Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сарбаздар халықаралық жарыстан

Сарбаздар халықаралық жарыстан
Ашық дереккөз
Жақында Пәкістан астанасы Исламабад маңындағы ежелгі Равалпинди қаласында «Пәкістан армиясының командалық рухы-2024» халықаралық жарысы өтті. Әскери-спорттық турнирде ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері де бақ сынап, айрықша жетістікке қол жеткізді. Айта кетерлігі, биыл бәсі жоғары бәсекеде еліміздің намысын облысымыздағы 03811 әскери бөлімінің сарбаздары қорғады.

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық «Пәкістан армиясының командалық рухы» жарысының тарихы 2005 жылдан бастау алады. Сайыстың алғашқы онжылдығында тек пәкістандық бөлімшелер қатысып жүрді. Бірақ көп ұзамай өзге елдер де жарысқа қызығушылық танытады. Осылайша 2016 жылдан бастап жарыс халықаралық деңгейде өткізіле бастайды. Жыл сайын қатысушы мемлекеттердің қатары көбейіп келеді. Ал қазақстандық әскери қызметшілер жарысқа биыл үшінші рет қатысып отыр. Жауынгерлеріміз 2021-2022 жылдары тек әскери бақылаушылар ретінде қатысқан еді. Былтырдан бастап ел сарбаздары толыққанды қатысушы ретінде бақтарын сынап жүр.

Әр елдің әскерінің әлеуетін анықтаған сайысқа биыл 15 елден 22 команда қатысты. Сайыс ережесіне сәйкес сарбаздар жоғары дене дайындығы мен төзімділікті талап ететін күрделі тапсырмаларды орындап, шамамен 70 шақырымдық жолды жүріп өтті. Әскери-спорттық турнир «Қарсыластың нысандарын анықтау», «Тосқауылдағы іс-қимыл», «Артиллерия атысын реттеу», «Жедел медициналық көмек көрсету және жаралыларды эвакуациялау», «Учаскені минадан тазарту», «Түнде су бөгеттерін еңсеру» және «Калашников автоматынан ату» сынды бірнеше кезеңнен тұрды. Жарысқа қатысушыларға барлық тапсырмаларды орындау үшін үш күн және екі түн берілді.

Бұл ретте топ жасырын әрекет етуге мәжбүр болады. Өйткені жарыстың талабына сай барлаушылар өз міндеттерін жау шебінде орындайды. Сонымен қатар әрбір жауынгердің арқасында кемінде 25 келі жүк болады.Сегіз жауынгерден тұратын командаға барлығы 200 келі жүк артылды. Қазақстан құрамасының басшысы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлау басқармасының бастығы, подполковник Ербол Серғазинның сөзіне сүйенсек, жерлестеріміз байқауға дайындықты 2024 жылдың қаңтар айында бастаған. Сарбаздарды 03211 әскери бөлімі командирінің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары, подполковник Абзал Жәнібеков пен майор Ұлан Етекбаев жаттықтырыпты.

– Біздің жігіттер медициналық көмек көрсету стандартын орындауда үйлесімді әрекет етті. Үшінші дәрежелі сержант Асхат Есеналиев, ефрейторлар Ержан Сәлипұлы мен Дәулет Мұхамбет тапсырманы мүлтіксіз әрі қысқа мерзімде орындады. Ал жаралыларды эвакуациялау кезеңінде ефрейтор Серік Ынтықбай салмағы 50 келі болатын екі рюкзак алып жүруге мәжбүр болды. Бірақ тапсырмалар қаншалықты қиын болса да сарбаздардың сағы сынбады.

Отанның абыройы үшін аянып қалмады.Бір айта кетерлігі, жарысқа қатысу үшін жауынгерлерді Түркістан облысындағы «Дарбаза» оқу-жаттығу орталығының базасында дайындадық. Өйткені аталған полигонның географиялық және климаттық жағдайы осы жарыс өткен аймаққа ұқсас, – дейді подполковник Абзал Жәнібеков. Қазақстандық құрама сарбаздарының жоғары физикалық дайындығы, бірлесе әрекет етуі, төзімділігі мен командалық рухы жеңіске жетеледі десек болады.

Біздің команда жарыстың барлық кезеңдерінде бірлікте болып, міндетін жоғары көрсеткішпен орындап шықты. Артиллериядан ату сайысында да жігіттеріміз алғашқы оқтарын нысанаға дәл тигізіп, қарсыластарын таңғалдырды. Жарысқа қатыса отырып психологиялық дайындығымыз бен физикалық шыдамдылығымызды сынауға тамаша мүмкіндік алдық. Ең бастысы, қызмет жолымызда азық болатын мол тәжірибе жинақтап, кәсіби деңгейімізді арттырдық.

Ал біздің барлаушылар жеңіп алған алтын медальдар ҚР Қарулы Күштері мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жеңіс арсеналын толықтырды, – деген подполковник Ербол Серғазин сарбаздарымыздың жеңісті жолына қысқаша тоқталып өтті. Айтуынша, жарыстың жер бедерінің үлгісін жасау және жауынгерлік бұйрық беру кезеңінде тапсырманы орындауға бір жарым сағат уақыт бөлінсе, қазақстандық команда тапсырманы бір сағатта орындапты.

Топ командирі, аға лейтенант Жандос Бектұр 20 сұрақтың барлығына дұрыс жауап беріп, команда еш күмәнсіз үздік деп бағаланған. Радиациялық-химиялық және биологиялық қорғаныс бойынша сынақтар мен нормативтерді тапсыру кезінде үшінші дәрежелі сержанттар – Ержан Сейіт пен Ысмайыл Нұржігіт және аға сержант Дәулет Зиятбек жарысқа қатысушылардың арасында ең жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына тағы бір ұпай сыйлайды.

Таудағы дайындықта әбден ысылған қазақстандық әскери қызметшілерге су кедергісінен өту де еш қиындық тудырмайды. Ал рейд, топты шығару және эвакуациялау кезеңінде Пәкістан армиясының генералдарының бірі жерлестеріміздің әрекетін қызығушылықпен бақылап, барлаушыларымыздың ұйымшылдығын жоғары бағалапты. Осылайша әскери сында 03811 әскери бөлімінің сарбаздары тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің абыройын асқақтатты.

Жеңімпаздарды облысымызға оралған соң «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаев салтанатты жағдайда құттықтады. Қолбасшы барлаушылар өздерінің кәсіби дайындықтарының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдегенін жеткізді. Сондай-ақ Қ.Үштаев өз сөзінде облыс сарбаздары халықаралық жарыстағы жеңістері арқылы еліміздің Қарулы Күштері мен өңірлік қолбасшылықтың дәрежесін халықаралық дәрежеде асқақтатқанын ерекше атап өтті.

– Өткен жылы «Пәкістан армиясының командалық рухы» сайысына Қазақстан құрамасы алғаш рет қатысты. Ол кезде еліміздің атынан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері шыққан болатын. Ал биыл биыл ел намысын қорғау «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлау қызметкерлеріне сеніп тапсырылды және олар бұл сенімді толық ақтады, – деді Ж.Үштаев.

Салтанатты іс-шара барысында Қуанышбек Үштаев құрама мүшелерін, сондай-ақ команданың аға құрамын марапаттады. Қазақстан құрамасын бастап барған подполковник Ербол Серғазинге, сарбаздардың жауынгерлік даярлығына жауапты болған подполковник Абзал Жәнібековке сертификаттар табыс етті.

Мерекелік жиынға шақырылған қонақтардың арасында жарыста үздік нәтиже көрсеткен ефрейтор Дәулет Мұхамбеттің анасы да болды. Қолбасшы оған ұлына лайықты тәрбие бергені үшін ерекше алғысын білдірді.

Ақтоты Жаңабай 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар