Халықаралық «The Environmental Performance Index» немесе экологиялық тиімділік индексінде Қазақстан Парагвай елімен 93-орынды бөлісіп тұр. Намибия – 44, Габон – 51, ал Зимбабве 69-орынға жайғасқан.
Дегенмен Қазақстан көрсеткіші Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда көш ілгері. Көрсеткіште Қырғызстан – 126, Өзбекстан – 107, Тәжікстан – 117, Түрікменстан 118-орын алған.
«The Environmental Performance Index» (EPI) авторларының жазуынша, 11 категорияның 40 көрсеткішін пайдалана отырып, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның күйі және экожүйенің өміршеңдігі бойынша 180 елдің рейтингі жасалады. Бұл көрсеткіштер елдердің діттеген мақсатына экологиялық саясатының қаншалықты жақын екенін түсінуге мүмкіндік береді.
EPI авторларының жазуынша, көрсеткіштен бірқатар қызықты қорытынды жасауға болады. Біріншіден, бай мемлекеттер экологияға қатысты жақсы саясат жүргізе алады. Экономикасы өркендеген елдер үшін түрлі бағдарламаға инвестиция тарту оңайырақ.
Екіншіден, индустриализация мен урбанизациядан көрініс табатын өркендеуге деген талпыныс көбіне ластанудың көбеюі және экожүйенің өміршеңдігіне әсер ететін басқа да стрестерге алып келеді. Дегенмен деректер мемлекеттерге экономикалық қауіпсіздік үшін тұрақтылықты құрбан етудің қажеті жоқ екенін көрсетеді. Яғни экономикалық мәселелерге қарамастан экологияға көбірек көңіл бөлінсе, бұл халықтың «оянуына», табиғи ресурстарды белсенді қорғауға алып келеді.
Үшіншіден, көрсеткіші ең жақсы елдер тұрақты дамудың барлық саласына назар аударатынын көрсетсе, артта қалған елдер тұрақты дамудың әр саласында әртүрлі нәтиже көрсеткен. Мысалы, EPI-да бірінші орында тұрған Дания көптеген мәселе бойынша жақсы көрсеткішке жетіп, климаттың өзгеруін азайту бойынша да жақсы жұмыс істеген.
Төртіншіден, артта қалған елдер тұрақты дамудың жақсы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жұмысты барлық жағынан еселей түсуі керек.
Аталған мәселені жақында сенатор Советбек Медебаев көтерген болатын. Сенаттың жалпы отырысында депутат ауаның, судың және топырақтың шамадан тыс ластану проблемаларын айтып берді. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған және Теміртаудағы ауа жоғары деңгейде ластанғаны байқалады. Оның бәрі адамдардың өмірі мен денсаулығына кері әсер етеді.
– Ұлытау облысының Жезқазған және Сәтпаев қалаларында аймақтағы өндіріс орындарында зиянды газдарды сүзуге арналған қондырғыларды жаңарту жұмыстарын дер кезінде жүргізбесе, өңірдің экологиялық жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Жезқазған өңіріндегі негізгі су көзі – «Кеңгір» суқоймасы. Ондағы судың сапасы қанағаттанарлық емес, су класы бойынша IV класс ретінде анықталған. Судың сапасын жақсарту бойынша гидрологиялық жұмыстарды жүргізумен қатар, Үйтас-Айдос жерасты су құбырының құрылысын да жеделдету қажет, – деді С.Медебаев.
Советбек Медебаев өндіріс орындарының қалдықтары ашық жерлерде үйіліп жатқанына да алаңдаушылық білдірді. Қатты тұрмыстық қалдықтардың көп бөлігі еш сұрыптаусыз шығарылып, қалалық полигондарда жиналып жатыр. Ахуалдың ауқымдылығын ескерген депутат ел азаматтарының денсаулығына елеулі қатер төнуі мүмкін екенін алға тартып, өзекті мәселелерді шешу жөнінде бірқатар шараны ұсынды.
– Қауіпті қалдықтар мен қоқыстардың мөлшерін азайту мақсатында әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес экожүйе енгізу жолдарын қарастыру қажет. Қалдықтарды, оның ішінде құрылыс қалдықтарын жинауға арналмаған жерлерде заңсыз тасымалдау және шығару фактілерін анықтау үшін тексеру және өзге де шаралар жүргізу арқылы мемлекеттік бақылау шараларын күшейту керек. Жергілікті және орталық атқарушы органдар бірлесіп қалалық, аудандық, ауылдық елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, тамақ және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу жөнінде инфрақұрылым құру мәселесін қарастыру маңызды, – деп атап өтті депутат.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ