.Құралай Арқабайқызы 1980 жылы Жамбыл ауданының Аса ауылында дүниеге келген. «Экономист» және «Ағылшын тілі» мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Бірақ бір емес, екі дипломы бола тұра кәсіпкерлік жолын таңдап, бүгінде бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.Құралай «Instagram» әлеуметтік желісінде «kuralay_auyelbekova» парақшасымен танымал. Айтуынша, парақшасына 82 мың оқырман тіркелген.
Осылайша кәсібін дамытуда «Instagram»-ның да игілігін көріп отыр. Ата-бабамыздан жалғасқан асыл өнерімізді бүгінгі ұрпақ заманауи үлгіде дамытып, жан-жақты жетілдіре түсуге ұмтылуда. Жалпы құрақ құрау, біріншіден – өнер, екіншіден – тұрмыстық бұйым, үшіншіден – ертеректе мата-материал қат кезде қолданылған маталардың қиындылары рәсуа болмасын деген оймен оны да пайдаға жарату ойынан туған, яғни ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі.Бала күнімізде «Просто Мария», «Богатые тоже плачут» деген телесериалдар болып жататын. Сонда басқалар секілді сериалдың сюжетіне емес, байлардың үйіндегі дивандардың безендірілуіне, әсем жапқыштарына, жастықшаларға қызығып қарап отыратынмын. Осылайша сериал санама үлкен сілкініс жасап, бесінші сыныптан бастап өзіме шашқа тағатын бантик, киім, белдемше тіге бастадым.
Анам жұмыста болған кезде керек-жарақтарымды тігін машинасымен тігіп алатынмын. Сандықта жатқан маталарды қалауымша қиқалап, көйлек, жастықтар тігіп жүрдім. Көзінің қарашығындай сақтап жүрген керек маталарын қанша қиқалап тастасам да анам ешқашан қабақ шытпайтын. Бетімді қақпай, белімді буған анама алғысым шексіз.Осылайша күндер өте берді. Бір күні анамның үлкен әпкесінің үйіне қонаққа барсақ, есігінің алдына керек емес киімдерді жайып тастап, құрақ көрпе тігіп отыр екен. Сол күннен бастап құрақ құрауға қызығушылығым оянып, ине мен жіпті жаныма серік еттім, – дейді шебер.Негізі құрақ құрау өнері тек қазаққа ғана тән десек, қателесеміз. Мәселен, ең көне бұйым болып табылатын пэчворк техникасы ең алғаш рет шыт отаны – Үндістан елінен табылған. Ерте заманда құрастырылған киімдерді кедей, нашар тұратын адамдар киген.
Ал қазіргі таңда құрастырылған киімдерді авангард стилінде пайдаланады. Сондай-ақ құрақ өнері Ресейде «Мозайка» немесе «Ляпочка» деп, ал ағылшынша «Квилт» деп, Жапон халқында «Сашико» деп аталады екен.Жоғары жетістіктерге жеткен белгілі кәсіпкерлер адамның ойына келген бизнес-идея 72 сағаттың ішінде орындалуы керек екенін айтады. Бірақ бизнесмендердің басты қағидаларының бірі болып саналатын осы бір сөз қазақтың келіндеріне арналмаған тәрізді (күліп). Біз «жеті рет өлшеп, бір рет кескенді» жақсы көреміз. Өз басымнан өткенді айтар болсам, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанда «бір іспен айналысу керек, табыс табу керек» деп ұзақ ойландым. Дегенмен неден бастарымды білмей басым қатты. Бір күні «неге жаныма жақын, қолымнан келетін іспен айналыспасқа?» деген шешімге келіп, ою ойып, құрақ құруды бастап кеттім. Себебі әжем де, анам да ісмер болған.Сөйтіп, 2014 жылы кәсіпті қолға алдым. Сол жылы үй салып жатқан болатынбыз. Жаңа баспанамызға арнап құрақ көрпелер тіге бастадым. «Жасау тігіп бастадым, кімнің қызы ұзатылса, маған айтыңыздар» деп жүрген жерімде айтып жүрдім. Сонда ата-анам: «Екі жоғары білімің бар, мұның не? Қолыңнан келе ме?» деп райымнан қайтармақшы да болды. Кейін үйге келген қонақтар, туыстарым көздің жауын алатын құрақ көрпелерге қызығып, тапсырыс бере бастады. Белгілі әнші, туыс сіңлім Мөлдір Әуелбекованың да жасауын өзім тіктім. Соның арқасында танымал адамдар да тапсырыс бере бастады.
Сонымен қорқақтай-қорқақтай бастаған бизнесім жүре бастады. Тапсырыс берушілер көбейе бастаған соң тағы бір тігін машинасын сатып алуға тура келді. Екі адамды жұмысқа қабылдадым. Жұмысымыз жолға түскеннен кейін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 12 миллион теңге несие алып, бірнеше тігін машинасын, басқа да керекті құрал-жабдықтар сатып алдым.Ал жолдасым Дәулет Бекетаев малшаруашылығымен айналысатын кәсіпкер. Әрдайым қолдау көрсетіп отырады, – дейді кәсіпкер Құралай Арқабайқызы.Қазіргі таңда кәсіпкер 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың әрқайсысына артылған жүк бар. Бірі матаны қияды, екіншісі тігеді, үшіншісі оюды пішеді.Тігін өнеркәсібінің әлемде салмағы жоғары. Сосын тігін шариғатта да сауапты іс деп аталады. Ата-бабамыз ұзатылған қыздың артынан жасау апарғанда махаббат нышаны ретінде «Аққу құрақ» көрпесін апарған. Бұл дәстүр бүгінгі қыз жасауында да көрініс табуда. Құрақпен тұрмысқа қажетті әртүрлі заттарды безендіруге де болады. Оған зат салатын әртүрлі қоржындарды, қыз-келіншектерге арналған бұйымдарды, күнделікті қолданыстағы жастық, аяққап, қолқапшық, қиық сырмақты қосыңыз, – дейді Қ.Арқабайқызы.Сонымен қатар ісмер тігін өнерін, құрақ құрауды көпшілікке үйретіп те жүр. Еліміз бойынша қыз-келіншектерге онлайн-офлайн шеберлік сыныптарын өткізуде. Қызығушылық танытқан әрбір қыз-келіншекке кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп, үйретуден шаршамайды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА