Сонымен бірге қазақ ғылымының да тамыры тереңде жатқанына, іргетасының берік қаланғанына тоқталып: «Ұлттық ғылым академиясының тарихы Қазақстан ғалымдарының әлеуеті қаншалықты зор екенін аңғартады. Бұл ұйым құрылған кезден бастап қоғамдық дамудың көш басында болды. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Шахмардан Есенов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұрат Айтқожин, Әбдуәли Қайдаров және басқа да көптеген көрнекті тұлғаның есімі Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылды.Олардың әрқайсысы өз саласының асқар шыңын бағындырды. Қазба байлығымызды игеруге, өндірісті өркендетіп, экономиканы дамытуға, елді рухани жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Біз халқымыздың біртуар перзенттерінің еңбегін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Өскелең ұрпақ оларды үлгі-өнеге тұтады. Бүгінде жас ғалымдарымыз сол алыптардың ізін басып, жолын жалғап келеді. Дегенмен бір мәселені қаперде ұстау керек. Өмір бір орында тұрған жоқ. Күн санап өзгеріп жатқан қазіргі заманда бұрынғы жетістіктерге марқайып отыруға болмайды. Әлеуетімізді арттырып, үздіксіз алға басу үшін әрдайым іздену керек. Биік мақсат қойып, жаңашылдыққа ұмтылып, жұмыстың тиімділігін арттыру қажет», – деген болатын.Президентіміз айтқандай, елімізде ғылымның қай саласы болмасын қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар осы ретте ғылым саласының тұрақты дамуына қомақты үлес қосып жатқан ғалымдардың да еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ғылым тілін меңгеріп, қазақ үшін еңбек еткен Ахмет Байтұрсынов секілді қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздардың жолын жалғап жүрген ғалымдарымыздың қатарында ұстаз, педагог, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Қазақ тілі» кафедрасының доценті, профессор Алмасбек Белботаевтың есімін ерекшелеп атауға болады.Алмасбек Батанұлының өмір жолы күрескерлік пен еңбекқорлықтан тұрады. Биыл 75 жасқа толатын ғалымның қазақтың тіл ғылымы үшін атқарған еңбегі орасан зор. Профессор ғылымға жақын болуына өскен ортасы әсер еткенін айтады.1949 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Ордабасы ауданы, Шұбар ауылдық кеңесі, Сарытоғай ауылында жұмысшы-шаруа отбасында дүниеге келдім. 1956 жылы ауылдағы Октябрь сегізжылдық орталау мектебінің бірінші сыныбына қабылдандым. 9-10-сыныпты Шұбар ауылындағы В.И.Ленин атындағы орта мектепте жалғастырдым. 1966 жылы мектепті бітіріп, Шымкент қаласындағы мұғалімдер даярлайтын педагогикалық институтқа оқуға түсіп, «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шықтым. 1970 жылдың қыркүйегінен 1971 жылдың қаңтарына дейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының Кепе-Сарай ауылындағы №25 В.Чкалов атындағы сегізжылдық орталау мектебінде «Қазақ тілі» пәнінен жоғары сынып оқушыларына сабақ бердім.Кейін өмірімді толықтай ғылым жолына арнадым. Олай дейтін себебім, 1971 жылдың қаңтар айының ортасында Алматы қаласына жол тарттым. Басты себеп – Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында шағын ғылыми-зерттеу тобы ашылатын болды. Жаңадан ашылып жатқан «Статистика-лингвистикалық зерттеулер және оны автоматтандыру» тобының ғылыми жетекшісі әрі ұйымдастырушысы
физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Еңбек сіңірген ғылым қайраткері Қалдыбай Бектаев болды.Ал Қалдыбай Бектайұлы мүлдем басқа мамандықта оқып жүрген мені «Математикалық лингвистика», «Ықтималдықтар теориясы», «Статистикалық лингвистика», «Инженерлік лингвистика» және «Сандар сыры» деген сияқты ұғымдар мен атауларға қызықтырып, бір сөзбен айтқанда, ғылым жолына алып келген адам болатын. Қалдыбай Бектаевтың зерттеп жүрген ғылыми бағыты «Статистикалық лингвистика» деп аталады. Яғни математика мен тіл білімі ғылымдарының тоғысынан, жақындасуынан пайда болған, тіл білімі мәселелерін зерттейтін ғылым деуге болады. Қ.Бектайұлы статистикалық лингвистиканы зерттеп жүргенде бірнеше лекциясын тыңдап, қызыққан болатынмын. Көп өтпей ұстазымның жетекшілігімен студенттердің ғылыми-зерттеу конференцияларында бір-екі рет баяндама да жасадым.Осылайша ғылым саласына түбегейлі бет бұрып, 1971 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында (қазіргі – А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында) зертханашы, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер қызметтерін атқарып, үлкен тәжірибе жинадым. 1993 жылдың ақпан-тамыз айлары аралығында Түркістан қаласындағы Түркістан мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасында еңбек еттім. Сонымен қатар Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі» кафедраларында оқытушы болып, оқу ордасының дайындық бөлімінің меңгерушісі, факультет деканының орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқардым, – дейді ғалым.Еңбек жолын студенттік кезде бастап кеткен Алмасбек Белботаевтың бұдан кейін де атқарған қызметтері көп. Дегенмен қай қызметке барса да өзінің тіл ғылымын зерттеу деген ұлы миссиясынан бір сәтке де айныған емес.Қазір де ғалым лингвистикалық статистика саласының тереңіне бойлау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, талмай еңбектеніп жүр. Негізі лингвистикалық статистика саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген қазақстандық ғалымдар саусақпен санарлық қана. Өткен XX ғасырдың 70-жылдары Қалдыбай Бектаев негізін қалап, тек қазақ тіл білімінде ғана емес, жалпы түркітану ғылымында кеңінен өріс тапқан сала соңғы жылдары тоқырап қалғандай еді. Сол себепті де ғалым-ұстаз А.Белботаевтың әріптестерімен бірігіп түзген алфавитті-жиілік, кері алфавитті-жиілік, жиілік сөздіктері мен саланы одан әрі қарай дамытуға арнап жазған соңғы жылдардағы ғылыми-зерттеу мақалаларының маңызы ерекше.Жалпы тіл ғылымы өте үлкен сала. Түсіне білгенге тіл ғылымының барлық ғылыммен қатысы бар. Яғни математикамен де, кибернетикамен де байланысты. Тіл білімі математикамен машиналық аударма мәселелері бойынша байланысса, тілді зерттеуде математикалық статистика методтарымен қолдануы жағынан байланысады. Ал кибернетика –тірі организм мен машинада байланыс пен меңгеру және бақылау процестерінің кейбір ортақ белгілері болады. Электронды машинаның адам миының қызметіне ұқсас қызмет атқаратын механикалық құрылысы бар екенін ғылым дәлелдеп, жарыққа шығарды. Сондықтан тіл ғылымға да, техникаға да, бәріне керек.Біздің басты міндетіміз – қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру. Әрі сол дәрежеге жеткенше еңбек ету, зерттеген тақырыптарымызды ары қарай жалғастыру үшін кейінгі жастарға үлгі көрсетіп, жол салып беру, – дейді Алмасбек Батанұлы.Ғалымның әлі де арманы көп. Соның бірі –
түркі тілдерінің әліпбиінің қалыптасуына әсер ету, соған септігін тигізу.Түркі халықтары туралы да көп зерттедім. Жалпы бізге ортақ құндылықтар көп. Түркі халықтарына жататын 40-тан аса ел бар. Оның бәрінің тілі бір-біріне ұқсас. Бұл бағытта идеологиялық саланың да атқарар жұмысы ауқымды.Түркі тілдерінің бұлғар тобы, оғыз тобы, қыпшақ тобы, қарлұқ тобы, ұйғыр-оғыз тобы, қырғыз-қыпшақ тобы деген сияқты сан салалы тілдер тарихы бар. Міне, осының бәрін бір арнаға тоғыстыру бірнеше ғалымның ісі мен бірер жылдың шаруасы емес. Ол үшін тұтас академиялық тұрғыда еңбек ету керек, – дейді А.Батанұлы.Иә, түркілердің туыстығына сызат түсірмей, бірігетін амалдар жасау – бәріміздің ортақ борышымыз. Оның ішінде өзіміздің тіліміздің де құндылығын жоймай, алдағы уақытта біртұтас латын әліпбиіне көшіп алуымыздың да маңызы зор. Сондықтан да тіл – ел тарихының тамырының бүлкілі, біздің жүрегіміздің лүпілін тоқтатпай тұрған бірден-бір қасиет екенін ұғынғанымыз абзал.
Шапағат ӘБДІР