Іс-шараға «Аналардың жүрегі» сарбаздар аналарының кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Шарифа Муминова қатысты. Ұйымдастырушылар аналарға «Шөлдала» және «Б.Момышұлы» шекара бөлімшелерінің жеке құрамындағы сарбаздардың әскери өмірі туралы әңгімеледі. Өз кезегінде Шарифа Ахметжанқызы сарбаздардың әскердегі жағдайларымен, жауынгерлік даярлық сабақтар өткізетін сыныптарды, тұрмыстық үй-жайлар мен асхананы аралады.Сонымен қатар сарбаздарға арналған ас мәзірін тексеріп, дайындалған тағамдардың сапасын бағалады.
Казармалық үй-жайларды аралау кезінде Шарифа Ахметжанқызы сарбаздармен әңгімелесіп, психологиялық көңіл күйлеріне назар аударды. Сондай-ақ сарбаздарға ұйымның жұмысы туралы айтып берді. Айта кетейік, мұндай сапарлар алдын ала келісімсіз, қоғамдық бірлестік бастамасымен ұйымдастырылды. – Біз әр сарбазды өзіміздің ұлымыздай қабылдаймыз. Балаларымыз бен олардың қызметтестері қалай және қандай жағдайда өмір сүретінінен хабардар болып отыру бізге өте маңызды.
Әскери қызметшілермен мүмкіндігінше тығыз жұмыс істеп, байланысты үзбейміз.Себебі жастар – біздің болашағымыз. Біз ұлдарымыздың жақсы қызмет еткенін қалаймыз, – деді Шарифа Муминова. Әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігін күнде көре бермейтін ата-аналар іс-шарадан ерекше әсер алып қайтты. – Бүгін біз Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарымыздың жағдайымен жақын танысып, әскердегі өмірін өз көзімізбен көрдік.
Осындай ауқымды шараны ұйымдастырған әскери бөлімнің басшылығына айтар алғысымыз шексіз. Өйткені ол жерде бірден көзге түскені – тазалық пен реттілік және әскери тәртіп. Біз бөлім басшыларымен үнемі байланысып отырамыз. Отан қорғау саласында жүрген барлық әскерилердің қызметтеріне сәттілік тілеймін, – деді Алима Тұрлыходжаева.
Кездесу соңында Қуаныш Алтынбекұлы мұндай іс-шараның әскери бөлімдегі ата-аналар мен жас сарбаздар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол ата-аналардың қолдауы Отан алдындағы борышын өтеп жүрген әрбір сарбаздың өз міндетін алаңсыз атқаруына септігін тигізетінін айтты.