар тұрмыстық қалдықтарды өртеп, одан алынған энергияны жылыту үшін қолданады. Тұрмыстық техникаларды қайта бұзып, өңдеу үшін жөнелтеді. Әр жапониялықтың үйінің алдында үш контейнер тұрады. Бірі пластмассаға арналса, екіншісі тағам, ал үшіншісі керексіз заттарға арналған. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады.

 Негізі Жапония қалдық өңдеу ісінде тым ілгері кеткен елдің бірі. Тіпті аталған елде органикалық қалдықтардың өзінен құрылыс материалдарын жасап шығарады.
Байқағанымыздай, облыс экологиясы мен экономикасы үшін ең дұрыс шешім – қалдықтарды қайта өңдеу. Еуропа мемлекеттері қалдықтар арқылы өз қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, өңдеу арқылы жылуға дейін өндіріп отыр. Демек, шешім бар. Тек әрекеттің кемесін алға жылжытар іс-қимылдар керек.

Бір қуантарлығы, Тараз қаласында 2023-2025 жылдары «Eco Energy Plant» компаниясы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 18,8 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында жыл сайын 75 000 тонна қалдықты қайта өңдеу көзделген. Бұл іс «Тараз» индустриялық аймағында іске асырылады. Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға шарт жасалып, 10 гектар жер учаскесі бөлінген. Сондай-ақ Тараз қаласының әкімдігі мен компания арасында қатты тұрмыстық қалдықтарды жеткізу туралы меморандумға қол қойылған. Жарқын жоба жүзеге асып жатса, түйткілді мәселе шешімін тауып, қоқыс сұрыптау мәдениеті де ақырындап ретке келер еді.

                                                                                                                                                                                                                                                                Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар