Олимпиадаға арналған киім формасының дизайнына жаңа конкурс жарияланды
- author AR-AY
- 11 сәуір, 2024
- 269
Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» Париждегі жазғы Олимпиадаға арналған Қазақстан ұлттық құрамасының киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеуге арналған конкурстың қайтадан жарияланғанын хабарлады.
Осыған дейінгі ақпан айында басталған ұлттық құраманың киім формасы мен оған қосымша керек-жарақ жабдықтардың дизайн тұжырымдамасын әзірлеуге арналған конкурста қатысушылардың ешбір эскизі комиссия мүшелерінің көңілінен шықпауына байланысты, комиссия алғашқы конкурсты өтпеді деп шешім шығарды.
Киімдер ту ұстаушылар, салтанатты рәсім мен жаттығуға арналған жұптан тұрады. Конкурс кезінде келіп түскен жұмыстарды арнайы комиссия құрамы қарап, ортақ шешім қабылдайды. Жұмыс тобының қатарына Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті, Ұлттық Олимпиада комитеті, Қазақстан спортшылары одағының өкілдері, даңқты спортшылар мен БАҚ қызметкерлері кіреді. Бұл қатарда Елдос Сметов, Серік Сәпиев, Азамат Дәулетбеков, Жәмила Бақбергенова, Ольга Рыпакова, Әбиба Абужақынова, Анна Алябьева, Нұрбек Оралбай, Нұрсұлтан Тұрсыновты атап өтуге болады. Комиссия төрағасы – Спортты дамыту дирекциясының директоры Ерлан Естек.
Конкурс екі кезеңге созылады. Әрбір кезең жеңімпазы Ереже шарттарына сәйкес комиссия отырысында анықталады.
Бірінші кезеңде комиссия конкурсқа қатысушылардың өтініштерін, материалдарын қабылдап, қарайды. Бірінші кезең 10 сәуірде сағат 20:00-ден басталып, 15 сәуірде сағат 18:30-ға дейін болады.
Екінші кезеңде конкурс жеңімпаздары анықталып, жарияланады. Бұл кезең 16-17 сәуір аралығында болады.
Конкурсқа қатысушыларға түсіндіру жұмысына және жалпы конкурс өткізуге ТСМ Спорт және дене шынықтыру комитеті Спортты дамыту дирекциясы мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы Ержан Асқаров жауапты.
Конкурстің ережесін, бұйрық пен комиссия құрамы мен ҰОК командасының киім формасына қатысты бірыңғай нұсқаулығын мына жерден көруге болады.