ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ОДА
Тәуелсізбін – өзімменен өзіммін,
Келдім ерік-жігеріммен бетпе-бет!
Шыңдап, шарға салам қайсар төзімді,
Жыр да жазам күн-түн демей, төкпелеп!
Тәуелсіздік, өміріммен егіз бе ең?
Қолмен ұстап, көрдім сені өз көзіммен.
Өз-өзіме қолым енді жеткенде,
Ештеңе де аямаспын өзімнен!
Өгіз қара күш бар өзім дегенде,
Мейірімін төгеді күн төбемнен.
Тәуелсізбін – көйлегім көк, қарным тоқ,
Бақуатты ғұмыр кешіп келем мен!
Ойхой, шіркін! Ұлы дала ұлы ем мен,
Көгорайы аумайды-ай көк кілемнен.
Төскейі – мал, еңісі – егін, қойны – құт,
Айналып-ақ кетпеймін бе бұл елден!
Елім өсті, алдан құшақ жайды үміт,
Мұнда келсең уайым ұмыт, қайғы ұмыт.
Жұмыртқалап бозторғай қой үстіне,
Таяқ ұстап келген кетер тай мініп.
Түңілмейін, үгілмейін бордайын,
Қайда сапар шегем десең, жол дайын.
Байтақ далам барда осындай мен қалай,
Кеңпейілді, жомарт, дарқан болмайын?!
Көтеріле түсті-ау көңіл хошы енді,
Келем жырлап әрбір тасын көшемнің.
Бар төбесі малынса алтын буына,
Мәртебесі өссе екен деп осы елдің.
КҮНДЕР-АЙ, КҮНДЕР...
Мен едім кешегі мықтың –
Жасыдым сәтте-ақ қас қағым.
Зейнетке шықтым –
Естеліктеріммен өмір сүре бастадым.
Бұл қызмет деген –
Қолдың кірі ғой деп пе ең?
Қайырлап кемем,
Өте алмай қалдым өткелден.
Бәйгеден келіп,
Барлыққан тұлпар болдым мен,
Жетектер даяшым да жоқ.
Қалғаны менде естелік қана сол күннен,
Шақырар дәйім шыңдағы от!
Мені еске алып,
кімдер есіркер,
Ғұмыр құсым ба?
Күндер-ай, күндер,
өттің де кеттің,
Сар-гүр деп ағып тұсымнан.
Көңілімнің құсы сайрады-ай,
О, одан асқан жоқ ұлы ән.
Өткен өмірім –
жарқ етіп, өшкен найзағай,
Жылынам соның отына.
ТҮНГІ ЛИРИКА
Жауынын күнара селдеткен,
Жалт ойнар көгіне өрмелеп.
Мейірім гүлдеген жер неткен,
Көзге ыстық көрінер көркем ед(і)!
Тамсана үн қатып
тау жақтан,
Үкі ме, байғыз ба, белгісіз.
Бұл маңды жұлдыздар ториды аулақтан,
Ғажап түн аңызға бергісіз.
Сәулесі себездеп түнде айдың,
Меркінің өзені жаңғырып.
Түн бойы тыншымай тулайды,
Толқыны тепсіне жарға ұрып.
Ай таудың аймалап бау-бағын,
Манаурай мүлгісін түн мейлі.
Көгорай бесікте тербетіп бәр-бәрін,
Көгілжім табиғат таңға көз ілмейді.
ТОҚТА, УАҚЫТ!
«Аялдашы, қас қағым – Кереметсің сен!»
Гете
Зырлап өтіп барасың қайда асығып?
Тоқта, уақыт!
Сәл ғана аялдашы.
Көктеп, өніп кете алмай майда шыбық,
Менсіз анық желегін жая алмасы.
Олар-дағы ділгір ғой жәрдеміме,
Ал сен оған үлгертіп жатырсың ба?
Мойынсынған пендеміз пәрменіңе,
Мейлі – отқа сал, мейлі – батыр суға!
Ғұмыр кешсек деп едік алаңдамай,
Ал күн мен түн зуылдай ағады алға,
Қолын созып ұмсынып маған қарай,
Гүлім қалып барады жағалауда.
Жырым маған жете алмай жәутең қағып,
Ұлғайғаны-ай көңілде сағыныштың.
Бірін екі ете алмай, көркем бағы
Жұтаң тартып, ақынның халі мүшкіл.
Жүргізумен, уақыт, әміріңді,
Бұл-бұл ұшып барасың көзімізден.
Күнкөрістің қамымен қадіріңді,
Білмей жүрген кінә әлде өзімізде?
Сел де кешкен, кезің көп шоқ та басқан,
Күн мен түннің қатталған әрқайсысында ой.
Уақыт-өзен, ағасың тоқтамастан,
Мен тоқтармын,
сен тоқтай алмайсың ғой!
БАҒЗЫ КҮЙ
Зәуінде ауылға барам ба –
Үйіріле кетер басқа мұң.
Байшыкештеу, қамсыз әрі аңғал
Әй, менің ауылдастарым.
Балалығымның қалған іздері
(Төсінде енді мендік самғар ма ой?)
Құба жон, құла түздегі
Байтақты бөлісіп алған ғой.
Тапқандай сонау кезде ебін,
Жері үшін ағайынмен де араз.
Өз малын жайып,
өзгенің малына
қамшы үйіргенге мәз.
Шешілмей дауы шырғалаңданып,
Шиеленісіп жатқан шақта бұл.
Жер бөлісе алмай,
бір қазанда әлі
Бастары піспей жатқаны...
Қазаққа ен тегін дүние «қайтқан»,
Тек мейір, шафқат шектеулі.
Бағзыда Абай күйіне айтқан,
Жайлармен бетпе-бет келдік.
Ол өмір сүрген ортаның, елдің,
Басымызға келіп бар ісі.
Тіккен қосымызды қорқамын енді,
Жығар деп замана ағысы.
Несібелерінен біраз қауым қағылды,
Ал байдың бағын байлар кім?
Ісі өрге басты ауылда бүгін,
Оразбай, Құнанбайлардың.
Солардыкіне әлде ұқсас па ауылың?
Кімді ұйқы басты, кім ояу?
Бәрі де жүр ғой тұстастарының,
Ал Абай қайда, Құдай-ау!
ТАЛАН
Алтайы-күн алдырмай аңдығанға,
Міне, баяу батуға қалды тауға.
Кеш те батты, ал ертең таң атады,
Көрер қызық, Құдай-ау, қалды ма алда?
Асықпаймын, зулаған күндер мынау,
Алпыс келді, ақ қырау бүркенді бау.
Қиын екен баласы болу шалдың,
Бәріне кеш қол жетті – үлгердім-ау!
Оңғаны жоқ қызықтың есімдегі,
Дипломды кеш алдым, кеш үйлендім.
Жайлауына жастықтың жеткенімде,
Жуытпады қызы бар еш үй – көндік!
Асықпай-ақ арда өмір жолын да өттім,
Басқаны емес, елге де соны үлгі еттім.
Көшімді кеш қозғадым, қызметке де,
Қырмасақал жасымда қолым жетті.
Жылдан-жылға шабытын еселеген,
Ақын едім, жазбадым кеше неге?
Өлеңімді өрермін өлместей қып,
Бұйырғанын көрермін пешенеме!
Күшігімнен талану –
таланыма жазылғандай,
Бұл да – серт қаламыма.
Адамша өмір сүрсем – құп, Уайым емес –
Қалмаймын ба тарихта, қаламын ба?
Бағзыдан жоқ қанымда даңққұмарлық.,
Бойға жиып қазақы салтты барлық.
Тілді, ділді құрметтеу, сүю деген,
Азаматқа айналдық антты ұғарлық!
Өмірдің тек жақсысын алдым қалқып,
Көңілім де баяғы балғын қалпы.
Алпысында көрген ұл – «атұстары» ем,
Арта берсін алда да шалдың даңқы!
БАҚЫТ ДЕГЕН...
Бақытты ғұмыр кештім бе?
Байлық та жиып көрмедім.
Сүйікті болмадым ешкімге,
Ешкімді сүйіп көрмедім.
Мың қыздың таңдап ішінен
Мен сүйген қыз да болмады.
Кіреді кейде түсіме,
Мені іздеп жүр ме ол да әлі?
Шақырса, жердің шетіне
барар ем, Ол қыз жоқ елде.
Бейкүнә ғұмыр кешуде,
Өмірде емес, өлеңде!
Қайтерсің, енді өкінем,
Жетпедім оған, жетем деп.
Күле қарағанды бетіме,
Алдандым сүйеді екен деп.
Жанымды қарып ызғар жүр,
Жүрек ерімес мұз ба еді?
Жәутеңдей қарап қызға әрбір,
Махаббатымды іздедім!
«Жігіт-ақ ең ғой» дерсіңдер –
Қозғаусыз жатқан шерсіңдер.
Кешегі қыздар,
Бүгінгі – кимешек киген кемпірлер!
Махаббатым ба сол, алғашқы ән?
Күте ме әлі ол жалғыз.
Өксігін баса алмастан,
Араларыңда қалып қойған қыз...
Ғұмырға сыймай қас қағым,
Жүр сезім бұлқып қанымда.
Бақыт – сен емес, басқаның
Өзіңді сүйе алғанында!
АҚША БҰЛТТАР
Менде бір ақша бұлт бар-ды,
Төбемде үйіріліп жүретін.
Бұлт қалды, атажұрт қалды,
Хабарын кім бар білетін?
Қадірін оның ұғар кім,
Қорғайтын көлеңкесімен.
Жаңбырыменен жұпарлы,
Себетін өлең төсіме.
Уа, өзін көргем жоқ көптен,
Мүмкін шаршады.
Тұратын мені мектепке,
Шығарып салып, қарсы алып.
Айтатын болсам мен шынын,
Атымды жайды жұртқа бұл.
Секілді жекеменшігім,
бұлттарым.
Омырауынан айқай-үні есіп,
Бұйыққан бұла арманым.
Өзіммен бірге ілесіп,
Бұлттарым қайда бармады?!
Күтті ылғи мені жолымнан,
Бар ма әлде ойы ұғыспақ.
Ол қалмай еріп соңымнан,
Жөңкіді Қиыр Шығысқа.
Пақырды мендей досы қып,
Суыққа тоңып сыртта – анда,
Екі жыл жүрді қосылып,
Приморьелік бұлттарға!
Бұлттарым жүрген басқа елде,
Дейтіндей: «Қалай, көке, хал?».
...Қайттым ғой ақыры әскерден,
Бұлттарым қайтты ма екен ал?
АҚҚУЛАР
Барсың ба, әлде жоқсың ба,
көктің құсы,
Аспанға атың мәңгіге жазылды анық.
Аққулар-ай, ғайыпқа кеттің бе ұшып,
Сардалада сыңсыған сазың қалып?
Тасығанмен ауылымда көктемде арна,
Қонбай жүрсің Ақкөлге, Жәдіккөлге...
Адамға айтар базынаң, өкпең бар ма?
Ғайып болып кеткенің анық па әлде?
Құшақ жая, уа, құстар, ұшқан жазға,
Алдан жазы құшағын ашып қарсы ап.
Біз де мәзбіз құшаққа қысқанға аздап,
Күтумен жүр сендерді ғашық қанша.
Махаббат та, сезім де сендерде – пәк,
Қонсаң келіп, күй кешер көлдер рақат.
Сол сән кеміп, көктем мен жаз өтті де,
Сендер көкке ұштыңдар, мен жерде қап.
Ұмытқанмын мұңды да, қайғыны да,
Ғайып болдың көңілімде жақтың да арай.
Қайта оралар ма екенсің айдыныма,
Қанат қаққан арманға, аққулар-ай!
Әйәй құстар сағыныш, сазды ақтарар,
Кеудесінде жанатын лапылдап от.
Қалып қойды-ау сол жылғы жаз жақта олар,
Аққуы жоқ ауылда ақын да жоқ.
Қона ма, әлде қонбай ма көлдерге бақ?
Жаратқаннан болмай ма енді рақым?
...Жаза-жаза шаршаған жер-жерге хат,
«Айналсам ба аққуға?» деп жүр ақын.
ЖАЛҚЫ КҮЙ
Халдың несін қайта-қайта сұрайсың?
Көктен сәуле себер суық бір айсың.
Бұл жаста сен
көңілденсең, күлімдеп,
Жастық шағың еске түссе, жылайсың.
Жоқ баяғы албырт сезім, асқақ ән,
Болмысым да байсал тарта бастаған.
Қаламымның «бастығымын» – бар-жоғы,
Таласпаймын билігіңе, басқаңа.
Күнім саған қарап қалды,
Әй, қалам,
кезің қайда шайқап төккен, шайқаған...
Шалқып-тасып, шабыттана сен жазған,
Жырларды еске ап күрсіне ме мәйханаң?
Орындайсың айтқанымды екі етпей,
Отырам мен (әрбір күнім тек өтпей).
Пойызы жоқ,
жолаушысы,
жолы жоқ,
Елсізде алыс қалып қойған бекеттей.
Қайдағыны еске ап ескі сүгірет,
Ойымда өткен күндер қайта «тірілед(і)».
Адам да жоқ айналамда жай ғана,
Жататұғын бірі кетсе, бірі кеп.
Оңаша үйде отырасың хан құсап.
Өзіңменен өзің қалған жалқы сәт.
Алды-артыңды шоласың ба – мархабат.
Тыншу қайда...
Сезім мен ой шарпысат!
Көкпарыңды тақымға бір қысар ма ек,
Құрғыр жасың аяғыңды тұсар тек.
Күнде ойлайсың бұл жаста, рас, кеудеңді,
Шыбын жаның қашан тастап ұшар деп.
Шөжіп, шөге түскен бағзы нар тұлғаң,
Жастық қалды от-жалынға шарпылған.
Қайғысы мен қуанышы аралас,
О, тұтас бір дәуір қалды артыңда!
Болашаққа жазсам дейсің «бүкпе» хат,
Соның бәрін иініне жүктеп ап.
Қотарғалы жатыр қағаз бетіне,
Қалам менің болды астыма біткен ат.
Жазар бәрін сезімменен бір ынтық,
Дей ме өмірдің ақырын күт, түбін күт.
Көз алдыма әкелгісі келе ме,
Менің өткен өмірімді тірілтіп.
Бәрі жақсы...
Таңым күліп атқандай.
Ұйқым қанық, жаным да жай тапқандай.
Тек қаламым
құйттай ғана болып ап,
Құдды бір тау қопарғалы жатқандай.
Оған ылғи бас-көз болып, алаңмын,
Жазбай-сызбай қалайша жай табармын?!
Не айтары бар,
Менің өзім (ол емес) –
Құдіреттің қолындағы қаламмын!
ЖАЗ АЙЫ
Жел құрғақ, дала құрғақ –құрғақ бәрі,
Таластың тобарсумен бір қапталы.
Маңдайын күнге беріп кейуана жазық,
Ып-ыссы қоламтаға тұр қақталып.
Тартады жанарды арбап бақ бәдені,
Ериді таңдайында тәтті әуені.
Аңқасы кепкен адыр, бұйраттар-ай,
Қоярдай бұлттың үрпін қақтап еміп.
Жаз айы,
жаздың демі неткен ыстық,
Төскейін түздің желпіп тұр аптабы.
Өн бойын шымырлатып өтті еңістің,
Сыңғырлап салқынқанды суаттары.
Жаз айы, жалаң кеуде,
жалаңаяқ,
Асыр сап жүргендей ол кең өлкеде.
Табанын шөңге тілген баланы аяп,
Отырмын көлеңкеде, көлеңкеде.
Жаумады жаңбыр, жаңбыр,
қыр құрғады,
Бұрқырап есті шөптің иісі небір.
... Аяулы сезімдердей дір-дір қағып,
Жаз айы жанарында тұрсың, Өмір!
АҚЫН ЖҮР...
Ақын сорлы, көрді ол не?
Орын тимей төрден де.
Көкте – Тәңір, жерде – елге,
Үні жетпей шерменде.
Жатыр оны кім ұғып?
Жүргені сол бұйығып.
Өкініші, өксігі,
Алқымына тығылып.
Ақында өшті от кейбір,
Солды солай көктей бүр.
Жүрегінен шыққан сөз,
Жүректерге жетпей жүр.
Ешкіммен де таласпай,
Қоғамы да қараспай.
Өзін-өзі өлеңмен,
Жұбатудан әрі аспай.
(Білер дейсің, сірә, кім?)
Сезімдері сұрапыл.
Аты, заты байқалмай,
Арамызда жүр ақын.
Саусақтары талды құр,
Уға айналды бал ғұмыр.
Оқымады оны ешкім,
Тартпасында қалды жыр.
КЕРТОЛҒАУ
Ақ барыс емен азуын айға білеген,
Ағыстың асып-таспайтын жайдағы ғана ем.
Өмір бойы алысып өзіммен-өзім,
Келемін. Әлгі...
шер қозғар қайда бұл өлең?
Көңілімде сырым көп менің айтамын деген,
Көк бөрі рухым қозғалса, қайтады неден?
Хақымды елдің хақынан биік қоймадым,
Ақынның өмірін сүрдім тек, Айғағым – өлең!
Рухым кемелденген шек, шекара көрмей,
Бағзыда жаһан жаулаған бел ала өрлей.
Көңілімдегі азат ойлардың шегі жоқ, сірә,
Берсем деп келем еліме, тек ала бермей.
Бір түрі, сірә, болар-ау бұл да нәсіптің,
Шынайылығыма шаң жуытпай, шыңға да шықтым.
Қайғымен сіңген бойыма қыруар қасиет,
Мені түсінетіндігі үшін де Мұңға ғашықпын.
Не болған? Қазір айналам – былапыт, лайсаң,
Асқақтығымның сақталды мұраты қанша ал?
Өзімді өзім, дариға-ай, кешірер ме екенмін,
Зәу биігінен бұл арымды құлатып алсам?!
Өмір сүрсек деп келеміз көркем қоғамда,
Орнай ма,
Әлде арман ба өртенген ол да?
Бәріне бір-ақ қолымды сілтесем бе екен,
Бүгін бармын ғой, шүкір,
Ертең болам ба?
ЖҮРЕГІҢ – ҚҰДАЙ
Өзіме анық, басқаға елес,
Өмірім менің – дір еткен әуен-ді.
Ал ол қайтерсің, басқаға емес,
Бір күн тоқтап қалатын жүрекке тәуелді!
Жүректі жыр байғұс айналшықтайды,
Оның да аян айтпағы маған.
Сөйлейтін сөзі жалған шықпайды,
Жүректің көнсе айтқанына адам.
Біреуге біреу Құдай көрініп,
Құрметтесе-дағы оның тірек-тамыры.
Адамдар бір-бірін құлай беріліп,
Сүйе ме, сүймей ме, ол – жүректің әмірі!
Сан тарам өмір пернесіндегі,
Кімнің де күй ғой шерткені өміршең.
Әркім үшін де кеудесіндегі,
Жүрегі Құдай, өйткені білсең!
Баймаханбет Ахмет