Әнші Бағдат Сәмидинованың өзінен бұрын әнімен «таныстым». Биыл мерейлі жасқа толып жатқан әнші де, мен де ол кезде дүниенің бәрі жасыл-көк, әлем жап-жарық, адамның жаманы жоқ деп ойлайтын жаста болғанымыз.Өзің қатарлы ақынның жүректі дір еткізген өлеңін сол бойда жаттап алып, жарқ ете қалған әншінің орындауындағы жаңа әнді жаппай айтатын студенттік шақ еді. Ол кезде де еліміз әншіден кенде болған жоқ. Бәрін сүйсіне тыңдайтынбыз. Бірақ біздің жанымызға ән әлеміне алдыңғы толқынның өкшесін баса, екпіндей, кие-жара кіріп келе жатқан замандастарымыздың шығармашылығы жақындау болғаны рас.Көбінесе радиоға құлақ түреміз. Теледидар әлі тапшылау заман (біздің жатақханада мүлде жоқ) болғандықтан әнін тыңдай отырып, дауыстары фонограммамен «өңделмеген» табиғи үн иелерін көз алдымызға елестетіп, бір рақат сезімге бөленетінбіз. Сонда Бағдаттың дауысын көп әншінің ішінен жазбай танимын. Әсіресе «Өз елімді» айтқанда көкірегімді мақтаныш кернеп, әншімен бірге жігерленемін. Қазақстан – өз еліміз екенін білсек те Бағдаттың әнінен кейін «Бұл – менің отаным!», «Менің туған жерім!» деген сезімдер жүректі алып-ұштырады. Ән құдіреті деген сол шығар.Алматыдағы эстрада студиясын бітірген жас әншінің атын халыққа танытқан да осы ән десек, қателеспейміз. Кезінде шақыртып алып, арнайы тыңдаған Нұрғиса Тілендиевтей тарланның «Бағдат әнді нотамен емес, жүрекпен орындайды» деп мақтауы, тіпті арнайы репертуар жасап, ынтымақтастықпен жұмыс істеген он жылда жиырмаға жуық әнді оркестрге арнап жазып бергені – әншіні жоғары бағалағанының белгісі. Міне, сол кезден бастап Бағдат әншінің бағы жанды деуге болады.
АЛҒА ЖЕТЕЛЕГЕН АНА АРМАНЫ
Маған оның өнер әлеміне бет алуы бүлдіршін Бағдаттың анасына деген сағынышынан басталғандай көрінеді. Анасының есімінің өзі ән-жыр өлкесіндегі адамға лайық сияқты – Жырғаш екен. Келбетті, мінезі ашық жан жиын-тойда ән салып, жыр жырлап, ауылдастарының қошеметіне бөленген. Бірақ өнерге қанша жерден ынтық болса да заманның әйелге қояр талаптарынан аса алмайтынын жақсы түсінгендей. Сөйтіп, ол да өзін «осы қызым әнші болса...» деген арманмен алдарқатқан аналардың бірі болар.Анасы радио торабынан берілетін Жамал Омарова, Рахия Қойшыбаева, Рәбиға Есімжанова сияқты әншілердің дауыстарын ести қалса, бар шаруасын тастай салып тыңдайды екен. Өзі ғана тыңдамай, қызына да тыңдатып, әнші апайлардың газет-журналдарға шыққан суреттерін көрсетіп, қуанатынын Бағдат жиі еске алады. Бүгінде ойлап отырса, ауыл тойларына ертіп апарып, ән салдыратыны – қызын жұрт алдына шығарып, көрерменге бойын үйреткені екен-ау қайран ананың. Әттең, Бағдатының үлкен сахналарда еліне еркелей жүріп ән салғанын көру анасына бұйырмапты...Зерек қыз анасының үйреткенін естен шығарған емес. Бала күнінен, іштей бір ширыққан сезіммен «әнші болам» деп бекінгендей. Сол үшін болар, сәл биік жер болса, соны сахна жасап, үйілген шөптің үстіне, қораның төбесіне шығып, бар дауысымен ән айтатын болды. Радиодан Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегеновалардың дауыстары естілсе, жүгіріп барып құлағын тосып тұра қалады. Сондайда апасының «Осы менің қара қызым әнші болады-ау» деген даусын естігендей болады.
Мектеп табалдырығын аттай салысымен көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан кішкентай әнші 3-сыныпта оқып жүргенінде аудандық байқауға барып, жүлделі орын алады. Сол жолы берілген мадақтама қағазда «Таланты үшін» деп жазылғаны әлі есінде. Қазақтың тағы бір талантты қызы өнерге қанат қаққанын алғашқы байқауда-ақ таныған сол қазылар неткен көреген еді!
БАҒДАТТЫҢ ҰСТАЗДАРЫ
Бағдат өзін ұстаздан жолым болған жанмын деп санайды. Өзі оқыған «Ақарал» ауылындағы №5 мектепте музыкадан Шабден Омаралиев деген ағайы сабақ берген. Қаршадай қыздың әнге құштарлығын байқап, құлын кезінен бәйгеге қосқан мұғаліміне Бағдаттың алғысы шексіз. Сол ағайының жетектеп апаруымен байқауларға қатысып, сол кісінің сүйемелдеуімен талай әнді орындады. Солардың ішінде шоқтығы биігі – ұстазының ақын Жарылқасын Боранбаевтың сөзіне жазған «Қоштасқым келмейді» әні.Кезінде бұл әннің жастар арасында таралуы таңғаларлықтай болғаны есімізде. Ол – тек біздің замандастарымыздың ғана емес, бізден кейінгі ғашық болған, үмітін ертеңге жалғаған, қоштасуға қимаған толқынның да жүрек үніне айналған ән. Сондықтан оны жеке әншілер де, эстрадалық топтар да орындады, бірақ ел есінде Бағдат Сәмидинованың орындауында қалды.Алматыдағы эстрада-цирк студиясына оқуға түскенде талай талантты қанаттандырған білікті ұстаз Нәдия Шәріпованың тобына алынғанын Бағдат тағдыр сыйындай көреді. Оған ұстазы деп қана емес, анасындай қарады. Профессор Н.Шәріпова да мейірімін төкті. Анасынан ерте айырылғанын білген соң тіпті өбектеп, үйіне жиі ертіп әкетеді екен. Бірте-бірте екеуара сыйластық пен құрмет тереңдей түскені сонша, ұстазы: «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, қанша шәкіртімнің ішінде Бағдатымның орны бөлек, өз қызымдай жақсы көремін», – дейтін болған. Үйінде анасындай мейірімді, оқуда басқалармен бірдей талап қоятын қатаң ұстаз ауылдан келген биязы қызды ширатып, жігерлендіріп, ән әлеміне өз қолымен жетектеп кіргізіп жіберді. Қазақтың ән аспанында тағы бір жұлдызды жақты.
Оқуын бітіріп, «Қазақконцертке» келгенінде тағы жолы болды: бала кезден даусы құлағына сіңісті болған Рәбиға Есімжанова апайы құшақ жая қарсы алды. Иә-иә, анасы екеуі радиодан сілтідей тынып тыңдайтын мақпал үнді Рәбиға Есімжанова! Еңбек жолының басында халқымыздың қордаланып жатқан ән қазынасын қайта жаңғыртып, концерттерге қосу мақсатында тер төккен жандардың бірін кездестіру керемет әсер етті. Бағдат біраз гастрольдік сапарларда аңыз-әншінің қасында жүрді. Тәлімгерінің туған жері Қорғалжынға барғанда жерлестерінің өнерге риясыз қызмет еткен қыздарына көрсеткен қошеметіне таң-тамаша қалды. Рәбиға апасын өнеге тұтты, сол сапардан өнерде ұстазындай болуды ойға түйіп қайтты.Кейін тәлімгерінің шығармашылығын насихаттау үшін елді көп аралап, концерт қойды, апасының туған жеріне де барды. Негізі қазақ әні халыққа жетуі, кейінгі ұрпаққа қалуы керектігін, ән-қазынамыз баршаға ортақ екенін үнемі айтып жүретін Р.Есімжанованың алдын көргендер көп. Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегеновадан бастап, Мәдениет Ешекеев, Бақыт Әшімова, басқа да әншілерге репертурындағы әндерінің біразын үйреткенін апасы марқая айтып отыратын. Өнерімен ғана емес, тап-таза ниетімен маңайына шапағатын шашқан Рәбиға апасы бұған да бірнеше әнді үйретті. Солардың бірі – «Жалғыз аршаны» Бағдат ұстазына деген құрметі ретінде ұдайы орындап жүреді.
СӘМЕДИНОВА САЛҒАН
ӘНДЕР-АЙ!
Бағдат Сәмидинованы жастар ғана емес, қалың жұртшылық жақсы көрді. Студент кезімізде жатақхана есігін күзетіп отыратын апалардың бірі оның радиодан айтқан әнін тамсана тыңдап: «Шіркін, Сәмидинованың салған әнін-ай!» – депті. Кіре алмай тұрған бір пысықтау жігіт: «Апай, менде Бағдат Сәмидинованың пластинкасы бар, ертең сізге әкеп берейін», – деп, тілін тауып ішке кіріп кеткені туралы студенттер күліп айтып жүретін.Ал таяуда ғана тағы бір қызық әңгімені естідік. Бір жиында әңгімеден әңгіме туып, әндердің мәтіні, әншілердің репертуары, орындаушылардың даусы туралы сөз қозғалды. Арамызда музыка, ән, әнші туралы жақсы пікірлерімен жиналған жұрттың назарын аударып отырған бір кісі Астанадағы Шәмші Қалдаяқов шығармашылығына арналған концертте «Отырардағы той» әні нашар орындалғанын айтып: «Бұл әнге Бағдат Сәмидинованың энергетикасы керек, тыңдарманға сол жетпеді», – деді.
Оны тағы бір қонақ қоштап: «Әр туындының өз философиясы, темпераменті болатыны рас. «Отырардағы той» жігермен айтылатын, энергетиканы талап ететін ән ғой», – дей келе, басынан өткен бір жайды мысалға келтірді. Осы әнді алғаш рет тыңдағанда әншінің жарқын да жігерлі үні өзіне әсер еткені соншалық, «Ойпырмай, мен Отырарға тойға бармай, мына жерде неғып отырмын?» – деп, сол жаққа аттанып кете жаздапты. Әлгі кісі: «Күні бүгінге дейін сондай ой келеді», – деп бәрімізді ду күлдірді. Әннің әсері деген осы ғой.Сексенінші жылдарда Бағдаттың аты сол кезде жұлдыздары жанған Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева сияқты елге танымал жас әншілердің қатарында аталатын. Бір артықшылығы – таза қазақша әндерді көбірек айтады, сондықтан елдің шалғай түкпірлерінде, алыс ауылдарда мұны іздеп жүріп тыңдайтындар көп еді. Соны сезген әнші де тыңдарманға бір әннен кейін бір әнді ұсынып, репертуары толыға түсті. Бәрі де терең мағыналы, тәрбиелік мәні зор әндер. Оның орындауындағы «Бурылтай», «Ай қараңғы, таң жарық», Сегіз серінің «Секіртпесі», «Қос өрік», «Ой, көк», басқа да әндер халықтың ғасырлар бойғы қуанышы мен мұңын, сағынышы мен арманын жеткізсе, «Сарыарқа», «Қазақстан», «Отырардағы той», «Мен – даламның қызымын», «Сағындым Кенен атамды», «Кең дала» сияқты әндер ел-жұртыңды, туған жеріңнің тамаша келбетін көз алдыңа әкеліп, кеудеңе мақтаныш сезімін ұялатады.
Әншінің орындауындағы аттарының өзі-ақ сөйлеп тұрған «Сағындым сәулем», «Бегімайдың арманы», «Сол бір кеш», «Қалқам-ай», «Сезім сыры», «Жүрегім менің» әндері – сүю, ғашық болу, сағыну сезімдерін бастан кешкен әр адамға ыстық. Сондықтан талай жанның сол әндер арқылы сезімін білдіргеніне күмәнім жоқ. Бұған әнді әншінің үзілдіре, жаныңды дірілдете орындайтынының әсері мол, әрине. Бір қызығы, оның репертуарына зер салсаң, әншіні өз мойнына алысты жақындату («Ағайын»), болашаққа ұмтылдыру («Армансыз күнім болмайды»), жақсылыққа сендіру («Қандай бақыт»), қонақжай болу («Ақ дастарқан») сияқты міндетті жүктеп алған жандай қабылдайсың. Сонысымен де ол әр жанға, әр отбасына өз адамындай жақын.
ЖАҚСЫ – КӨПКЕ ОРТАҚ
Менің бір қызық әдетім бар: адам не оның өнері, ісі ұнаса болды, кімнің туысы, танысы, жерлесі екенінде шаруам жоқ. Бағдаттың әніне қанша құмартып жүрсем де оның қай жердің тумасы екені туралы ойламаппын да. Сөйтсем, өзіміз оқушы кезде мектеп сахнасында «Көркіңді көріп, сүйінем, Жасампаз қалам, Жамбылым» деп шырқайтын өлкенің қызы екен. Шыны керек, жалғыз мен емес, ондай жандар көп екені қуантады. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын «Оқжетпеске» баратын сапарда сондай жайдың куәсі болдым.
– Ән – жол қысқартады, – деді шағын автобусқа мінген жолаушыларға күлімсірей қараған жүргізуші көліктің радио тетігін бұрап жатып. Ата-бабалардың «Әңгіме –жол қысқартады» дегенін өз кәсібіне ыңғайлап алғанына іштей күліп қойдым. Басқалар да ондай «бұрмалаушылыққа» ештеңе демей, бәріміз салон ішінде қалқи жөнелген әнге құлақ түрдік.
«Сағынышты Сарыарқам – кенді аймағым,
Туған жерім шұрайлы, балқаймағым.
Ел бағына жаралған кең өлкемнің,
Күй құшағын тербеткен, ән қойнауын.
Сарыарқа – қайда жүрсем сағынышым,
Туған өлкем, ән-күйдің тәңірісің.
Жазиралы даламыз жаралғандай,
Сенің салған «Сарыарқа» әнің үшін».
– Шіркіннің дауысы қандай! Сағынышқа толы, – деді қатар отырған апай.
– Енді ше? Сарыарқаның қызы болса, туған өлкесі туралы осылай айтпағанда қалай айтсын?! – деді алдымызда отырған кісі бізге бұрылып.
– Қайдағы?! Бұл – біздің Алматының әншісі, – деді апай сеніммен.Екі жақ келіспей, әншінің өз өңірінің тумасы екендігіне түрлі дәлелдер келтіріп, мысалдар айта бастағанда:
– Жоқ, бұл кісінің туған жері Жамбыл облысы, – деді жүргізуші. – Менің жерлесім! Меркінің қызы. Мен әпкеміздің әндерін осылай тыңдатып жүрем.
Үнінде мақтаныш бар.
– Мейлі ғой, – деді апай.
– Өзі қай әнді айтса да сол жерде туып-өскендей елжіреп, еміреніп айтуымен баурап алады. – Жақсы жан – көпке ортақ, – деп келісті жаңа ғана таласып отырған кісі. «Осылай, өзін әр жақтың адамдары «иемденіп» жүргенін білу де бір ғанибет қой» деп ойлағам сонда. «Шіркін, соны өзіне айтар ма еді?» Сол сәтте ондай мүмкіндік болар деп ойламағам да, кездейсоқ, шамамен сол оқиғадан бірер жыл кейін пайда болды. Менің бірнеше өлеңіме ән жазған композитор Мақсат Жәутіков шығармашылық кешіне шақырып, Алматыға келгенмін. Ол концертте менің «Сен қаласаң...» деген өлеңіме жазылған әнінің тұсауы кесілетінін, оны Бағдат Сәмидинованың орындайтынын айтты. Әншінің орындайтын әнді кірпияздықпен іріктейтінін, сөзінің мағыналы болуына аса қатты мән беретінін естігендіктен өлеңіме таңдауы түскеніне қуанғаным рас. Қалай болар екен деп қатты қобалжыдым да.Құйқылжыған әуен екен. Бағдат сахнада, көрермен залда билеп кетті. Гүлімді құшақтап сахнаға көтерілгенде күлімдеп қарсы жүрді, екеуміз сол жерде таныстық. Кейін сырлас досқа айналдық. Бірде оған жолаушылардың бұған «таласып» қалған оқиғаны айтып бердім. Ол балаша мәз болып күлді.– Ал, енді айтшы, – дедім сосын. – Қазақ жерінің түкпір-түкпіріне бардың. Әр өлкенің әнін айттың. Бала кезіңде суын іштім деп, әрі бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықтың белгісіндей концерттеріңде қырғыз халқының әндерін жиі орындайсың. Мысалы, репертуарыңнан түспейтін әндердің бірі – «Жал-жалым». Ал сен өзіңді қай жердің қызы деп сезінесің?Әнші жүзі нұрлана қарады. «Мен – даланың қызымын, – деді ерекше толқып. – Халқымыздың бар құндылығы осынау ұлан-ғайыр далада сақталған. Маған оның құбыла соққан желі де, толқып жатқан көлі де, момақан, бауырмал елі де ән айтып тұрғандай көрінеді. Тереңге кеткен тамырым осы даладан нәр алған, асқақтатқан тұғырым осы даламда бой көтерген. Төсінде жалаңаяқ жүгіріп, жауқазынын теріп, жусанын иіскеп өстім. Әлдебір жетістікке жетсем, даладан алған қуат пен нәрдің, даланың дана қариясы – әжемнен алған тәрбие мен дала салты қалыптастырған мінездің арқасы».Ширыға сөйлегенінен мұның – жай айтыла салған сөздер еместігін түсіндім. Жалпы оның барлық ісі, айтатын әндері де осы қасиетін айғақтайды. Әншінің халқына есеп берген концерттері де «Елге сәлем», «Мен – даланың қызымын», «Халқым – барым, өнерім – арым, өмір – бағым», «Ән – жүрегім» деп аталатыны да осы сөздерінің дәлеліндей емес пе?Толған жасың құтты болсын, даланың дарқан дарынды қызы! Шабытың тасып, еліңді әніңмен тербете бер.
Камал Әлпейісова,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты