Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жылыту маусымы қорытындыланды

Жылыту маусымы қорытындыланды
Ашық дереккөз
Облыста жылыту маусымы өткен жылдың 12 қазанында басталып, биыл 15 сәуірде аяқталды. Жалпы облысымызда жылыту маусымы тұрақты режимде өтті. Енді сала мамандарының алдында алдағы жылыту маусымына тастүйін дайындалу, өткен жылы орын алған кемшіліктерге жол бермеу міндеті тұр. Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аталған мәселе жан-жақты қаралды.

Жиында алдымен облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов есеп беріп, жылыту маусымының қорытындысы туралы баяндады.Баяндамашының айтуынша, өткен жылыту маусымында өңірде 1 миллион 98 мың гигакалорий жылу энергиясы өндіріліп, 1 миллиард 12 мың текше метр газ, Жаңатас қаласы бойынша 10,9 мың тонна мазут тұтынылған.– Облысымыздағы 9 жылу энергетика кешенімен, 593 автономды қазандықпен 1 646 көпқабатты тұрғын үй, 1 737 әлеуметтік нысан жылытылды. Тарқатып айтқанда, 784 білім беру, 389 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт нысаны, 18 әлеуметтік арнаулы мекеме жылумен қамтамасыз етілді. Жылыту маусымы кезінде 1,250 миллиард текше метр газ тұтыну үшін жылу энергетика кешендерімен тиісті келісімшарт жасалып, нақты 1,012 миллиард текше метр газ тұтынылды. Бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтары үшін 1,427 миллиард теңгеге 66,2 мың тонна көмір сатып алынып, толық қамтылды. 

ҚР Энергетика министрлігі тарапынан Жаңатас қаласының орталық қазандығына 12 938 тонна әлеуметтік мазут сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаралып, жоспарлы мазут көлемі толық жеткізілді. Қазіргі уақытта қоймада 30 тәулікке жеткілікті 1 883 тонна мазут қоры бар, – деген Дамир Сейсенбекұлы биыл облыс тұрғындары жоспарлы 149,7 мың тонна көмірмен толық қамтылғанын жеткізді. Облыста 31 нарық субъектісі көмір сатумен айналысады екен. Бүгінде көмір тұйықтарында 5,4 мың тоннаға жуық көмір сақтаулы. Қазіргі таңда 2024-2025 жылғы жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін барлық отын-энергетика кешендерімен дайындық жұмыстары жүргізілуде. 

Сондай-ақ баяндамашы облыстық мәслихатпен бекітілген қағидаға сәйкес Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне, салалық басқармаларға және отын-энергетика кешендеріне алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша бекітілген іс-шараларды басқармаға 2024 жылдың 1 мамырына дейін ұсыну керектігін ескертті. Айта кетсек, Тараз қаласында 1 328 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Көпқабатты тұрғын үйлердің 964-і жаз айларында ыстық су жүйесіне қосыла алады.Сонымен қатар Д.Тұңғатов алдағы жылыту маусымын тұрақты режимде өткізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

– Болжам бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 14,7 миллиард қаражат қарастырылса, бюджет есебінен 10,253 миллиард бөлініп отыр. Атап айтқанда, Тараз қаласы, М-1 жылу магистралін қайта жаңғыртуға 7 091,9 миллион қарастырылған. Сондай-ақ Жаңатас қаласының қазандығын газдандыруға 2 560,5 миллион, 2-көтерме сусорғы стансасына және бас су имаратына дизельдік генератор сатып алуға 76,2 миллион, қалалық қазандықтың дизельдік генераторын сатып алуға 154,3 миллион, жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізуге 148,0 миллион бөлінген. Сол сияқты Қаратау қаласы қазандығының мазут шаруашылығын және бу қазанын қайта жаңғырту үшін 244,4 миллион теңге қарастырылған.

 

Биыл жалпы 7,325 миллиард теңгеге 8,5 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланып отыр. Облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды құраса, 194,6 шақырымы ауыстыруды қажет етеді, – деді Дамир Сейсенбекұлы.


Сондай-ақ жиында облысқа қарасты 371 елді мекендегі 1 387 әлеуметтік нысанның жай-күйі баяндалды. Аталған нысандардың 627-сі көмірмен жылытылса, 760-ы орталықтандырылған және газдандырылған нысандар. Өңірде барлығы 285 елді мекен газдандырылған. Аймақта 2021 жылы 156 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газдандыру іс-шаралар жоспары бекітіліп, бүгінгі күнге 77 нысан қазандықтары газдандырылыпты. Жұмыстарды әрі қарай жалғастыру үшін, бірінші кезекте, газдандыру қажет ететін 195 қазандықтың тізімі жасақталып, 2025 жылға дейінгі Жол картасы бекітілген екен.

Қазіргі таңда 8 нысанның қазандықтарын газдандыру бойынша мердігерлер анықталып, жинақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 17 әлеуметтік нысанның (мектеп) жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру үшін облыстық бюджетке бюджеттік өтінім тапсырылған. Бұл жобалар қаржыландырылған жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстарын алдағы жылыту маусымына дейін аяқтау жоспарланыпты.

Дамир Сейсенбекұлы сөз соңында көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі желілерінің тозуы өзекті мәселелердің біріне айналып отырғанын тілге тиек етті. Бұл ретте өткен жылыту маусымында желілерінде ақау орын алған көпқабатты тұрғын үйлердің тізімі жасақталыпты. Нәтижесінде 79 көпқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізуге салалық министрлікке бюджеттік өтінім тапсырылып, 5,968 миллиард теңге қаралған екен. Бұл жұмыстар алдағы жылыту маусымына дайындық барысында жүргізілетін болады. 

Мұнан соң облыс әкімі тақырыпқа сай туындаған мәселелер бойынша қала, аудан әкімдерінен, сала мамандарынан жауап алып, алдағы жылыту маусымына дайындық жоғары деңгейде болуы керектігін баса айтты.Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ернар Әбілдаев есеп беріп, орындаушылық тәртіп жайын баяндады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар