Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Күйеуінен қысым көретіндер көп

Күйеуінен қысым көретіндер көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты ауқымды сұхбатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жолдау аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.
Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқықбұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды», – деді.
Расында, бүгінде отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық өте маңызды мәселеге айналды. Отбасында күйеуі тарапынан әйеліне әлімжеттік жасау күн өткен сайын өршіп барады. Өкінішке қарай, кей жағдайда отбасылық жанжалдың соңы кісі өлімімен аяқталып жатады. Бұған Президенттің алаңдаушылық білдіріп, тиісті шараларды қолға алуды тапсыруы өте құптарлық. Мәселен, әйелдің қысымға ұшырауына байланысты тергеуді әйел адам жүргізсе, әділетсіздікке жол берілмейтініне сенімдімін. Ал тергеуді ер адам жүргізсе, жәбір көрсетушімен арада сыбайластыққа жол берілуі, еркектің мүддесі көзделуі ғажап емес. Өйткені ер адамдар отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық пен дау-жанжалға ұсақ-түйек деп қарауы мүмкін.
Бұрын аналарымыз ақылы асып, даналығы тасып тұрған отағасына бағынған. «Әкең естісе оңдырмайды» деп, бала-шағасын жаман әдеттен әкені алға шығару арқылы тәрбиелей білген. Кеңес үкіметінің дәуірінде де әйелдер ерінің қас-қабағына қарады. Отбасын даналығымен уысында ұстай алмаған, арақ ішіп келіп, ойран салатын ер- азаматтардың әйелдері де еріне қарсы шығып, полицияға арызданған болуы да мүмкін. Дегенмен ол кезде еркек-еркекті жақтап, іс қозғалмаған, мәселе жабулы күйінде қалған болуы да ықтимал. Ал қазір заман басқа, заң бөлек. Ақпараттық технология қарқынды дамыған заманда әйел әділдік таппаған жағдайда қоғамнан араша сұрай алады. Оның үстіне көбісінің көзі ашық. Ері әйелін сабаса, оған бүкіл қоғамның назары ауады, яғни істің жылы жабылуы мүмкін емес. Күнде бір әйелдің қысымға ұшырағанын әлеуметтік желіден көріп отырғаннан кейін бүгінде жанжалдасқан отбасы көбейгендей болып көрінуі де мүмкін.

Қалай десек те қазіргі уақытта алғашқы арыз-шағым бойынша әйелінің күйеуіне бір-ақ мәрте, онда да сот алдында кешірім беруі өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені екінші мәрте ол ер адам әйеліне қол көтермес бұрын алдында өзін қандай жаза күтіп тұрғанын білетін болады және тәубесіне келіп, отбасында тәртіп орнайды.

Айдана БИҒАБЫЛОВА,
заңгер

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар