Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылындағы 2011 жылы құрылған шаруашылық мал және егіншаруашылығымен қатар айналысып отыр. Шаруашылықтағы ерте көктемнен басталатын тірлік қара күзге дейін тынымсыз бейнетпен жалғасады. Шаруа қожалықтың жұмысына Мейірбек Төлегенов басшылық етеді. Қожалықтың иелігінде 800 гектар жайылым жер бар. Ауылшаруашылық техникалары да жеткілікті. 6 трактор, 3 «КамАЗ», 2 комбайн, тиегіш, 6 тіркеме, 6 жер жыртатын соқа, картоп егетін техника мен жүгері егуге және оруға арналған техникалары қажеттеріне жарап тұр. Қожалық төрағасының айтуынша, биыл 50 гектарға жүгері, 10 гектарға картоп, 150 гектарға арпа, 100 гектарға мақсары, 100 гектарға көпжылдық жоңышқа егуді жоспарлапты. 50 гектарға күздік бидай тұқымы себілген.
Бүгінде шаруа қожалық көктемгі дала жұмыстарының 80 пайызын еңсеріп үлгерген. Осы тұста шаруаларға үнемі қолдау білдіріп, жанашырлық танытатын жеке кәсіпкер Ербол Манашевқа қожалық төрағасының айтар алғысы шексіз. Өйткені жеке кәсіпкер қай кезде де шаруалардың жайына түсіністік танытып, кез келген уақытта сапалы қызмет көрсетуде.
Жалпы шаруа қожалықта 6 механизатордан бөлек, 6 адам жұмыспен қамтылған. 3 сауыншы күнделікті сауынды сиырларды сауып, өздеріне тиесілі жұмыстарды атқарса, қалған жұмысшылар мал бордақылау ісіне үлестерін қосуда. Жұмысшыларға айына 150-200 мың теңге аралығында жалақы төленуде. Ал жас механизаторлар, яғни ағайынды – Мұхамеджан, Әлішер, Қабылбек, Қадірбек, Нұрислам және Нұрсұлтан Қуатбековтер жауапты науқанды ойдағыдай аяқтау үшін дамыл таппай жұмыс істеуде.
Өнімнің мол жиналуы тұқымның сапасына да тікелей байланысты екені белгілі. Қазіргі таңда шаруашылықта арпаның «Бәйшешек» тұқымы себілуде. Алдағы уақытта жүгерінің «Пионер» тұқымды дәнін себуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жуық уақытта Алматы «КИЗ» зертханасынан 20 тонна жаздық арпа және 10 тонна бидай тұқымын алатын болады.
Қожалық төрағасы 2019 жылы асылтұқымды сауынды сиыр басын көбейту үшін «Аграрлы несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы 60 миллион теңге несие алып, оған өз қаражатын қосып, Чехиядан асылтұқымды 64 бас тана әкелген. Қазір шаруа қожалықтың иелігінде 70 бас «Семминталь» асылтұқымды сауынды сиыр, 90 бордақы жылқы, 30 бұзау және 90 «Голштейн» тұқымды сауынды сиыр бар. Күнделікті сауылған 600 литр сүтті аудандағы «СМТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт зауытына өткізуде.
– «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қазақта жақсы сөз бар. Сонымен қатар ата-ананың берген тәрбиесі мен өнегесі де адам өмірінде өз пайдасын беретіні белгілі. Осы күнге дейін шағын шаруашылықтың осындай жетістікке жетуіне ата-анамыздың берген ақ батасы мен тәрбиесі себепші болса керек. Әкем Қуатбек пен анам Жақсыгүл екеуі 1995 жылы «Тырнақбай» шаруа қожалығын құрып, барлығымызды ортақ еңбек етуге біріктірді. Біз жастайымыздан шаруашылықта техниканы тізгіндеп, жер жыртып, өзара бірлікте жұмыс істеген азаматтармыз. Еңбек етіп және отбасындағы ағайындардың ауызбіршілігін бойымызға сіңіріп өстік.
Марқұм әкем өз алдыма шаруа қожалық құруға ақ батасын беріп, өзінің әкелік ақылын айтып, бізге дұрыс жол көрсетті. Сөйтіп, «Төлеген» шаруа қожалығы құрылды. Алғашында шаруашылықтың жұмысын алға қарай бастыру оңай болған жоқ. Қиындықтар да көп кездесті, көп тер төгілді. Әсіресе несие алу ісіне келгенде біршама кедергілер болды. Дегенмен алға қойған мақсатқа жету үшін алғаш рет 2012 жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан лизинг жүйесімен бір жаңа трактор алғанбыз. Одан кейін ауылдан малшаруашылығын дамыту мақсатында жеке қаражатқа үлкен қора-жай соқтық. «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, асылтұқымды сауынды сиыр алып келіп, ісімізді бастап кеттік. Құдайға шүкір, қазір еңбегіміздің арқасында шаруашылық гүлденіп, жұмыстар жанданып келеді.
Көктемгі дала жұмыстарына да жыл сайын аса тыңғылықты дайындықпен кірісеміз. Бұл ретте егістікке себілетін тұқымның сапасына баса мән беріледі. Тұқымның сапасы дұрыс болса ғана жақсы өнім алуға болады. Дала жұмыстарының аяқталуына аз ғана уақыт қалды.
Биыл әлі күн салқын болып тұр. Жер қызбай, нәр болмайды. Өткен апталарда жауын мол түскенімен жылдамдығы жоғары болған жел жыртылған жерге кері әсерін тигізді. Алқапқа себілген арпа дәндері топырақтың бетіне шығып кетіп, оны қайта қопсытып шығуға тура келді. Дегенмен Алла қаласа, жауын-шашын мол болып, ойдағыдай өнім аламыз деп үміттенеміз, – дейді Мейірбек Қуатбекұлы.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы