arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Махаббатымыз жаңажылдық кештен бастау алған

Махаббатымыз жаңажылдық кештен бастау алған
– Асыл жарым Лаурамен 1997 жылы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған кеште таныстым. Бір көргеннен ұнатып, жандүнием алай-дүлей күй кешкені күні кешегідей есімде. Бойындағы инабаттылығы мен ұяңдығы, тәрбиелілігі мен қарапайымдылығы, өзіне жарасымды қылықтары бірден өзіне баурап алды.

Кеш барысында екеуміз тіл табысып кеттік. Осылайша жаңажылдық кештен басталған таныстығымыз кейін достыққа, одан әрі махаббатқа ұласты. Қыз-жігіт болып жүріп жүрген кезімізде Тараз қаласының әсем жерлерін аралап, саябақтарда серуендеп, уақытымызды қызықты өткіздік. Жақынырақ тани келе, Лаураның болашақ жарым екенін бірден түсіндім. Сондықтан да араға көп уақыт салмай, яғни жаз мезгілінде ата-анасының алдынан өтіп, ақ баталарын алып, шаңырақ көтердік. 

1999 жылы тұңғышымыз Аяужан өмірге келді. Қазіргі таңда қызымыз жеке кәсіпкер. Еркемізді құтты ұясына қондырғанымызға да біраз уақыт болды. Аяужанымыз қазір 2 бала тәрбиелеп отырған ана. Ұлымыздай болып кеткен күйеубалам Лесбек IT саланың маманы, жеке кәсіпкер. 
2003 жылы дүниеге келген ұлымыз Арсен бүгінде «Тараз» футбол клубының ойыншысы. Ал кенжеміз, отбасымыздың еркесі Айназ 5-сынып оқушысы, оқу үздігі. Бос уақытында хореографиямен айналысады.
Қазір ойлап отырсам, жұбайыммен еріксіз езуге күлкі үйіретін шытырман оқиғаларды бастан өткізіппіз. «Аңқау астындағы атын алты ай іздептінің» кері келіп, бірде көз алдымыздағы ұлымызды шарқ ұрып іздегеніміз есімнен кетпейді. Ол кезде Аяужан да, Арсен де кішкентай еді. Лаура екеуміз дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып, шай ішіп отырғанбыз. Кенеттен ойнап жүрген балалардың дауысы шықпай қалды. Балалар бөлмесіне барсақ, Аяужан отыр, ал Арсен көрінбейді. Лаура екеуміз бөлмелердің бәрін қарап шықтық. Ұшты-күйлі жоқ. Сол сәтте басымызға сан түрлі ойлар келіп үлгерді. Үйге ұры түсіп, Арсенімді алып кетті ме екен?» деп жергілікті полиция бөлімшесіне де хабарластық. Полиция қызметкерлері келгенше үйдің ішін тағы бір қарап шығуды жөн көрдік. Бөлмедегі барлық сөрелерді, шкафтардың ішін түгел қарадық. Амалымыз таусылып, қарамаған сол жер ғана қалғандықтан келіншегім теледидардың астындағы кішкентай ғана шкафты ашып қалса, 2 жасар Арсен маужырап ұйықтап жатыр. 
Сөйтіп, ұлымызды тапқанымызға қуанып, бір күліп алдық. «Ана болып сен неге дұрыс қарамайсың? Әкесі сен ғой, өзің неге қадағалап, бас-көз болып отырмайсың?» деген секілді айтыптаулар айтылып, бір-бірімізді кінәламадық. Отбасылық үйлесімділік деген осы болар.
Тағы бірде 2018 жылы жанұяммен Шымкент қаласына демалып қайтуға жолға шықтық. Отбасымызбен қаланың біраз көрікті жерлерін араладық. Әлден уақытта жүрек жалғап алмақ ниетте бір дәмханаға келіп тоқтадық. Көлікті дәмхананың маңына қойып, ішке кіріп кеттік. Алаңсыз тамақтанып болған соң далаға шықсақ, көлік жоқ. Не күлерімізді, не жыларымызды білмей сасып қалдық. Айналамыздағы адамдардан сұрасақ, ешкім білмейді. Ел-жұрттан сұрастырып жүріп ең соңында көлігімізді эвакуатормен айыптұраққа алып кеткенін білдім. Солай айыппұлын төлеп, көлігімді қайтарып алғанмын. Арнайы уақыт бөліп келген сапарымыз қыдырумен емес, көлік іздеумен өткені бар. Ол кезде де әйелім, ұл-қыздарым «неге мұқият болмайсыз, уақытымыз босқа кетті» деп налымай, түсіністік танытты. 
Қазір Лаура екеуміз ұл-қыздарымыздың жетістіктеріне тоймай, бақытты өмір сүрудеміз. Жұбайымды реті келсе күнде қуантуға тырысамын. Үйімнің берекесін келтіріп отырған аяулы жарым қолынан бал тамған аспаз, шаңырағыма келген қонақтар өз ризашылығын білдіріп, менің де мерейімді өсіріп отырады. Асыл жарымды «Сүттей сұлуым» деп еркелетсем, Лаура маған «Ақ мырзам» деп жымиып қояды. Бар жағдайымды жасап, жанымның тыныштығына айналған балаларымның анасын ерекше құрметтеймін әрі өте ризамын.

Жандос Омаров,
Кенен Әзірбаев
 атындағы облыстық филармония 
директорының
 орынбасары

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар