Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұртты жұмыспен қамту ісі баяу

Жұртты жұмыспен қамту ісі баяу
Ашық дереккөз
Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өңірде 60 672 тұрғынды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту көзделсе, жылдық жоспар әзірге 28,9 пайызға орындалған.Жыл аяғына дейін әлі біраз уақыт бар. Дегенмен тиісті тапсырманы орындауда жауаптылар жоспардан ауытқымай, әр тоқсан сайын межелі көрсеткішке уақытылы қол жеткізуі керек. Сонда ғана жыл аяғында мәселе туындамайды.

Алайда Тараз қаласы халықты жұмыспен қамту жоспарын 24,9 пайызға, Жуалы ауданы – 26,8, Қордай – 27,7 және Сарысу ауданы 28,2 пайызға облыстық орташа көрсеткіштен төмен деңгейде орындаған.

 

Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов айтты.


– Биыл тұрғындарды жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырудың жоспары 46 942 орын болып белгіленіп, 2024 жылдың 1 сәуірінде 14 580 адам жұмысқа орналасты. Тиісті көрсеткіш Тараз қаласында 24 пайызды және Жуалы ауданында 29,5 пайызды құрап, облыстан төмен деңгейден көрінді. Ал тұрақты жұмыс орындарының жоспары 31 746 орын болса, жұмысқа 4 818 адам орналасты. Облыстан төмен көрсеткіштер Тараз қаласында, Т.Рысқұлов, Талас, Сарысу және Меркі аудандарында орын алды.

Биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 13,5 миллиард теңге қаралып, барлығы 15 197 адамды жұмысқа тарту жоспарланған. Жыл басынан бері 9 762 адам жұмысқа тартылып, жылдық жоспар 64,2 пайызға орындалды. Осы бағыттағы жұмыстарды Жуалы және Байзақ аудандарында жандандыру қажет. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 434 адам, «Жастар тәжірибесіне» – 578, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 7 701, «Алғашқы жұмыс орындарына» – 143, «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша – 10, «Күміс жас» жобасы арқылы 896 тұрғын еңбекке араласты.«Жастар тәжірибесі» жоспары биылғы бітіруші түлектер есебінен толық орындалады.

Ал әлеуметтік жұмыс орындары бойынша Тараз қаласында бар болғаны 4 орын, Жуалыда – 17, Қордайда 25 орын ғана ашылған. Сондай-ақ «Алғашқы жұмыс орны» аясында Сарысуда 4 орын, Жуалы мен Меркіде 6 орыннан, Т.Рысқұловта 7 орын ғана құрылды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Мойынқұм және Сарысу аудандарында жұмыс әлі басталған жоқ. епті кезеңде субсидияла­натын жұмыс орындарына жолданған азаматтардың 538-і жұмыстарын аяқтап, оның 227-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш Тараз қаласында, Т.Рысқұлов, Жуалы және Жамбыл аудандарында төмен болып тұр. Айта кетер бір жайт, облыстың даму жоспары аясында көрсеткіш жыл қорытындысымен алғанда 65 пайыздан төмен болмауы қажет, – деді Еркін Егембердіұлы.

Облыстың өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында бар­лығы 16 961 адам жұмыспен қамтылған екен. Оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларға 123 адам жұмысқа орналасып, олардың міндетті зейнетақы жарналарының деңгейі 12,2 пайызды құрапты. Бұл жөнінде де аталған басқарма басшысы егжей-тегжейлі мәлімет берді.– Тараз қаласында жұмысқа орналасқан 78 адамның 1,3 пайызының ғана зейнетақы жарналары аударылған. Ал субсидияланатын жұмыс орын­дарына орналасқан 9 762 адамның 84,4 пайызына міндетті зейнетақы жарналары аударылды. Бұл көрсеткіш Мойынқұм, Жуалы, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында төмен болып тұр.Сондай-ақ бос жұмыс орындарына орналасқан 4 818 адамның 66,5 пайызына міндетті зейнетақы жарналары аударылды. Облыстан төмен көрсеткіштер Қордай, Байзақ, Жамбыл, Сарысу және Шу аудандарында қалыптасты. 

 

Негізінде мұндай жағдайлар бір айдан екінші айға өтпелі кезеңде орын алуы мүмкін. Дегенмен жұмысқа орналасқан адамдардың зейнетақы жарналары толық аударылғанда ғана олар есепке алынатын болғандықтан бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алуды күшейту қажет.Электронды еңбек биржасында облыс бойынша 2024 жылы 313 жоба енгізіліп, бұл бойынша 3 178 жұмыс орны ашылуы тиіс. Бүгінгі күнге электронды биржаға белгіленген жоспарға сәйкес 13 жоба енгізіліп, 12 мердігер жұмыс орындарын жариялады. Жарияланған бірегей бос жұмыс орындарының саны 160-ты құраса, оларға 123 адам орналасты. Бұл көрсеткіш Т.Рысқұлов ауданында 33,3 пайызды, Мойынқұмда 46,2 пайызды құрады. Осы бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алып, тиісті межені шұғыл орындау керек. Өйткені жарияланған бос жұмыс орындар мерзімі біткен соң архивке кетіп қалады да, оларды қайта жариялағанда бос жұмыс орындарының саны екі рет есепке алынып, қателіктерге жол берілетін болады.Сонымен қатар жұмысқа орналасқан 123 адамның тек 15-інің ғана зейнетақы жарналары аударылған. Тараз қаласында 78 адамның біреуінің ғана жарнасы аударылса, Қордайда жұмысқа тұрған 6 адамның, Шуда 5 адамның және Сарысуда 3 адамның зейнетақы жарналары аударылмаған, – деді Е.Келесов.


Жиында облыс әкімі межені орындауда төмен көрсеткіш қалыптастырғандардың арасында Тараз қаласының аты жиі айтылғанын назарға алды. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтен барлық көрсеткіштің төмен болу себебін және алға қойылған жоспарды орындауда қандай шаралар қабылданатынын сұрады. Өз кезегінде Бақытжан Әмірбекұлы: «Орын алған олқылықтармен келісемін. Алайда халықты жұмыспен қамту орталықтары былтыр шілде айында мансап орталықтары болып қайта құрылды. Сөйтіп, олар облыстық еңбек мобильділігі орталығының қарамағына өтті. Сондықтан бұл сұраққа облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы жауап беруі тиіс деп ойлаймын», – деді.


Еркін Келесов ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдарға халықты жұмыспен қамтуға қатысты 8 құзыреттілік бекітіліп берілгенін, қала, аудан әкімдіктері мансап орталықтарымен бірлесіп тірлік жасауы керектін алға тартты. Осы тұста облыс әкімі көрсеткіштердің орындалмауына басқарма мен қала, аудан әкімдіктері арасында бірлесе жұмыс жүргізудің өзара үйлесімділігі жоқтығы себеп болып отырғанын баса айтты.– «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мақал бар. Халықты жұмыспен қамтуға қатысты жұмыстың атқарылып жатқанына көп уақыт болды. Ал сіздер құзыреттілікті әлі бөле алмай жүрсіздер. Осы олқылықтың нәтижесі қандай екені бүгін су бетіне шықты. Басқарма басшысы аудан, қала әкімдерін жинап, қай жерде қандай мәселе барын анықтап, дұрыс жұмыс жүргізу үшін құзыреттілікті бөліп, барлығын ретке келтіруі керек. Мына олқылық облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмысты баяу жүргізгенінің нәтижесі, – деген Ербол Шырақпайұлы істі бақылауға алуды өзінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровке тапсырды.

Сонымен қатар Жуалы, Сарысу, Меркі секілді бірқатар аудан әкімдерінен жауап алды. Халыққа қайтарымсыз қаржы үлестіруде жылда тұрғындар тарапынан реніш туындайтынын сөз еткен аймақ басшысы конкурсты барынша ашық өткізуді, көпшіліктің көңілінде күдік ұяламас үшін комиссия жұмысы тікелей эфир арқылы көрсетілуі қажеттігін міндеттеді.Бұдан кейін өрттің қауіпті кезеңіне дайындық және дала өртіне қатысты мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Тоқанов баяндама жасады. 


Басқосу барысында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтан ормандағы өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы сұралды. Өрт сөндіруге жұмылдырылатын техникалардың дайындығы сараланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар