Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үздік ұйымдастырушы дәрігерлер анықталды

Үздік ұйымдастырушы дәрігерлер анықталды
Ашық дереккөз
Кеше Тараз қаласындағы облыстық қан орталығында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Денсаулық сақтау саласындағы үздік ұйымдастырушы» атты медицина қызметкерлері арасында облыстық байқау өтті. Кәсіби құзыреттіліктері мен көшбасшылық қасиеттері жоғары деңгейде қалыптасқан медицина қызметкерлерін анықтауды мақсат еткен жарыста 20 қатысушы бақ сынады.

Облыстың 85 жылдығына орай ұйымдастырылған байқау басталмас бұрын облыстық қан орталығының ауласына Ербол Шырақпайұлы мен Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов ағаш көшеттерін отырғызды.Медицина қызметкерлері арасында өтетін облыстық конкурс комиссиясына Ербол Қарашөкеев төрағалық етті. Ал облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Мықтыбекқызы комиссия төрағасының орынбасары ретінде әділ шешім шығаруға атсалысты.Комиссия құрамында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, комиссия хатшысы Лаура Отарбай, «Actual Med» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, денсаулық сақтау саласының эксперті Айнагүл Байбекова, облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова, «Болашақ» медициналық колледжінің директоры Ораз Досқұлов, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Ержан Утеулиев болды.

Бір айта кетерлігі, жарыс ережесіне сәйкес үміткерлердің «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша жоғары білімі немесе «Бизнес, басқару және құқық» даярлау бағыты бойынша жоғары білімі және «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болуы маңызды. Сонымен қатар негізгі жұмыс орны денсаулық сақтау саласындағы мекемеде болуы шарт.Қатысушылардың денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтілі кемінде 5 жылдан кем болмауы да басты талаптың бірі.Байқауды құттықтау сөзбен ашқан Ербол Шырақпайұлы мұндай байқаулардың кадр сапасын арттыруға қосатын үлесі зор болатынын айтты. – Дені сау азамат – мемлекеттің басты байлығы. Еліміздің азаматтарының денсаулығын сақтау, әл-ауқатын арттыру – алдыңғы қатарда тұрған мақсат. Сондықтан мемлекетіміздің денсаулық сақтау жүйесін дамыту маңызды рөлге ие. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медицинаға үлкен жауапты міндеттер қойып отыр. Медициналық қызметтің барша халыққа қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге барлық мүмкіндік жасалуы керек. Бүгінде облысымыздың денсаулық сақтау жүйесі білікті мамандармен толығып, материалдық-техникалық базасы жақсара түсуде. Мысалы, өткен жылы 19 медициналық нысан пайдалануға берілсе, 11 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл 24 нысанның құрылысы басталып, жыл соңына дейін 22-сі пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын жаңғырту қолға алынып, 20 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Өңірдің жетекші саласын дамытуға ардагер дәрігерлер де аз үлес қосқан жоқ. Мысалы, Сейтхан Жошыбаевтың, Ораз Досболовтың, Төленбек Сауырбаевтың, Сағындық Ордабековтің есімін айрықша атауға болады. 

Осы орайда мейірбан жүректі дәрігерлерге қажырлы еңбегі мен игілікті істері үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі байқауда да дәрігерлеріміз өздерінің жаңашыл ойларымен, өміршең жобаларымен бізді қуантады деген сенімдемін. Жарыстың медицина саласының дамуына қосары көп деп білемін. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Ал облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, байқауды ұйымдастыра отырып медицина саласындағы мемлекеттік саясаттың ағымдағы басымдықтарымен айқындалған жаңа кәсіби міндеттерге сәйкес келетін денсаулық сақтау ұйымын басқарудың тиімді тәжірибесін анықтап, республика деңгейінде тарату көзделген.
– Іс-шараның маңызы мен өзектілігі өте жоғары. Жарысқа облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарында бас дәрігердің орынбасары, бөлім басшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген 20 дәрігер қатысуда. Байқау қорытындысында өңірдегі көшбасшы дәрігерлерді анықтай отырып, жалпы денсаулық сақтау ұйымдарын басқару саласындағы инновациялық тәжірибеге куә болып, оны облыс көлемінде тарататын боламыз. Сондай-ақ медицина мамандары өзара пікір алмасады. 

Байқау нәтижесінде айқын көшбасшылық қасиеттері бар денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің есімін танытып, басқарушылық қызметтің оң имиджін қалыптастырсақ деген ниетіміз бар. Сонымен бірге байқау өңірдегі ақ халатты абзал жандардың біліктілігін арттырып, басқарушылық әлеуетін дамытуға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Жанар Мықтыбекқызы. 
Байқау барысында көшбасшы дәрігерлер 4 кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы «Таныстырылым» кезеңінде үміткерлер 3 минуттық презентация арқылы өздерін, еңбек жолын қысқаша баяндады. Таныстырылымды қатысушының өз қалауы бойынша бейнеролик түрінде де көрсетуге рұқсат берілді. Слайд мазмұнында тақырыптың негізгі бағыты, кәсіби тәжірибенің ең басты мәні көрсетілді. Мәселен, меркілік Қаламқас Төреқұл ауданда өзінің жетекшілігімен «Сауатты ауыл», «Салауатты мектеп» жобалары қолға алынғанын айтты. Ал Талас аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Мұратқали Отыншиев Қызыләуіт ауылдық амбулаториясының ашылуына септігі тигенін жеткізді. М.Отыншиев өзін таныстырған бейнероликке қызыләуіттік ардагердің пікірін қосқаны да ұтымды шықты. Жарыста бақ сынаған 20 қатысушының да жетістіктерге толы таныстырылымы бірінен-бірі кем түспеді.

«Дода» деп аталатын екінші кезеңде экранда «Google» формасы арқылы қатысушылардың заңдарды, нормативтік-құқытық актілерді, денсаулық сақтау саласының негізгі мәселелерін білу құзыреттіліктерін анықтау үшін 15 сұрақтан тұратын тест тапсырмалары ұсынылды. Бұл кезеңде қатысушылардың дайындығын білу және түсіну деңгейі, ұтқырлығы анықталды. Қатысушылар ұялы телефонның көмегімен QR-код арқылы кіріп, сұрақтарға жауап берді. Әр дұрыс жауап 1 балмен есептелді. Нәтижесі экраннан бірден анықталып, көрсетілді.«Мекеменің даму формуласы» тақырыбындағы үшінші кезеңде қатысушылар өз мекемесінде немесе комиссия мүшелерімен ұсынылған белгілі бір мекемеде басшылық қызметті атқарса, оны дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқаратыны туралы ойын айтуы керек болды. Ол үшін үміткерге мекеме туралы мәлімет және сол мекемедегі өзекті мәселелер туралы ақпарат ұсынылды. Үміткер өз кезегінде мекемені дамыту және өзекті мәселені шешу туралы өз ұстанымымен бөлісті.

Шешуші «Көкпар» дебаттық сайысында конкурсқа қатысушылар 3 адамнан бірнеше топқа бөлінді. Сайыс ережесі бойынша топ мүшелері салаға қатысты өздеріне берілген тақырыпты бірігіп талқылады. Дайындыққа 5 минут уақыт берілді. Тақырыпқа байланысты топ мүшелері ашық пікірлерін білдірді. Байқау қорытындысымен облыстық мамандандырылған оңалту орталығының бас дәрігері Төлеген Бүгібаев бас жүлдеге лайық деп танылды. I орын Айдын Байбековке (400 000) бұйырды. II орынды Қаламқас Төреқұл (350 000) еншіледі. Үздік үштікті Гүлнұр Қазанғапова (300 000) түйіндеді. Ал Алмас Исаков – «Үздік көшбасшы», Гүлмира Абдреимова – «Мерейлі дәрігер», Елизавета Дүйсенбиева – «Үздік инноватор», Айдана Бегелтаева –  «Креативті ұйымдастырушы», Әсел Құлымбетова – «Үздік үйлестіруші», Мұратқали Отыншиев – «Үздік сарапшы», Бекзат Абитаев – «Үздік ментор», Бағлан Жүнісбекова – «Үздік спикер», Ақмарал Бодаубекова – «Білгір дәрігер», Эльдар Апаев «Үздік стратег» номинациялары бойынша марапатталды. Қалған қатысушыларға алғыс хаттар мен 100 000 қаржылай сыйлық берілді.
Айта кетейік, байқауда үздік атанған медицина саласының қызметкері өңірлік кадр резервіне алынады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар