Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Биыл ауыл тұрғындарының 98,1 пайызы ауызсумен қамтылады

Биыл ауыл тұрғындарының 98,1 пайызы ауызсумен қамтылады
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін еліміздегі қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын.Президент тапсырмасы шеңберінде қазіргі таңда облыс көлемінде тиісті жұмыстар атқарылып-ақ жатыр. Алайда жұртшылықты тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жұмысы кей елді мекенде баяу жүріп жатса, кейбірінде мүлде жұмыс тоқтап тұр. Тағы бір құрылыс нысаны бойынша тапсырыс беруші мердігермен соттасып әлек.

Ал мұндай олқылықтарға жол берілуінің себебі неде? Қайтсек ауылдықтарды сапалы ауызсумен жоспарланған уақытта қамти аламыз? Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы мәселелер қаралды. Өткен жылы облыста құны 13,6 миллиард теңгені құрайтын бірнеше жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде жыл қорытындысымен облыстағы елді мекендерді сумен жабдықтау халық санына шаққанда қалаларда 97,5 пайызды, ауылдық елді мекендерде 94,9 пайызды құрады. 2024 жылы ауылдық елді мекендерді ауызсумен жабдықтауды 98,1 пайызға жеткізу жоспарланған. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізуде туындаған бірқатар мәселе бар. Біз осыған назар аударып, түйткілді шешуге күш салуымыз керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, жұртшылықты ауызсумен қамтуда Шу қаласы 70 пайызбен, Тараз қаласы 98 пайызбен ең төмен деңгейге орналасқан. Ал ең жоғарғы деңгей Сарысу ауданында – 99,8 пайызға, Шуда – 97,4 және Байзақ ауданында 97,3 пайызға жеткен.Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіштері төмен қала және аудан әкімдіктеріне басым негізде қаражат бөлінеді. Бұл төмен нәтиже көрсетіп тұрған қала, аудан көрсеткіштерінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. 2023 жылы облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен жабдықтау саласында жалпы 13,6 миллиард теңгеге 54 жобаны іске асыру жұмыстары басталып, жыл қорытындысымен 34 нысан пайдалануға берілді. Қалған 20 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.Қаржыландыру жоспарына сәйкес негізі 54 нысанның бесеуі ғана келесі жылға өтпелі болған.

Ол – Қордай ауданындағы Цемзавод, Еңбек, Күнбатыс-2 елді мекендері мен Т.Рысқұлов ауданындағы «Арай» тұрғын алқабы және Шу ауданындағы Қант зауыты. Алайда құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеден кешігуі және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақ мерзімге созылуына байланысты 15 нысан жыл соңына дейін аяқталмады. Атап айтсақ, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласы бойынша 12 нысанда өндірістік кестеден кешігу орын алған.Облыста сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап қалып отыр. Жыл соңына дейін сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткішін халық санымен алғанда қалаларда 98,8 пайызға, ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қойылған міндеттерді уақытылы және сапалы іске асыру үшін облыстың әрбір елді мекенін ауызсумен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспары жасалып, салалық министрлікпен пысықталған.

Әрбір қалалық және ауылдық елді мекендер бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады.Сонымен қатар 2024 жылғы республикалық бюджеттің нақтылануына қосымша 17,8 миллиард теңгеге 26 жоба қаржыландыруға ұсынылды. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданында жүзеге асырылатын 2 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға тапсырылды. Сараптаманың қорытындысы 2024 жылдың мамыр айына дейін алынған жағдайда салалық министрлікке бюджеттік өтінім ұсынылады.Биыл құрылыс және реконструкция жұмыстарын жүргізу жоспарланған 17 нысанның мердігері мен техникалық қадағалаушысын анықтап беруге облыс әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасына өтінім берілген.

Қазіргі таңда жарияланған 17 жобаның 10-ы бойынша ғана мердігер мен техникалық қадағалаушы анықталған. Бұл өз кезегінде құрылыс жұмыстарының мерзімінің ұзаруына және жоспарланған көрсеткіштердің уақытылы орындалмауына әкеліп соғады, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлескен жұмысына байланысты екенін атап өтті. Өз кезегінде облыс әкімі құрылысы кестеден кешіккен нысандар бойынша тиісті аудан басшыларынан жауап алды. Мәселен, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың айтуынша, Бәйтерек ауылдық округінің орталығы Қосақ ауылындағы олқылық мердігердің жауапсыздығынан болған. Құрылыс жұмыстарының қарқыны баяу болғаны соншалық, екі жылдан бері ауызсу құбыры толық тартылмаған. Соңғы уәде бойынша мердігер мамыр айында нысанды іске қосу керек болғанымен құрылыс жұмыстары тоқтап тұрған көрінеді.

1 мамырдан кейін аудан әкімдігі жауапсыз мердігерді сотқа бермекші.Сол секілді Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы 2021 жылы қолға алынған. Бірақ тұрғындар ауызсумен әлі күнге қауыша алмай отыр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 414 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмысын жүргізуді «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған еді. Аталған серіктестікке қатысты бір жарым жылдан бері тиісті құқық қорғау органдары арқылы тексеру жұмыстары жүргізіліп келеді. Ақпан айының соңында сот шешімі шықты. Компанияның ұңғыманы талапқа сай тереңдікте қазбағаны анықталды. Қазіргі таңда серіктестік өз қаражаты есебінен «Жамбылгорстрой» компаниясымен келісімшартқа отырып, қазір ұңғыма қазылып жатыр. Ұңғыма 171 метр тереңдікке жетті. Жердің қаттылығына байланысты күніне ұңғыма 2-3 метр тереңдікте ғана қазылуда. Алдағы 15-20 күнде тиісті тереңдікке жетеді деп күтілуде. Бір айта кетерлігі, бұған дейін қазылған екі ұңғымада да су жоқ. Оның біреуі – 158, тағы бірі 168 метр тереңдікте қазылған болатын. Негізі құжат бойынша ұңғыма 200 метр тереңдікте қазылуы керек. Нәтижесін алдағы уақытта қосымша баяндайтын боламын, – деді Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов.

Жиында облыс әкімі осы тектес олқылықтар бойынша жауаптыларға сын-ескертпелер беріп, істі ширату керектігін еске салды. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтен шаһардағы №11 аумақтық округке қарасты «Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма» алқаптарының тұрғындарын ауызсумен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыс жайын сұрады. «Мердігер өз міндетін тиісті деңгейде атқармады, жұмысты дұрыс жүргізбеді, салдарынан біз жобаларды іске асыра алмай отырмыз» деген сылтаулар негізі қабылданбайды.

Мердігер жұмысты міндетіне сай атқармаса, сіздер қайда қарап жүрсіздер? Қажет болса, апта сайын мердігерлерді жинап, жауапты мамандармен бірге құрылыс нысанының басына барып, жағдайды зерделеңіздер, жұмыстың жүруін қадағалаңыздар. Қазір жаңа құрылыс маусымы басталды. Әрбір жобаны тікелей қадағалауға алыңыздар. Жыл аяғында мұндай сылтау айтылмайтын болсын. Өз міндетін дұрыс атқармаған, жауапкершілікті сезінбеген мердігерлерді заң аясында сотқа беріңіздер. Әрбір нысанның құрылысы сапалы әрі өз мерзімінде тапсырылуы тиіс, – деді Е.Қарашөкеев.

Бұдан кейін облыста су тасқыны бола қалған жағдайда оның алдын алу, салдарын жою мәселесі қаралды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов баяндама жасап, өңірдегі өзен-көлдерге жүргізілген зерделеу жұмысының нәтижесіне тоқталып, кемшіліктерді жіпке тізді. Көтерілген мәселе бойынша аймақ басшысы жауаптыларға бірқатар міндеттеме жүктеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 

 

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар