Қырғыз елінің үкімет басшысы шенеуніктерге тойға баруға тыйым салды
- author AR-AY
- 26 сәуір, 2024
- 272
Президент Әкімшілігінің алқа отырысында Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаров үкімет мүшелеріне тойға қатысуға тыйым салды. Бұл туралы 24.kg басылымы жазды.
Қырғыз Республикасының премьер-министрінің айтуынша, Садыр Жапаровтың барлық жарлығы мен тапсырмасы сапалы әрі уақытылы орындалуға тиіс.
Сондай-ақ ол ел президентінің бұған дейін мал союға және тойлардағы ысырапшылдыққа тыйым салу туралы қаулысына жеке тоқталды.
«Егер бір жерде ысырапшылдыққа жол беріліп жатқанын көрсеңіздер, ол жерге бармаңыздар. Тойда жүрмеңіздер», - деді Ақылбек Жапаров.
Басылымның ақпаратынша, 2022 жылдың ақпанында Қырғызстан президенті іс-шаралар өткізу бойынша шектеулер енгізу туралы жарлыққа қол қойып, заң күшіне енген болатын. Бұл заңның мақсаты – азаматтардың әлеуметтік-экономикалық өмір сүру деңгейін көтеру, сонымен қатар қоғамның рухани атмосферасына теріс әсер ететін діни рәсімдерді және өзге де іс-шараларды өткізу кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу.