Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таразға тәуір заманауи кітапхана керек

Таразға тәуір заманауи кітапхана керек
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы өз сөзінде халықты ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болуға үндеді. Әсіресе интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатқанына қынжылыс білдірді.

Мемлекет басшысы: «Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгіл, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. 

Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп, кітап оқырманға қолжетімді болуы керектігін атап өтті.«Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», деді ел Президенті. Облысымызда да заман талабына сай кітапхана қызметі түрленіп келеді. Мемлекеттік кітапханалардан бөлек, жеке кәсіпкерлік нысандар көптеп бой көтеруде. Оқуға құмартқан ұл-қыздардың сұранысына қарай кіптаптардың түр-түрі тізілген сауда дүкендері жиілеп ашылуда. Облыс орталығындағы «Qasym», «Marwin», «Букинист», «Nasanova booklover» секілді кітап дүкендерінен қазақ қаламгерлерінің, әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің туындыларын таба аласыз. 

Тараз қаласындағы танымал кітапханалардың бірі – «Kitapal» кітапханасы. Мұнда оқырманға барлық жағдай жасалған. Дүкеннен алған кітабыңызды сол жерде кофе іше отырып, асықпай оқысаңыз да болады. Іздеген кітаптарынызды оңай және тез таба аласыз. Ең басты ерекшелігі – руханият ордасына жастар көп келеді. Себебі дүкенде қазақ тіліне басымдық берілген. Атап айтқанда, әлем классиктерінің, атап айтқанда, Джейн Остиннің «Тәкаппар ғашықтар», Джек Лондонның «Мартин Иден», Виктор Гюгоның «Аласталғандар» сынды өлмес туындыларын ана тілімізде оқи аласыз. Соңғы жылдары отандық қаламгерлердің шығармаларына да сұраныс артып жатқанын айтпай кетуге болмас. Мәселен, Дулат Исабековтің «Гаухартас», «Қарғын», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар», Перизат Мырзахметтің «Өмірдің аты М» романдары да оқырмандардың жоғары сұранысына ие. Әрі аталған кітап дүкенінде ұлттық нақыштағы қаламсап, қойындәптер, одан бөлек Алаш арыстарының қанатты сөздері жазылған телефон қаптағышы сынды қажетті ұсақ-түйек заттар да сатылады. Дейтұрғанмен облыс жастары өңірде әлі де болса барлығының талғамынан шығатын кітапхана жоқ екенін айтады.

Алысқа бармай-ақ замандастарым рухани демалыс орны – кітапханаларда ұзақ отырғаннан іштері пысып, мезі болатынын айтады. Сондықтан да құрбыларым замануи кітапханаларда кітап оқу үшін барлық жағдай жасалғанын қалайды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Ұстаз институтының «Бастауыш білім беру» мамандығының 4-курс студенті Ділназ Акбар тапжылмай бір жерде отырып кітап оқыған қажытарлық іс деп санайды. Кітапханаға адам рухани демалып қайту мақсатында келеді. Өкінішке қарай, облыста көңілге жайлылық сыйлайтын, атмосферасы өзгеше кітапхана немесе кітап дүкенін кездестірген емеспін. Көп дүкендерде кофе автоматтары қойылып, қызықтырарлықтай жағдай жасалып жатқанын жоққа шығара алмаймын. Бірақ аталған жұмыстар әлі де болса жеткіліксіз. Жастардың талғамындағы заманауи кітапханада қалың мата немесе тордан жасалған тербелмелі әткеншек (гамак), ыстық тоқаш пен кофе, баяу әуен секілді басқа да өзіне тартып тұратын жағдай жасалған заманауи кітапхана ашу ісі қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ кітапсүйер жастардың басын қосатын, оқыған шығарманы бірге отырып талдап, әсерімен бөлісіп, өзара пікір алмасатын оқырмандар клубы құрылса деген тілегіміз бар, – дейді Ділназ Ерболатқызы.Соңғы жылдарда электронды кітаптар да жоғары сұранысқа ие. Алайда қолмен ұстап, өзіне тән иісін сезіп, әсерленіп оқыған кітапқа жетері бар ма?

Сонымен қатар Мемлекет басшысы құрылтайда айтып өткендей, өңірімізде кітап жәрмеңкесін ұйымдастырған жөн секілді. Бұл – жастарды кітапқа қызықтырудың бірден-бір жолы. Одан бөлек мектептерде оқушылардың кітапқа қызығушылығын оятатын іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұрғаннан да ұтарымыз көп деп ойлаймын.Кітап оқаған адамның ой-өрісі кеңейіп, өмірге құштарлығы ашыла түседі. «Артық білім – кітапта, Ерінбей оқып көруге» деп ұлы ақын Абай жырлағандай, ерінбей білім алуға асығайық.

Қымбат ШӘРІП,
М.Х.Дулати атындағы 
Тараз өңірлік университетінің 
4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар