Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тауықтың саңғырығын кәдеге жаратқан ғалым

Тауықтың саңғырығын кәдеге жаратқан ғалым
Ашық дереккөз
Өткен жылдың соңында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері Астана қаласында өткен республикалық инновациялық идеялар байқауына қатысып, l орынды жеңіп алған болатын. Білім бәсекесінде облысымыздың намысын қорғаған «Ученые» командасын жас ғалым Ұлжан Қанатбек капитан ретінде бастап барды. Оқырмандарымыздың есінде болса, Ұлжан туралы «Отандық ғылымның болашағы алда» атты мақала да жариялап, жас ғалымның «Ауылшаруашылық қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналы сүзгі дайындау» жобасымен танысқан едік.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті Ұлжан Қанатбек таяуда тағы бір жарқын жобасын таныстырды. Экологияның ластануы, топырақтың құнарсыздануы секілді мәселелерді жоюдың жолын іздеген жас химик үлкен ізденіспен жаңа тыңайтқыш ойлап тапты. Ұлжанның айтуынша, су жаңа «экотыңайтқыш» топырақтың тығыздығын үстемелейді. Ең бастысы, тауықтың саңғырығынан жасалған өнім химиялық қоспадан ада екен.

Жаһан ғалымдары экологияның бүлінуіне айрықша назар аударып отырғаны мәлім. Таразда да жердің тозуына байланысты ғылыми ізденістің ізіне түскен жастар аз емес. Олардың бірқатары шекара асып, Еуропа жерін басып, тәжірибесін толықтырып, білімін жетілдіріп үлгерді. Газетіміздің алдыңғы сандарында жергілікті жұрт «жер дәрігері» атап кеткен жас ғалым Дәулет Егембердиевтің жаңа жобасы туралы жазған болатынбыз.

Әрине, Дәулет облыс емес, республикаға танылған ғалым. Жерлес ағасының ізін басып келе жатқан Ұлжанның да болашағынан күтеріміз мол. Экология мәселесі төртінші курста оқитын шынашақтай қызды толғандырып, ізденуге итермелегені бізді де қуантып отыр.Ұ.Қанатбектің сөзіне сүйенсек, бірнеше ай бұрын органикалық тыңайтқыш жасау мәселесіне айрықша ден қоя бастаған. Бастапқыда технологиясын меңгеруге ерекше басымдық берген. Әуелі шикізатты 300 градусқа дейін ыситын муфельді пеште күйдіріп, тәжірибе жасауға бел буған. Нәтижесі көңілінен шыққан.Қолға алған ісі бойындағы қызығушылығын арттыра түссе керек.

Кейіннен өсімдіктерді отырғызу арқылы топырақтың физикалық қасиеттерін зерделеп, ғылыми ізденісін жалғастыруды жөн деп тауыпты. Нәтиже көп күттірген жоқ. Топырақтың тығыздығы артып, бойына ылғалды ойдағыдай сақтайтыны айқындалыпты.Топырақтың тозуы жанын ауыртқан студент күн-түн демей жаңа тыңайтқышты ойлап табудың қамына кіріседі. Бар ынта-жігерімен өз жобасын жетілдіруді ойлайды. Білімсіз қолға алған істің нәтиже бермесін білген ол жан-жақты ізденіп, зердесін толықтырады. Бірінші кезекте, химиялық қоспасыз дүние жасап шығаруды мақсат тұтады. Түптің түбінде өзі ойлаған жаңа тыңайтқышты дүниеге әкелді.

Топырақтың құнарсыздануы бүгінде бәрімізді толғандыратыны жасырын емес. Өткір мәселеге әлем елдерінің білгірлері де ден қойып, жаңа жобалар жасап жатқаны белгілі. Біз жаһан елдерінен бөлектене алмаймыз. Себебі біз де әлемнің бір бөлшегіміз. Жалпыға ортақ өзекті проблема Қазақстанда да туындап отырғаны баршаға аян. Бұл мәселе өзіміз құралпы жастарды да алаңдататыны анық. Сол олқылықтың орнын толтыру – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан да осы «экотыңайтқышты» ойлап таптық. Тыңайтқышты күйдірудің берер пайдасы мол. Оны іс жүзінде байқап та көрдік. Ол топырақтың құрамын дымқылдандырады.

Сондай-ақ дәрумендер арқылы оның құнарлылығын арттыра түседі. Ғылыми негізге сүйенсек, құсшаруашылығындағы және малшаруашылығындағы қалдықтардың пайдасы зор. Одан тек «экотыңайтқыш» қана емес, белсендірілген көміртегін алуға да болады. Сондықтан да осы жобаға мықтап кірістім. Қолға алған ісім өзімді шынында да шабыттандырады, – деді Ұлжан Ғалымжанқызы.Ғылымға шындап бет бұрған Ұлжан кейінгі уақытта жоғарыда сөз еткен «Ауылшаруашылығы қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналы сүзгі дайындау» жобасын жетілдіру мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.P.S:Ұлжанның жобасына қызығушылар аз емес. Ғылымға ден қойғандар тарапынан қолдау болса, студенттің алар асуы алда екеніне ешкім күмәнданбайды. Өйткені оның мақсаты анық. Жаңа тыңайтқыш арқылы топырақтың тозуын қолдан келгенше тоқтатқысы келеді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар