Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Айтар әніміз де, әңгімеміз де бір»

«Айтар әніміз де, әңгімеміз де бір»
Жастықтың қызығын бірге кешіп, ұлы махаббаттың құдіретімен мың белестен бірге асқан Әуесбай Тоқпанбетов пен Рабиға Сақыпқызының өнегелі өмір жолы, ұрпақ тәрбиелеудегі ұлы ұстанымдары жастарға үлгі етуге тұрарлықтай.

Әуесбай Бақбергенұлы – Тараз қаласының Құрметті азаматы. 40 жыл табан аудармай Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде еңбек еткен ардагер ұстаз. Ал №51 мектепте 30 жылдан аса ұстаздық еткен жұбайы Рабиға Сақыпқызы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. Бүгінде екеуі де зейнет демалысында. 

Саналы ғұмырын ұстаздық ұлы жолға арнаған Әуесбай ақсақал мен Рабиға апамыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліпті. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Тұңғышы Қанат Әуесбай – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының диджитал департаментінің директоры. Белгілі журналист.  Ал қызы  Жанат  Әуесбайқызы – облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» мұражайында қызмет етеді. Кіші ұлы Қуат Әуесбай – республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің шеф-редакторы.
Әуесбай атамыз бен Рабиға апамыздың бір-бірімен танысқан сәті де қызық. 24 жасар мұғалім қыз құрбысының үйіне қонаққа барады. Сол күні қонақ болып жігіт Әуесбай да келе қалады. Танысады. Не керек, бірден ұнатқан болуы керек, бойжеткенді алып қашады. Бұл 1979 жылдың шілде айы еді. Осылайша бойжеткен Рабиға Т.Рысқұлов ауданының Бірлес ауылына келін болып түседі. Содан бері 45 жыл өтіпті. 
– Жанұя болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма? Біздің үйде де сылдырлады, десе де ыдыс сынбады. Бір-біріміздің мінезімізді көтере білдік. Біріміз ашулансақ, екіншіміз үндемей құтылдық. Жалпы сөзге жоқ адаммын. Көбіне үндеместен тірлігімді тындырып жүре беретінмін. Еркек сырттың, түздің адамы. Сондықтан көбіне бала тәрбиесімен өзім айналыстым. 40 жылға жуық бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет еттім, – дейді Рабиға Сақыпқызы. 
Расында да қаншама мықты, талантты ұлдар мен қыздардың биіктігінің артында анасының тәрбиесі тұр емес пе? «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақ мақалы бекерге айтылмаған. 
Қос ұстаз тәрбиелеген ұл-қыздар бүгінде ел игілігі үшін халыққа адал қызмет етуде.
– Өмір дегеніміз тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу емес екен. Ойы мен қыры, бұршағы, жаңбыры болады екен. Жақсылығы мен қиындығы қатар жүреді. Өмірде көп нәрсе көрдім. Өзім ата-анадан ерте жетім қалып едім. Рабиғаны ағам мен жеңгемнің қолына түсірдік. «Мамандық пен жар таңдауда жаңылыспа» дегендей, екеуінен де қателеспедім. Таңдағаным ақылды, артық сөзге жоқ, ибалы жан болды. Өмір бойы қол ұстасып келеміз. Айтар әніміз де, әңгімеміз де бір. Бір-бірімізді ыммен-ақ түсінісеміз. Мамандығыма да өмір бойы адал болдым. Қаншама шәкірт тәрбиеледім. Сыртта жұмыс істеп, ақша табамын деп жүргенде ұл мен қыздың ержеткенін де байқамаппын. Аллаға шүкір, ақылды ұл-қыз тәрбиеледік. Алдымыздан қия басып өтпейді. 
Ал енді қазіргі жастарға айтар тілегім – отау тігіп, бір отбасы болған соң бірің – қол, бірің – жеңсің. Немесе бірің – көз, бірің – қолсың. Көз жыласа, қол сүртеді. Жұбайлар бір-біріне қамқор, тілеулес, жанашыр болуы керек. Қит етсе ажырасамын деп емес, шидің неден шыққанын анықтап, ортаға салып ойланып, сөйлесіп шешу керек. Тыңдай білу де – өнер. Ести алып, көре біліп жақсы көріңдер. 
Қозы Көрпеш-Баян сұлу күнінде әрбір отбасыға баянды махаббат тілеймін. Қыздардың ата-аналарына айтарым – «ішіме сыйған сыртыма да сыяды» деп емес, «қыз бала – екі елді жалғастырар елші» деп тәрбиелеңіздер, – деп батасын берді. 
Ақсақалдың жасы бүгінде 73-ке келіпті. Ал Рабиға апамыз – 68 жаста. Көргені де, ойға түйгені де көп қос қария бүгінде немерелеріне ақылдарын айтып, тағылымды тәрбие беруде.
Кейіпкерлеріміздің ұл-қыздарымен де сөйлесіп, ата-аналары туралы ақтарыла айтқан жүрекжарды сөздерін естігенде Ә.Бақбергенұлы мен Р.Сақыпқызының әу бастағы ойлары, мақсаттары орындалғанына көзіміз жете түсті.
– Ата-анамды үлгі тұтамын. Олар соғыстан кейін дүниеге келген ұрпақ. Елімізді жоқшылық, кедейшілік жайлап тұрған кезеңде өмір сүрді. Барға – шүкір, жоққа қанағат етті. Бір үзім нанның қадірін біледі. 
Біз ата-анамызға қарап өстік. Ұл-қыздарына дұрыс айна бола білді. Қандай жетістікке жетсем де әке-шешемнің арқасы. Сол үшін де өзім жүргізген ақпараттық-сараптамалық бағдарламада «Әуесбайдың Қанаты» деген имидждік есімді қолдандым. Яғни әкемнің атын таныттым. Себебі әкем сөзге шешен кісі. Сол кісінің дарыны маған берілді. Маған ұнайтыны – біздің отбасымызда демократия бар. Қатып қалған үрдіс жоқ. Анам – прагматик. Әкем – сезімнің адамы. Екеуі бір-бірін тыңдай біледі, ести біледі. 
Екеуі де ұстаз болғандықтан біз де оларға жаманат келтірмедік. Үнемі мұғалімнің баласы деген атқа ұят келтірме деп өсірді. Осы бірауыз сөзбен өстік. Жас күнінде әкем асаба болды. Ол тумысынан музыкант қой. Сол үшін қиналмай, аш қалмай өстік. Бірақ екеуі де күні бойы нәпақа табу үшін жұмыста болатын. Анам қатал болды. Еркінсіп кетпеуіміз үшін барын салды. Біреудің ала жібін аттамауға үйретті.«Кісі ақысын жеме, қиянат жасама» деп өсірді. Осы сөздер үнемі көкейімде сайрап тұрды. Біздің ержеткен тұсымыз да 1990 жылдар еді. Қазіргідей балабақша жоқ ол уақытта. Үйірмелер, спорт секциялары жоқ. Соның өзінде анамыз бізді дұрыс арнаға түсірді. 
Жалпы әке-шешенің бәрі баласына жақсылық ойлайды. Бірақ жетеріне жеткізіп айтып, үйретпейді. Бүгінде өзім де әкемін. Мен де оларға әкемнің, анамның берген сара жолымен тәрбие беремін, – дейді Қанат Әуесбайұлы.
Рабиға Сақыпқызы – байсалды, байыпты ана. Түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы, бәрі-бәрі бітпейтін, таусылмайтын кітап сияқты. Айтқан әңгімесі де құлаққа жағымды.
– Ұлдарым келіншектерін сыйлайды. Сүйеді. Бір-бірлеріне сезімдерін ашық білдіріп жатады. Мен оған қарсы емеспін. 
Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні мерекесі сәуір айында аталып жүр ғой. Тек бір айда ғана емес, жалпы жақсы көретініңді, сүйетініңді күн сайын айту керек. Келінім бақытты болса, ұлым да, ұрпағым да бақытты. Ерімен сүйікті екенін, айналасы үшін маңызды екенін естіген әр қыз-келіншектің көңілі көкке ұшады. Бәрін билеп жүріп, әндетіп іске асырады. Саусағы тигеннің бәрі әдеміге, аузынан шыққан сөздің бәрі батаға айналады. Пісіріп, дастарқанға қойғаны – шипалы, айқара ашқан құшағы қуат болады. Біле білгенге бақытты әйелдің әр ісі – махаббат, болмысы – қасиет. Құрметті ер-азаматтар әйелдерді аялаңдар! Күтіңдер! Жылы сөздеріңді аямаңдар! Махаббаттарың сонда ғана берік болады, – дейді Рабиға анамыз.
Отбасы – ауызбіршілік пен өзара қолдау мекені. Босағасы берік отбасында «Кім биік?», «Кім төмен?» деген сұрақтар туындамайды. Кім кімге бағынуы керек деген әңгіме айтылмайды. Ешкім ешкімге табынбайды. Бәрі тең. Отбасының әр мүшесінің өз арманы, үлкенді-кішілі жоспары бар. Бұл отбасынан біз осыны аңғардық.
– Әкем – асқар тауым. Анам – жұмағым. Екеуі де шалқып, балқып, не ішем, не жеймін деп өскен жандар емес. Қарапайым ұстаздар. Жұмыс-жұмыс деп жүріп, өз-өздеріне көп көңіл бөлмепті. Өмір бойы адал еңбекпен бізді өсіріп, жеткізді. Қазір екеуі де бейнеттерінің зейнетін көруде. Зейнетте болғандықтан оларға кезіндегі олқылықтардың орнын толтырып, саяхатқа шығарып, шипажайларға жіберіп, барынша жағдай жасаудамыз, – дейді кенже ұлдары Қуат Әуесбай.

Ел ішінде «Ұлын – ұяға, қызын –  қияға қондырған тағылымы мол отбасы» атанып кеткен бұл жанұя бүгінде немерелерін қызықтап, шаңырақтарынан шаттық есіп, көпке үлгі болып отыр. Ауызбіршілік пен сыйластық бар жерде отбасы да мығым. Соған көзіміз жетті.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар