Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғамдық қабылдауға 3О-ға жуық жамбылдық қайырылды

Қоғамдық қабылдауға 3О-ға жуық жамбылдық қайырылды
Облысымызда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ құрылған болатын

 Мобильді топтың мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халыққа тегін құқықтық кеңес беру, қабылдаулар өткізу. Топ құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгер, адвокат, сот орындаушы, нотариус, мәслихат депутаттары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі, облыстық қоғамдық кеңес және ҮЕҰ төрағалары кірген.

Мобильді топтың көшпелі кеңес беру алаңы өткен аптада Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылынан өз жұмысын бастады.
Қоғамдық қабылдауға келген 30-ға жуық азамат толғандырған мәселелерін айтып, мамандардың көмегіне жүгінді. Кездесу барысында қандастар түрлі себептерге байланысты өз бетінше шеше алмайтын әлеуметтік мәселелердің көп екенін жеткізді. Мысалы, кәмелетке толмаған 3 баласы бар ананың азаматтық ала алмай жүргеніне біршама уақыт болыпты.
– Құжаттарды рәсімдеуде мәселелер көп. Кейбір мәселе бойынша тек қана ақпараттық-түсіндіру жұмысы жеткілікті емес. Түбегейлі шешу үшін алдағы уақытта біздің қоғамдық бірлестік сүйемелдейтін болады, – деді «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова.
Сондай-ақ ҚР Сыбайлас жемқорыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаровқа аудандағы бірнеше шаруадан құралған кооператив мүшелері әділетсіздікке тап болғанын айтып, құзырлы органдарға жүгіну тәртібі бойынша кеңес алды. 
Қоғамдық қабылдауға қайырылғандардың бірі – Жамбыл ауданының тұрғыны Айгерім Кембаева. Айтуынша, қызы Гүлнар эпилепсиямен сырқаттанады. Жалғысбасты ананың ажырасып кеткен жолдасының 4-5 жылдан бері алимент төлемей жүргенін жеткізді. Тіпті аудандық сот орындаушылардың өзі борышкердің қайда жүргенін білмейді екен. Азаматшаны мұқият тыңдаған сот орындаушы Манас Қожамжаров істің ақ-қарасын анықтап, көмек қолын созуға уәде етті.
Жамбыл ауданының тағы бір тұрғыны Алшакүл Әбдірайымның 1 миллионға жуық несиесі уақытылы төленбеген. Жуырда ғана 6 айлық қоғамдық жұмысқа орналасқан тұрғын несиесін төлеуге мүмкіндік болмай тұрғанын айтады. Айтуынша, соңғы уақытта коллекторлар хабарласып, несиесін төлемеген жағдайда баспанасын алып қоямыз деп қорқытатын көрінеді. Қайырылушы коллекторлардан арашалауын сұрап келіпті. Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты Теміржан Ізтілеуов борышкердің алған несиесін бөліп төлеу жағын жолға қойып беру бойынша көмектесетінін, қоқан-лоқы көрсететін коллекторлармен келісім жүргізетінін айтты. 
Айта кету керек, жоба облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» атты мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылады. 
Алдағы уақытта жоба қалған 9 аудан және Тараз қаласында жалғасады.


Айжан ӨЗБЕКОВА
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар