Бірақ 15 сәуір күні кешкі сағат 20:35 шамасында әлеуметтік желілерде Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылын су алып жатқаны туралы хабар тарады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов және тиісті мамандар оқиға орнынан табылды. Білгеніміздей, сол кезде Жасөркен ауылындағы 7 ауланы және М.Әуезов орта мектебінің аумағын толассыз жауған жаңбырдан пайда болған көлбеу су басқан еді. Аймақ басшысы жауаптыларға арнайы тапсырма беріп, облыстық төтенше жағдай департаментінің 51 қызметкері, 14 техника және 6 мотопомпа су басқан аулаларды сору ісіне жұмылдырылды.
Арман Құмарұлы облыс тұрғындарын қорқынышқа бой алдырмауға шақырып жатты. Себебі арқыраған ағын су аталған ауылдың аулаларын басып жатқаны жайлы бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кең таралып, жұрттың ойын сан саққа жүгірткен болатын. Өйткені көлбеу судың екпіні тасқын судан кем емес еді.Редакцияның тапсырмасымен 16 сәуір күні жағдайды өз көзімізбен көру үшін Жасөркен ауылына жол тарттық. Ондағы тілсіз жауға тосқауыл қоюмен айналысып жатқан мамандардың айтуынша, 30-ға жуық ауланың суы сыртқа сорылып шығарылған. Қауіпті сейілту барысында түске дейін шамамен 5 500 текше метрге жуық су сорылып, біз көргенде тағы 7 ауланың соңғы төртеуі бойынша су сору жұмыстары жүргізіліп жатты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбековке жолығып, сөзге тартқанымызда: «Бұл – толассыз жауған жаңбырдан пайда болған көлбеу су. 15 сәуір күнгі қалыптасқан жағдайға байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп, ауылдағы жайсыз жағдай қалыпқа түсті. Қазіргі таңда аулалар мен көшедегі суларды сору жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Жұртшылықтың алаңдауына еш негіз жоқ», – деді.
Біз кері қайтарда ауыл көшелеріндегі, аулалардағы су тегіс сорылып, тұрғындар күнделікті қоңыр тіршілігіне қайта кіріскен еді. Дегенмен әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалардағы көрініс тілсіз жаудың көшемен, ауламен жүріп өткен жолы адамды әбігерге түсіретіндей күшке ие екенін сезіндік. Мұндайда «Талас өзенінің жағалауында отырған Жасөркенге қауіп өзеннен келмеді ме екен?» деген заңды сұрақ туындайды. Осы орайда біз «Жасөркенге су шын мәнінде қайдан келді, адуыны күшті ағын су Талас өзенінен тасыған жоқ па? Маңайдағы қасат қардың әлдеқашан еріп кеткені белгілі, бір-екі күндік жауыннан жиналған суда осыншама екпін бола ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп «Қазақ сушаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы Оразхан Қарлыхановқа жолықтық. Ғалым ауылды басқан су өзеннен емес, тікелей таудан келгенін растады.– Жасөркен ауылының маңайындағы төбелер мен жалпы таудағы қалған-құтқан қар еріп, жерастына сіңді. Соның есебінен жерасты суының мөлшері артты. Мұндайда жауған жауын жерге сіңбей, су ағынын тудырады.
Суды басқарудың бірнеше түрі бар. Яғни өзендегі, көлдегі суды, жерасты суын, қызыл суды басқару деген секілді көптеген түрге бөлінеді. Шынын айтқанда, біз жауыннан пайда болған тау суын басқара алмай, аталған елді мекенді су астында қалдырдық. Ол су Қырғыз Республикасынан келген жоқ, Талас өзенінің деңгейі көтеріліп, арнасынан тасыған жоқ. Жергілікті таудан, сай-сала мен жылғадан екпіндей ағып келген суды игеруге ауылдық округ, аудан әкімдігі мен тиісті мекемелер дайын тұруы керек еді. Мұндайда жауаптылар жағдайды дер кезінде бақылап, қауіп туындатпауы қажет. Мұнда соншалықты мәселе жоқ. Жауыннан пайда болған су ауылға кірді де, бір пәсте елді үрей құшағында қалдырды. Осы тұста айтарым, халықтың «тасқын су қаупі бар» деп дүрбелеңге салынуы қисынсыз.
Кейбіреулердің ойынша, Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» суқоймасының бөгеті бұзылуы немесе суқойма кемеріне келгенде шлюзден көп мөлшерде су жіберіліп, салдарынан Тараз қаласының жартысын су алып кетуі мүмкін деген күдік бар. Бұл да қисынсыз. «Киров» суқоймасының беріктігі талапқа сай. Ол жерде бөгеттің беріктігін бақылап отыратын арнайы аппарат бар. Ол құрылғы тұрақты, қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Аталған суқойма тек қырғыз бен қазақтың ғана емес, өзге мемлекеттер тарапынан құрылған бақылау органдарының да қадағалауында. Қазіргі таңда «Киров» суқоймасына түсіп жатқан судың транзиттік мөлшері белгілі. Суқойманың сыйымдылығы 550 миллион текше метр болса, қазір онда 455 миллион текше метр көлемінде су бар.
Бір кездері «Киров» суқоймасынан секундына 250 шақырым жылдамдықпен келген суды Талас өзенінің арнасы қабылдаған. Қазір де Талас өзеніне секундына 250-300 шақырым жылдамдықпен су келсе, өзен арнасынан тасып, жағалауындағы елді мекендерді шайып кетпейді. Өйткені қандай да бір жағдайға баланысты қазір суқоймадағы тіршілік нәрі етекке лап қойса, оның екпіні біз айтып отырған мөлшерге жетпейді. Оның үстіне өзеннің осал деп танылған жағалаулары кейінгі жылдары нығыздалған. Дегенмен егер су Талас өзенімен біз ойлаған мөлшерден асып, арқырап ағып келсе, кейбір осал тұстарын ағын су көрсетіп береді. Яғни кейбір жағалаудан су тасуы ықтимал. Бірақ ол да айтарлықтай қауіп төндірмейді, жұрт үрейленетіндей стихиялық апат тудырмайды.Жұртшылықты «Киров» суқоймасына елдің үрейін алып осыншама су жинағанша, неге төменге ертерек ағызып жібермейміз?» деген сұрақ ойландыратыны белгілі. Олай етуге болмайды. Алдымызда вегетация кезеңі келе жатыр. Сол кезде ағын су тапшылығы туындайды. Судың мол келетін уақыты көктем болса, осы уақытта тіршілік нәрін молынан жинап алып, жаздай егіншаруашылығы және басқа да қажеттілікке жаратуымыз керек. Өткен жылғыдай биыл да «Киров» суқоймасына арғы жақтан су келмей қалу қаупі бар. Сол үшін бар суды жинап, оны үнемді пайдаланғанымыз дұрыс, – деді Оразхан Қарлыханұлы.
О.Қарлыханов сөз арасында бір мәселенің шетін шығарды. Айтуынша, қазіргі таңда Талас өзенінің бойындағы және басқа да кішігірім тоғандар балық және басқа да шаруашылықтар үшін жеке адамдарға берілген.
Бұл дұрыс емес.– Одан бөлек кейбіреулер қолдан тоған жасап алады. Бірінікі заңды, енді бірінікі заңсыз. Жауыннан пайда болған тау суының ауылдық жерге ентелей кіруіне осы тоғандардың да тигізер әсері бар. Өйткені майда-шүйде тоғандарға иелік етіп отырған адамдар су саласының маманы емес. Олар суды бақылауда ұстамайды. Жауын нөсерлетіп жауғанда бар болғаны мың текшеметрлік тоған арнасынан тасыса, суға су қосылып, айналасына қауіп төндіруі мүмкін. Мысалы, Жасөркен ауылындағы қырдың үстінде Кеңес үкіметінің кезінде салынған «Болашақ» балалар лагері орналасқан. Лагерьдің өз алдына тоғаны бар. Толассыз жауған жауыннан осы лагерьдегі тоған тасып, жылғаларға жан бітіруі де мүмкін. Сондықтан ондай тоғандар да жіті бақылауда ұсталуы қажет, – деді ол.
Бұл да ойланатын мәселе екен. Десе де халық көкейінде күдік болмас үшін «Киров» суқоймасына арғы беттен қатты екпінмен су келсе, оны қойманың қабылдауы, транзиттік суды төмен қарай ағызып жіберетін су қондырғылары талапқа сай жұмыс істеп тұрғанын айта кеткенді жөн көрдік. Сол секілді біршама уақыттан бері облыстағы «Тасөткел», Теріс-Ащыбұлақ» секілді барлық суайдындар транзиттік режимде жұмыс істеуге көшкен. Ішкі каналдар мен өзендердің де деңгейі бақылауда. Сол себепті облыс тұрғындарының су тасқынына қатысты алаңдауына еш негіз жоқ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ