Ұлттық және өңірлік мерзімді баспасөз қоғамдық-саяси, әлеуметтік маңызды тақырыптардың алаңы ғана емес, рухани-мәдени, дәстүрлі құндылықтарды сақтау мен таратудың кепілі де. Толассыз ақпарат тасқынын ұсынған әлеуметтік желінің әлеуетіне табындырған цифрлық революцияның дәуірінде мерзімді баспасөз өнімі арқылы ұлттық мүддені қорғап, жаңалық жеткізудің тиімді құралы болу – бүгінгі медиа нарықтың басты мәселесі. Бес мыңнан аса ақпарат құралы тіркелген елде оның өнімін тұтыну мәселесі де күн тәртібінен түспек емес. «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» атты тақырыппен Алматыда өткен өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарының ІІ республикалық форумында ұлттық медианың келешек тағдырына керек тақырыптар талқыланды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан республикалық форумға аймақтардан медиа мамандар шақырылды. Форумды ашқан Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп заманауи медиа кеңістіктегі өзекті мәселелерді саралап, жылдамдықпен дамып келе жатқан бүгінгі баспасөздің уақыт талабына бейімделуіне, Парламентте талқыланып жатқан «Масс-медиа туралы» заңның түйткілді тұстарына тоқталды. Бірнеше тілді еркін меңгерген журналистердің қабілетін кәсіби артықшылыққа балап, өңір тілшілерін тіл үйренуге үндеді. Спикер: «Өңірлік БАҚ деген өмірлік бақ деп есептеу керек. Себебі Қазақстан өңірлерімен қуатты», – деді.
Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шараға шақырылған спикерлер – Президент Әкімшілігі, Парламенттен келген лауазымды тұлғалар, бәрі де «газеттің қазанынан» қайнап шыққандар.– Қандай қиындық болса да қазақ журналистері ұлттық мүддені қорғауға келгенде аянып қалған жоқ. Сол себепті мемлекеттің оларға барынша қолдау көрсетуі – заңдылық. Өңірдегі баспасөз құралдарының көбі қиын жағдайды бастан кешіп отыр. Кейбір газеттер сатылып кетті. Пандемия кезінде де газеттер зардап шекті. Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар. Сол кітапханалардың әрқайсысы бір данадан жазылса, 11 мың басылымға жазылуға болар еді. Қазақ газеттері әлемде жоқ жанкештілікпен жұмыс істеп келеді, – деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
Қоғам мен билік арасында сауатты диалог жүргізу мәселесі Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың сөзіне арқау болды. Саналы ғұмырын тәуелсіз журналистиканы дамыту жолына арнаған депутат еліміздегі мемлекеттік, ұлттық мүдде тұрғысындағы сөз бостандығы ұғымын 2019 жылға «дейінгі» және «кейінгі» мысалында салыстыра қарады. Кәсіпқой журналист газет тарату ісіне байланысты туындайтын қиындықты да ұмыт қалдырмай, оқу мәдениетін қалыптастыру туралы ой қозғады.
Президенттің Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес: «Қазақ журналистері қашанда мемлекетшіл позицияны ұстанған. Мемлекеттің бірлігі, елдің ынтымағы, халықтың берекетті өмірі басты бағыты болған. Бұл алтын арқау әлі жалғасып келеді. Ұлттық журналистиканы заманауи трендтерді меңгере отырып дамыту – басты міндет. Қазір қоғам мен биліктің арасында алшақтық жоқ. Өйткені қоғамның үнін әлеуметтік желілер арқылы болсын, дәстүрлі медиа арқылы болсын жеткізу жолдары оңай. Ұлттық журналистикамызды дамытып, өркендетуге, өрісін кеңейтуге қатысты көптеген келелі мәселе бүгінгі форумда айтылып, шешілу жолдары ұсынылады деген ойдамын», – деді.
Екі күнге жоспарланған форумның алғашқы панельдік отырысына «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет модераторлық жасап, медиа өкілдер жиналған басқосудың маңыздылығын атап өтті. – Сапалы аудиторияны қамтитын мерзімді баспасөз, соның ішінде өңірлік басылымдарды дамыту – көкейкесті мәселе. Мемлекет тарапынан БАҚ саласын дамытуды қолдау бағытында бірқатар іс-шара атқарылып жатыр. Бүгінгі форум да министрлік қолға алған кешенді іс-шаралардың үлкен бір бөлігі. Форумда мерзімді басылымдарды танымал ету, оқырман аудиториясын кеңейту, баспасөзді нығайтуда әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдалану, сонымен қатар балалар басылымдары, басылымдарда сапалы контентті арттыру талқыланады, – деді ол.
«Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіптің сараптамалық материал жазудың стилі туралы әңгімесінен журналистер өздеріне пайдалы тұсын түртіп алды. Себебі интернет көздерінде, қаптаған сайттарда сіресіп тұрған ақпараттардан газетті тап осы терең талдаумен зерттеліп жазылатын сауатты сараптамасы арашалайды. Бас редактор «бейтарап болу, айғайламау, объективті оқиғаны субъективті пікірмен бағаламау, адамның жеке басына өтуді әдепсіздік санау» секілді сараптамаға қойылатын басты талаптарды санамалап, өзге де жанрлық ерекшелігін жіліктеп берді. Ал «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігінің» құрастырушысы, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева «Қате қолданыстағы сөздер мен тіркестер» тақырыбында сөз алып, күнделікті мерзімді басылымдарда жиі жіберілетін қателерге тоқталды.
Форум қатысушылары «Баспа басылымдарын танымал ету және тарату: аймақтық қырлары» атауымен өткен екінші панельдік отырыста белгілі медиа құрал жетекшілерінің басшылығымен өңірлік БАҚ жұмысының ерекшеліктері, басымдықтары мен бағдарына, дәстүрлі БАҚ-тың беделін арттыру, дәстүрлі БАҚ-тың әлеуметтік желімен интеграциялануы, журналистика менеджменті және қазіргі заманғы медиа жүйе тақырыптарын талқылады. Өңірден келген медиа өкілдерін, әсіресе салалық журналистика мәселелері, атап айтқанда, діни журналистика, этножурналистика, әскери журналистика ерекшеліктері, журналистік этика және стандарттары мәселелері алабөтен қызығушылығын оятты. Кейбір мәселедегі ашық пікірталаста мерзімді басылымдардың тыныс-тіршілігі туралы тың ойлар айтылып, әріптестер өзара пікір алмасып жатты.
Интернет ресурстары мен әлеуметтік желідегі ақпараттар ағыны арасында басылымдарды бәсекеге қабілетті етіп, өз аудиториясын сауатты сараптама, зерделі зерттеулермен сусындатып, пайдалы ақпаратпен қамтамасыз ету – аймақтық медианың күн сайын қаузайтын мәселесі. Форумда баспа басылымдарында «Youtube» арнасын дамыту жолдары, ерекшеліктері мен менеджментін, басылымдарды онлайн форматқа өткізудің тәсілдері, әлеуметтік медиа, жасанды интеллект, балалар басылымдары, балаларға арналған қызықты ғылыми-танымдық контент қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Форум қорытындысында Президент баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес пен Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов өңірлік басылымдардың өкілдеріне форумға белсенділікпен қатысқандары үшін алғыс айтты.Іс-шара соңында ақпарат саласына сіңірген көп жылғы еңбегі үшін бірқатар БАҚ өкілі «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Марапатталған журналистердің қатарында «Меркі тынысы», «Талас тынысы» және «Мойынқұм таңы» газеттерінің бас директоры Олжас Иенберген де бар.Әріптесімізді лайықты марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
журналист,
Меркі ауданы