Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тазалық – таза ұстаған жерде болады

Тазалық – таза ұстаған жерде болады
Облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Өткен аптаның сенбісінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен өңірімізде жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке өңірдегі барлық мемлекеттік, әлеуметтік мекемелер мен жеке ұйымдар, белсенді жастар мен тұрғындар атсалысты.
Ербол Шырақпайұлы жастармен бірге Тараз қаласындағы «Қарасу» каналын тазалау жұмыстарына қатысты. Бұдан бөлек шаһардағы «Түйте», «Қарасу-2», «Сеңкібай» каналдары да қоқыстан аршылды. 
Жалпы облыс бойынша сенбілікке 20 мыңнан астам адам қатысып, 2 600 тоннадан аса күл-қоқыс полигондарға шығарылды. Сондай-ақ 809 шақырымнан аса канал, арық, 1 600 шақырым көше және скверлер мен саябақтар тазаланды.
Облыс әкімі өзендердің жағалауларын назарда ұстау, каналдарды механикалық тазалаудан өткізуге қатысты жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Айта кетейік, алдағы күндері Тараз қаласындағы 8 каналды механикалық тазалау жұмыстары қолға алынады. Сондай-ақ «Сеңкібай», «Қапал», «Төрекелді», «Үшбұлақ», «Қарасу-1» және «Қарасу-2» каналдарын жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те қала тұрғындарымен бірге сенбілікке қатысты. Сенбілік аясында Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына ағаш көшеттерін отырғызды.
Жалпы биыл Тараз қаласында 40 мың түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Наурыз-мамыр айлары аралығында Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтары, Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйі аумағындағы саябақ, «Әуежай», Арбат-1, теміржол бекеті, Саңырақ батыр скверлеріне наурыз-мамыр айларында 4 100 дана әртүрлі ағаш отырғызылады. Сонымен қатар «Ұлы дала» ықшамауданындағы саябаққа 3 500, «Тектұрмас» аумағына 1 000 және «Жасыл белдеу» жобасы шеңберінде шаһардың шеткі алқаптарына 20 000 түп көшет егілмек. Бұдан бөлек биыл қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарға гүл отырғызу көзделуде екен. Сондай-ақ көпжылдық гүлдермен қоса Абай, Төле би, Ниетқалиев, Сейфуллин көшелері мен Жамбыл даңғылы 15 мың тал әсем раушан гүлімен көмкеріледі. 
Тазалық – тәртіптің ғана емес, қоғамның рухани дамуының, туған жерге деген сүйіспеншіліктің көрсеткіші. Сенбілікке қатысушылар өз ісімен тазалыққа тұрғындар да жауапты екенін көрсетіп, аймақта қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениеті дамып жатқанын дәлелдегендей болды. 
Бұл бағыттағы жұмыстар барлық ауданда ұйымдастырылды. Айталық, Байзақ ауданында 1 наурыздан бастап тазалық, көріктендіру және көгеріштендірудің екі айлығы өтуде. Игілікті істен аудан ардагерлері де тыс қалмай, жуырда Сарыкемер ауылындағы «Астананың 10 жылдығы атындағы саябаққа» тал көшеттерін отырғызды. 
Саябаққа Сарыкемер ауылының тұрғыны Жанысбек Төлепбергенов ақсақал үйінен арнайы әкелген 2 биші ива, 1 малва көшетін еккенін ерекше атап өткен жөн. Бұл ауыл жастарына үлгі болатын іс болды.
Еккен көшетімнің көктеп, өскенін көре аламын ба, жоқ па, білмедім. Бірақ осы талдың саясына ертең балаларым, немерелерім келіп көлеңкелеп отырады ғой, – деген Жанысбек қарияның сөзі көпшілікті ойға қалдырды.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар