Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ДІН САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ДІН САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
ашық дереккөз
ДІН САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев бұқаралық ақпарат құралдары және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, саланың сан түрлі мәселелерін талқыға салды. Баяндамашының айтуынша, өңірімізде көптеген ұлт пен оннан астам конфессияның өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Олардың 70 пайыздан астамы дәстүрлі дін ұстанушылары. Жалпы басқарма жаһанды шарпыған діни экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністеріне қарсы алдын алу шараларын жүргізу, өңірде мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынасты орнату, ел Конституциясында белгіленген зайырлылық қағидатының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізуде. С.Мыңбаев облысымызда жалпы саны 125 адамнан тұратын 16 ақпараттық топ нәтижелі жұмыс істеп жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, 1 облыстық, 5 қалалық және 10 аудандық ақпараттық-түсіндіру тобына тәжірибелі мамандар, теологтар, дінтанушылар, мешіт имамдарымен қатар қоғам белсенділері мен ардагерлер де тартылған. 2023 жылдың басынан ақпараттық-түсіндіру тобымен 4 419 іс-шара өткізіліп, нәтижесінде 127 мыңнан астам тұрғын қамтылыпты. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әртүрлі бағыттарда нысаналы топ өкілдерімен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ интернет кеңістігінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша да кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелерінде арнайы жоспарға сәйкес дін проблемаларын зерттеу орталығының 10 қызметкері және ҚМДБ-ның жергілікті өкілдігі тарапынан 10 мешіт имамы аптасына 2 рет кездесулер өткізіпті. Бұл жұмысқа республикалық «Ақниет» орталығының мамандары да тартылған. Жиын барысында журналист Юрий Ефимов дін қызметкерлерінің жауапкершілігі туралы өз ойын білдірді. Жиынға қоғамдық ұйым өкілдері де белсене қатысты. Атап айтқанда, «Жер-Ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Мұсабаева: «Қазіргі кейбір жастардың көзқарасы алаңдатады. Мәселен, дінді ұстанғанда да терең сауаттылыққа бармайды. Жиырмадан енді асқан жігіттер қауғадай сақал қояды. Діннің барлық жауапкершілігі сақалда тұр ма? Әлде бұл басқа теріс ағымның көрінісі ме? Осы жағына не істеу керек?» – деп ойын ортаға салды. Басқарма басшысы Сәкен Мыңбаев: «Біз қазір қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеуді қолға алдық. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткіздік. Оған барлық түсініктегі ұйым өкілдері қатысты», – деді. Мұнан соң қоғам белсендісі Айнұр Зәуірбекова дін басқармасымен және дін проблемаларын зерттеу орталығымен бірлесе түрлі тақырыпта тренинг өткізсек деген ұсынысын айтты. Басқарма басшысы Айнұр Зәуірбекованың да ұсынысын қолдап, бірге жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар