Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ескерткіштерді ел болып қорғауымыз керек

Ескерткіштерді ел болып қорғауымыз керек
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды Ешкіөлмес жотасы – Еуразия құрлығындағы петроглифі ең көп жердің бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларында көптеген тарихи сурет сақталған. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі», – деп айтқан болатын.

 

Кез келген петроглифте немесе тарихи ескерткіштерімізде бабаларымыздың ізі жасырынып жатады. Әрі тарихи іздерді айшықтай түсетін аңыз-әпсаналардың да ел аузынан түспей айтылып жүретіні бар. Мемлекет басшысы атап өткен Құлжабасына байланысты да ел ішінде аңыз көп. Әсіресе ұлтымыздың тарихында тағдырлы соғыстардың қатарына жататын «Аңырақай шайқасы» туралы айтқанда Құлжабасыны атап өтпеу мүмкін емес.
Нақтырақ айтар болсақ, Қордай ауданының аумағында орналасқан Құлжабасы шоқысы «Аңырақай шайқасы» кезінде маңызды стратегиялық соғыс алаңы болған. Себебі Құлжабасы биіктен ұрыс даласын бақылауға өте ыңғайлы шоқы екен. Кейбір тарихи деректерге сүйенсек, бірде соғыс алаңын бақылауда ұстап отырған Төле би мен Қазыбек би кеңесе келе, жас сарбаздардың бірін жауды барлау үшін шоқыға қояды. Ал қарама-қарсы бағытта орналасқан Сарбастаудағы «Доржы» биігінде қалмақтың жауынгері отырады. Сөйтіп, екеуі екі күн аңдысады. Үшінші күні таңертең қазақтың сарбазы бір амал-айла ойлап табады да қасындағыларға: «Мен өгіздің терісін ағашқа керіп, мына шоқының басынан қанат жасап төмен қарай ұшайын, сонда жоңғарлардың зәре-құты қалмай, алды-арттарына қарамай қашады», – дейді. Cөйтіп не керек, әлгі батыр қарақұстың қанатындай өгіздің терісінен қанат жасап, қолына бір қарын айранды қоса алып, шоқының биігінен төмен қарай ұшады. Ұша бере қарынды жарып, ішіндегі айранды төгіп жібереді. Көп ұзамай құзға соқтығысып өзі де мерт болады. Қарама-қарсы «Доржы» биігінде жан-жағына қарап шолу жасап отырған қалмақ сарбазы қайта-қайта көзін уқалап: «Екі күн бойы адам деп отырғаным алып қарақұс болды-ау, саңғытып кетті ғой, әттеген-ай, қазақтардың аруағы басым болды, жеткен жеріміз осы болды», – деп өкінген екен. Сөйтіп, соғыста қазақ қолы жеңіске жетіпті.
Қанша дегенмен «Аңыз түбі – ақиқат» деп білген халықпыз. Осы секілді аңыздарға арқау болған тарихи өлкенің орнын осыдан-ақ білуге болса керек. Жалпы ұлы даламызда ұлт тарихының шежіресіндей Құлжабасы сияқты тарихи жерлер, киелі орындар аз емес. Ендігі мәселе – Президентіміз айтқандай, дала өркениетінің сан мың жылдық шежірелерін сақтау қалу.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда тарихи жәдігерлеріміздің жай-күйі көңіл көншітерліктей жағдайда емес. Мысалы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, археолог, тарихшы Сауран Қалиев те облысымыздағы кейбір тарихи ескерткіштер мен петроглифтердің бүлінуіне алаңдаушылық білдіріп отыр. 
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда айтқан сөзінде: «Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн», деп кесіп айтқан болатын. 
Президенттің назарында тұрған мәселе облысымызға да қатысты. Әсіресе Қордай ауылындағы Қордай қалашығы Ұлы Жібек жолы бойындағы ең ірі қалалық мәдениет қалыптасқан қалашықтардың бірі болатын. Соңғы уақыттарда Қордай ауданында, Қордай ауылында халық санының өсуіне байланысты ескерткіштердің қорғалу аймағы бұзылып, жойылып кету қаупі төніп тұр. Қордай ауданындағы ерте темір дәуірі және ерте орта ғасыр кезеңіне тиесілі құнды жәдігерлеріміздің де жағдайы мәз емес. Себебі тау шатқалдарына демалуға барған халық таңбалы тастарымыздың бетін шимайлап, есімдерін жазып кетеді. Мұның барлығы құнды жәдігерлеріміздің жойылып кету ықтималдығын күшейтуде. 
Сонымен қатар руникалық жазуларымыздың тағдыры да алаңдатпай қоймайды. Меркі ауылында халық санының өсуіне байланысты Меркі 8 петроглифтерінің жойылып кету қаупі бар. Базбіреулері жойылып та кетті. Өйткені жер телімдерін сатып алған тұрғындар ондағы қойтастардың орнын ауыстырып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Одан кейін ерте темір кезеңіндегі, түркілік кезеңге жататын тас мүсіндерімізден де айырылып жатырмыз. 
Қарап отырсаңыз, сонау Қола дәуірі, ерте Темір дәуірі, ерте Орта ғасыр кезеңіне қатысты көптеген жәдігерлеріміз адамдардың қолымен бұзылып жатыр. Содан кейін Қаратау тау жотасындағы петроглифтердің жойылып кетуі мүмкін екенін айтпай кетуге болмайды, – дейді С.Қалиев.
Ал тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембековтен қазір тарихи орындарымыздың қандай күйде екенін және оларды қорғау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрадық.
– Жалпы облысымыздағы 3 459 тарихи-мәдени ескерткіштің 698-і жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге енгізілген. Аталған тізімге енген тарихи-мәдени ескерткіштерге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 10 сәуірдегі №82 бұйрығына сәйкес тарихи-мәдени ескерткіштердің паспортын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Яғни ескерткіштердің орналасқан жері, географиялық координаты, тарихи мәліметтер, ескерткіштің сипаттамасы, ескерткіштің санаты, ескерткішке мәртебе берілген қаулының суреті бойынша ақпараттар қамтылған. Жоспарлы жұмыстарды тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының қызметкерлері мен аудандық ескерткіштерді қорғау инспекторлары бірлесе атқаруда. Сонымен қатар тарихи-мәдени ескерткіштерге 2024 жылдың 1 тоқсанында жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 715 тарихи-мәдени ескерткіштің тұрақты жер пайдалану мемлекеттік АКТ-сі бар екендігі, 2 753 тарихи-мәдени ескерткіштің тұрақты жер пайдалану мемлекеттік АКТ-сі жоқ екендігі анықталды. Алдағы уақытта біз барлық тарихи орындарымыздың заңмен сақталуын қадағалайтын боламыз. 
Ал атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесіне назар аударатын болсақ, 75 мемлекеттік қорғау тақтайшасы жасалып, тарихи-мәдени ескерткіштерге орнатылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылғы 2 сәуірдегі «Қорғау міндеттемелерін беру қағидаларын бекіту туралы» №78 бұйрығына сәйкес Тараз қаласы мен аудандар бойынша жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау міндеттемелері толтырылып, меншік иелеріне таратылды. 
Сондай-ақ Мойынқұм, Сарысу, Меркі аудандарында орналасқан орны белгісіз тарихи-мәдени нысандардың географиялық координаттарын белгілеу мен жаңадан анықталған ескерткіштерді есепке алу бойынша далалық археологиялық ізденіс жұмыстарын жүргізу және нысандарды құжаттандыру жұмыстары іске асырылды. Сонымен қатар жылдық жоспарға сәйкес 2023 жылы Талас ауданында орналасқан жергілікті дәрежедегі мемлекеттік тізімге енгізілген 59 тарихи және мәдени ескерткіштің сақталу дәрежесін анықтау, техникалық жағдайын зерделеу, қорғау аймақтарындағы заңсыз құрылысты анықтау, пайдаланушылармен қорғау міндеттемелерінің сақталуы бойынша мониторинг жұмыстары атқарылды. Биыл Байзақ ауданы, Ақбұлым ауылынан 5 шақырым қашықтықтағы Қарасай шатқалында орналасқан петроглифтерге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қарасай петроглифтеріне археологиялық ғылыми-зерттеу және аумағын ашық аспанасты музейіне бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. 
Жалпы тарихи-мәдени нысандардың қазіргі орналасқан жері, нысанның жалпы өлшемдері, жан-жақты фотосуреттері, ескерткіштің географиялық координаты алынды. Археологиялық барлау жұмыстары барысында тарихи-мәдени нысандардың пайда болған уақыты мен даму кезеңдеріне қарай жіктеліп, қаралды. Тарихи-мәдени мұра объектілерін құжаттандыру жұмыстары белгіленген құқықтық-нормативтік АКТ негізінде жүзеге асырылды. Тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріне есепке алу құжаты толтырылды. Сонымен қатар әртүрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде жан-жақты зерделеніп, толыққанды ақпараттар жинақталатынын да атап өткім келеді.
Сондай-ақ ескерткіштерді қорғау тек қана бір ұйымның міндеті емес, ол ұлттық-мәдени ортақ мұрамыз екенін ұғынсақ екен деймін. Әсіресе жастарға соны ұғындыруымыз, түсіндіруіміз керек. Олар жартас суреттерін көргенде беттерін шимайлауға емес, қайта елдің бүлдіруінен сақтауға әуес болуы тиіс. Әрбір жер иесі де өз аумағында орналасқан ескерткіштерді сақтауға, оларды бүлдірмеуге міндетті, – дейді Қуаныш Кәрібайұлы. 
Мәдени мұралар адамзаттың ғасырлар бойы жинаған рухани байлығы, тарихы, шежіресі десек, біздің тарихи-мәдени мұрамыздың тамыры тереңде жатыр. Ал ата-баба мұраларын келешек ұрпаққа дәріптеу – 
біздің басты мақсатымыз. 
Жалпы көне ескерткіштер Қазақстанның барлық аймақтарында жиі кездеседі. Жартас суреттерін ежелгі заман суретшілерінің ашық аспан астындағы галереясы деп білуге болады. Соның бірі – Қордай ауданының Отар стансасы мен Шоқпар стансасының аралығындағы «Қордай» разъезінің оңтүстігінен 15-20 шақырымдай қашықтықтағы тау сілемдерінің арасында орналасқан Құлжабасындағы қола дәуірінің петроглифтері деуге болады. 
Бүгінгі таңда аталған аудандағы барлық жәдігер қатаң қадағалауға алынған. Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылымдық бөлімшесінің жетекшісі Бектұр Кампитов қазіргі таңда ауданда археологиялық ескерткіштерді заңдастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Біздегі тарихи нысандар негізі ауылдық округтердегі жекеменшік шаруа қожалықтардың иелігіндегі жерлерде орналасқан. Шаруа қожалық басшыларының уақытша жер пайдаланушы ретінде рәсімделген актілері бар. Сонымен қатар Қордай ауылындағы «Георгиевск» қалашығының «Азаматтарға арналған үкімет» акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының Қордай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімімен жерге орналастыру жобасын әзірлеуге қаражат қарастырылып, мемлекеттік жерге орналастыру актісі жасалынды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» №103 бұйрығына сәйкес ескерткіштерді сақтау, қорғау, заңдастыру, құжаттандыру жұмыстары бойынша ауылдық округ әкімдерінің ескерткіштерге жауап беретін мамандарына түсіндірме жұмыстары, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып тұрады, – дейді Бектұр Аманұлы.
Иә, осы уақытқа дейін Алтын адам сияқты аса құнды жәдігерлер табылған біздің жерімізге келіп-кетушілердің біздің ашық аспан астындағы асыл мұраларымыздың біразын қолды қылғаны анық. Бұл туралы Президент Ұлттық құрылтайда баса айтып, енді ондайға жол берілмейтінін қатаң түрде ескертті. 
Мемлекет басшысы: «Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналды. Тіпті еліміздің аумағынан табылған құнды жәдігерлерді Қазақстандағы, шетелдегі жеке коллекциялардан және әлемнің әртүрлі мұражайларынан көретін болдық. Бұл мәселені шұғыл қолға алу керек. Атап айтқанда, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажет. Тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды күшейткен жөн», деген Мемлекет басшысы құзырлы органдарға қатаң түрде тапсырма жүктеді. Міне, шын мәнінде, бұл ұлт болып қорғауға, халық болып қолға алуға тиісті ісіміздің бірі болмақ. 

Шапағат ӘБДІР
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар