Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында мал басының амандығы ветеринария саласы мамандарының тиімді жұмысына байланысты екенін атап көрсетті. Мемлекет басшысы: «Ветеринария саласы жетілдіруді қажет етеді. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты.
Түптеп келгенде, бұл ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау, олардың жалақысын көбейту шаралары. Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек», – деген еді. Жуалы ауданында ауылшаруашылығының қос қанаты саналатын – егін және малшаруашылығы қарқынды дамып келеді. Осы ретте біз аймақта ветеринария саласын жетілдіру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын саралап көрген едік.
Жуалы ауданы әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Бахыт Сүйіндіковтің айтуынша, мекеме мамандарына жүктелген негізгі міндет – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикалау, вакцинациялау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бөлімде 92 маман жұмыс істейді екен. Ал мекеме теңгерімінде 19 автокөлік бар. Өткен жылы өңірде төрт түлікті бірдейлендіру жұмыстары қарқынды жүргізілген.
Жыл қорытындысымен бірдейлендірілген сиыр саны 53 767-ге уақ мал саны – 216 18-ге, жылқы саны 18 370-ке жеткен. Бірдейлендірілген түліктер ауылшаруашылық жануарларларының базасында тіркеліпті. Жалпы ауданда 55 884 мүйізді ірі қара, 233 554 уақ мал, 18 255 жылқы есепке алынған. 2024 жылдың бірдейлендіру жоспарына сәйкес облыстан 18 000 мүйізді ірі қараға, 88 500 уақ малға, 4 040 жылқыға арналған құлақ жапсырмалары келіпті. Қазіргі таңда 3 айлық жоспарға сәйкес 6 500 мүйізді ірі қара, 25 300 қой-ешкі, 330 қылқұйрықты бірдейленіп, ауылшаруашылық жануарлары базасы порталына тіркеліпті.
Төлдерге бірдейлендіру жұмыстары мемлекет қаражаты есебінен тегін жүргізілген. – Біз эпизоотиялық іс-шараларды жүргізу бағдарламасымен бекітілген жоспар аясында ауылшаруашылық жануарларына мемлекет тарапынан 14 аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы вакцина салу жұмыстарын жүргіземіз. Өткен жылы жоспар толығымен орындалды. Биыл да вакцина салу жұмыстары басталып, жоспар бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
2023 жылы аудан аумағында Сібір жарасы өршіген болатын. Ауру шыққан қолайсыз аймақтардағы жануарларды жылына 2 рет вакцинациялау қажет. Аталған індеттің алдын алуға байланысты тиісті нұсқамалықты басшылыққа ала отырып, 2024 жылы ересек малдарды төлдерімен қоса алғанда 2 рет вакцинациялау, ревакцинациялауды ұйымдастыру тиімді деп саналды. Яғни алдағы уақытта Сібір жарасы ауруына – 117 050, уақ малға – 513 600, жылқыға 36 240 доза вакцина егіледі. Нәтижесінде табындағы, отардағы, үйірдегі малдарды жылына екі рет вакцинациялау арқылы мәселені шешуге қол жеткіземіз.
Нақты айтқанда, бірінші вакцинациядан кейін жануар организмінде әртүрлі себеп-салдарларға байланысты ауруға қарсы түзілген әлсіз иммунитетті күшейтуге, нығайтуға қол жеткіземіз деп отырмыз. Сонымен қатар табынға, отарға, үйірге алғашқы вакцинациядан қосылған малдар екінші вакцинациялау барысында қамтылып, малдарға вакцина егілмей қалу факторы жойылады. Барлық биологиялық препараттар ауданда орналасқан арнайы қоймада температуралық режиммен сақталады.Ал биопрепараттар ауылдық окугтерге арнайы термочемодандар арқылы тасымалданады, – дейді Бахыт Үшкемпірұлы. Былтыр жоспар бойынша сарып ауруына қарсы 60 000 мүйізді ірі қараға вакцина салу жоспарланыпты. Жыл қорытындысымен жоспар толық орындалған. Сонымен қатар аталған кесел бойынша 250 000 уақ малға диогностика жүргізу жоспарланып, барлығы толық тексеріліпті.
Бруцеллез ауруына шалдыққан 17 малдың 12-сі сиыр болса, қалғаны уақ мал екен. Ауру малдар мал сою пункттеріне жіберілген. Осылайша 12 айлық диагностикалық жоспар толық орындалған. Мүйізді ірі қараның тушасы 72 сағат тоңазытқышта ұсталып, мал иесіне қайтарылған. Ал уақ малдың тушасын арнайы меморандумға қол қою арқылы келісімшарт жасасқан «Ахметхан» шаруа қожалығы өңдеуге алып кетіп, қайта өңдеуден өткізген екен. 2024 жылға сарып ауруын анықтау мақсатында 84 400 мүйізді ірі қарадан, 355 500 қой-ешкіден, 1 400 жылқыдан сынама алу жоспарланыпты. 3 айлық жоспар бойынша 17 500 мүйізді ірі қарадан, 76 400 уақ малдан қан сынама алынып, 5 мүйізді ірі қараның, 1 уақ малдың бруцеллезге шалдыққаны анықталған. Оң нәтиже көрсеткен малдар Б.Момышұлы ауылындағы мал сою пунктінде сойылмақ. Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары да ауданда жүйелі жүргізілуде. Иесіз ит пен мысықтардың қоғамға тигізетін зияны орасан. Сондықтан бұл қазіргі таңда мемлекет үшін басты мәселелердің біріне айналғаны жасырын емес. Ауыл тұрғындарының арасында жануарларға қызығып, оларды асырағысы келетіндері көп.
Иесіз ит-мысықтардың көбеюіне кейде тұрғындардың өздері де себепші болатыны айтпаса да түсінікті. Үй жануарларына жауапкершіліксіз қарап, қараусыз жіберетіндер көп болғандықтан бүгінде заң талаптары қатайтылған. 2021 жылы 30 желтоқсандағы №97-VII ҚР Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңнамаға сәйкес 2023 жылы 1 040 қаңғыбас ит ауланған. 2024 жылға бюджет есебінен қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарына қаржы бөлінбепті. Алайда тұрғындардан көптеп өтініш түсуіне байланысты ауылдық округ әкімдіктерінің қолдауымен аулау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Бүгінгі күнге 450 қаңғыбас ит ауланыпты.
Ауланған қаңғыбас иттер питомникке жеткізіледі. Сонымен қатар жеке үйлер мен пәтерлерде ит пен мысықтарды ұстаудың өз қағидалары бар екенін тұрғындардың бірі білсе, енді бірі бұл ережеден мүлдем хабарсыз. Яғни үй жануарларына ветеринариялық құжат алу, иттерді байлап, арнайы торлы орындарда ұстау аса қажетті шаруаның бірі. Мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындарда, балабақша, балалардың ойын алаңдарында, емдеу мекемелерінде иттердің бос жүруіне, ал иесінің аталған орындарда жетектеу арқылы серуендетуіне тыйым салынған. ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын міндетті түрде тіркеу күшіне енгені белгілі. Қағидада көрсетілгендей, олардың міндетті түрде паспорты болуы және құтыруға қарсы вакцина егілуі қажет.
Мал дәрігерінің тізімінде ит-мысықтар тіркелуі керек. Алайда тұрғындар бұл қағиданы сақтамай, қаңғыбас иттердің көбеюіне, есепке алынуына кедергілер келтіріп жатқан көрінеді. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен қаңғыбас иттердің саны азаймай жатса керек. Бүгінгі күнге «ТАNBА» порталына 14 ит және 2 мысық тіркелген. Ауданда ветеринариялық пункттердің жағдайы біртіндеп жақсарып келе жатқанымен ішінара істің кедергісіз атқарылуына мүмкіндік бермей отырған мәселелер де бар. Соның бірі – кейбір ауылдық округтерде интернет желісінің болмауы және биотермиялық шұңқырдың жоқтығы. Сонымен қатар Жетітөбе ауылдық округіндегі мал сою пунктіне электр жүйесі тартылмаған. Аталған нысанның салынғанына 15 жылға жуықтаса да бұл мәселе әлі шешімін таппай келеді. Осы түйткіл жайында Бахыт Сүйіндіковтен сыр суыртпақтағанымызда жағдайды барынша түсінікті етіп тәптіштеді. – Аудандағы 14 ауылдық округтің барлығы ветеринариялық пунктпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ барлық ауылдық округтердегі мекемелерде тоңазытқыш бар және интернет тартылған. Шақпақ, Ақтөбе ауылдық округінде ғана интернет жұмыс істемейді. Мал сою пункттері де талапқа сай. Ауданда 2 мал сою пункті бар.
Олар Б.Момышұлы, Жетітөбе ауылдық округтерінде орналасқан. Б.Момышұлы ауылындағы мал сою пункті бүгінгі күнде тұрақты жұмыс істеуде. Мал сою пунктіне инфрақұрылым жүйелері толық тартылған. Ал Жетітөбе ауылында салынған мал сою алаңдарында жарық жүйесін тартуға жасалған мемлекеттік сараптама құжаттарының мерзімі өтуіне байланысты оны қайта жасату керек. Нысан 2011-2013 жылдары салынған. Сол кезде инфрақұрылым жобалары ойластырылмаған. Мал сою пунктінің мәселесін аудан әкімдігіне бөлім теңгерімінен алып беруге сұраныс хат жолданған. Биотермиялық шұңқырлар жайын сөз етсек, ауданда Мыңбұлақ, Көкбастау, Боралдай, Күреңбел ауылдық округтерінде мал өлекселерін тастайтын 4 «Беккери шұңқыры» бар. Қоршалған, бетондалған, заң талаптарына сәйкес қақпасы мен люк құлыппен берік жабылған. Қазіргі таңда Мыңбұлақ, Көкбастау ауылдық округтерінде «Беккери шұңқырлары» толуына байланысты консервацияға қойылды. Қалған Күреңбел, Боралдай ауылдық округтеріндегі «Беккери шұңқыры» пайдаланылуда. 2023 жылы нысаналы индикаторға Билікөл ауылдық округіне «Беккери шұңқырын» салу мәселесі қойылып, ол толығымен орындалды. Алайда станса теңгеріліміне берілген жоқ.
Ауданға жақын орналасқан Шақпақ және Қызыларық ауылдық округтеріне аталған шұңқырды салуға ұсыныс білдіріп жатырмыз. Жуалы ауданы әкімдігінің ветеринария қызметі мекемесі теңгеріміне аудан бойынша жалпы 45 Сібір жарасы көмінділері тіркелген. Мысалы, Күреңбелде – 9, Жетітөбеде – 6, Ақтөбеде – 1, Қарасазда – 4, Боралдайда – 5, Шақпақта – 2, Ақсайда – 1, Қошқаратада – 8, Нұрлыкентте – 1, Көкбастауда – 2, Билікөлде – 2, Б.Момышұлында – 1, Мыңбұлақта 3 көмінді орналасқан. Сібір жарасы көмінділері ветеринариялық талаптарға сәйкес қоршалған, беті бетондалған, тиісті ескертпе тақтайшалары ілінген. Тұрақты дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп отырады.
Жуалы ауданына сырттан алып келетін және алып кететін малдардың кіріс-шығысы бақылауға алынып, ауыл тұрғындарына Сібір жарасы ауруы туралы түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әр аптаның жұма күні аудандағы «Саду» мал базарына төрт түліктің шығу және кіру бағытында аудандық ветеринариялық стансаның бір маманы тәуліктік кезекшілікке шығады.
Мал базарға келуші тұрғындарға ауданымызда белең алып тұрған Сібір жарасы ауруы және ауылшаруашылық жануарларын ветеринариялық құжатсыз тасымалдауға болмайтыны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.Одан бөлек мал иелерінің міндеттері жайлы мақала жарияланып, ауданда Сібір жарасы туралы билбордтар орнатылды. Сонымен қатар аталған ауру туралы брошюралар таратылды, – деді Б.Сүйіндіков.
Мал қозғалысы – қазіргі таңда өте өзекті мәселелердің бірі болып тұрғанын айта кетуіміз керек. Автокөліктермен ветеринариялық анықтамасыз және ветеринариялық ілеспе құжатсыз мал тасымалдау әлі де орын алып жатқанын жасырмауымыз керек. Атап айтқанда, ет, сүт секілді мал өнімдері мен жемшөп тиісті құжатсыз қолдан-қолға өтуде. Орны ауыстырылатын нысандардың құжатсыз, яғни бақылаусыз тасымалдануы облыста эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету шараларына кері әсерін тигізуде. Сондықтан да аудандағы сала мамандары осы мәселені жіті бақылауда ұстап отыр.
Нұрым Сырғабаев