Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Атырау облысына гуманитарлық көмек жіберілді

Атырау облысына гуманитарлық көмек жіберілді
Әулиеаталықтардың атынан қызыл сумен арпалысып жатқан Атырау облысының тұрғындарына 70 тоннаны құрайтын гуманитарлық көмек жіберілді. Қайырымдылық іс-шарасына облыстық мәслихат депутаттары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлестіктері, еріктілер, қоғам белсенділері атсалысты.

Ел басына қандай қауіп-қатер төнсе де ауыр жағдайдан алып шығатын бірлігіміз пен ынтымағымыз екені сөзсіз. Бұл жолы да тұрғындар діні, тілі, жас ерекшеліктеріне қарамастан сын сағатта жұдырықтай жұмылып, қиындыққа қарсы тұра білді. Жамбылдықтар «Күшіміз – бірлікте!» акциясы аясында атыраулықтарға азық-түлік, гигиеналық құралдар, жылы киімдер, төсек-орын жабдықтары және тағы да басқа қажетті керек-жарақтарды жинап, жөнелтті.
Жүк тиелген көліктерді жолға шығарып салмас бұрын облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев сөз сөйлеп, халықтың аманатын арқалап кетіп бара жатқан азаматтарға сәтті сапар тіледі.
– Өздеріңіз білетіндей, еліміздің бірқатар өңірінде табиғи апат орын алып, төтенше жағдай жарияланды. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Мемлекет басшысының бастамасымен тиісті шаралар атқарылып жатқанымен қауіп әлі де сейіле қойған жоқ. Қиын-қыстау кезеңде жамбылдықтар қиналған отандастарымызға мүмкіндігінше қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр, – деді А.Нұралиев.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева өңірдегі 75 этнос өкілі қайырымдылық акциясы аясында көмек ретінде 40 миллион теңге жинағанын айтты.
Мәселен, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы 10 миллион теңге көмек көрсетіп, жүк көлігін жалдап бергенін айта кеткен жөн. Аталған этномәдени орталықтың төрағасы Ибрахим-Қожа Зуфаров еліміздің солтүстік және батыс өңірлеріндегі зардап шеккен тұрғындарға қайырымдылық көмекті біреудің айтуымен не амалсыздықтан емес, шын жүректен көрсетіп жатқандарын жеткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамында Кеңес үкіметінің кезінде осында жер аударылған көптеген этнос бар. Олар да бір замандарда баспанасынан, дүние-мүлкінен, тіпті туып-өсіп, кіндік қаны тамған жерінен, Отанынан айырылып, шарасыз күй кешкен еді. Сол кезде бауырмал қазақ халқы қай ұлтты болмасын жатсынбай құшағына басып, туғанындай қабылдағанын қалай ұмытайық. Одан бері де қанша заман алмасты. Қазақстан біздің Отанымызға айналды. Сондықтан қиындыққа тап болған халыққа көмектесу парызымыз деп білеміз, – дейді Ибрахим-Қожа Зуфаров.
Сондай-ақ «АMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов өңірлердегі төтенше жағдайдың зардабын жою үшін 50 ерікті жолға шығуға дайын отырғанын тілге тиек етті. 

А.БЕКЕНҚЫЗЫ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар