Кардиолог, эндокринолог, қантамыр хирургы, кардиохирург сынды мамандардан жасақталған топ медициналық-стационарлық қызметтің сапасын арттыру бағытында аудандық орталық ауруханада шеберлік сыныбын өткізді.
Тараз қаласынан келген дәрігерлер тобы аурухананың хирургия, терапия, жандандыру және интенсивті терапия, перзентхана бөлімдерін аралап, ем қабылдап жатқан азаматтармен кездесті. Сондай-ақ видеоэндоскопиялық әдіспен хирургиялық заманауи әдістерді қолдана отырып күрделі операциялар жасау туралы жан-жақты мәлімет берді.
Марат Жұманқұлов Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың қабылдауында болып, медицина саласындағы қызметті жақсарту бағытында ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Маман тапшылығын жою, материалдық-техникалық базаны жақсарту сынды саладағы өзекті мәселелер де талқыланды.
Аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы өз сөзінде былтыр аймақта 250 келушіге арналған 3 қабатты емхана пайдалануға берілгенін атап өтті. Мұнан бөлек тағы бір заман талабына сай аурухана салу жоспарда бар екенін жеткізді. Қазіргі таңда нысанның жері, тиісті құжаттары дайындалып жатыр екен. Сонымен қатар маман тапшылығын жою мақсатында 2 дәрігерге баспана кілті табысталғалы отырғанын айтты.
Іссапар соңында медициналық-стационарлық қызметтің сапасын арттыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Мырзағали Мәдімаров баяндама жасады. Сондай-ақ облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасарлары Гүлнұр Қазанғапова мен Жандос Сейдахметов аудандық аурухана мен облыстық аурухана арасындағы бірлесе атқарылған жұмыстар жөнінде мағлұмат берді. Дәрігерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Жиынды қорытындылаған Марат Жұманқұлов ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, медициналық-санитарлық қызметтің сапасын дамыту мақсатында шеберлік сыныбы алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін жеткізді. Дәрігерлерге өз білімдерін шыңдай отырып, халыққа қалтқысыз қызмет етуі керектігіне баса назар аударды.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист,
Байзақ ауданы