Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өңірлік университетте ұшқышсыз ұшу апараты құрастырылады

Өңірлік университетте ұшқышсыз ұшу апараты құрастырылады
Ашық дереккөз
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде қытайлық «Zhejlang starmach technology Co, Ltd» және «Tree Energy» компанияларымен «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаруды бастау және оқыту бағдарламалары» жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек арнайы қатысты.

– Елімізде мұндай білім беру курсы бұрын-соңды болмаған. Тек Алматы қаласында шағын жекеменшік мекемелерде үйірмелер мен мектептен тыс іс-шаралар өткізіліп тұратын. Қанатқақты жоба аясында алдымызда қысқа мерзімде мұғалімдерді тағылымдамадан өткізіп, 2024 жылдың қыркүйегінде оқу курсының қызметін бастау міндеті тұр. Қытайлық әріптестеріміздің білімі мен қазақстандық үздік мамандардың жетістіктерін біріктіріп, оқу орнында озық ойлы технолог мамандар тәрбиелеп шығарамыз, – дейді Әнуар Ахметов.

Алдымен М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «Ұшқышсыз технологиядағы инновация: Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық» тақырыбында іс-шара өтіп, қытайлық және отандық технологтар өндірген ұшқышсыз ұшу аппараттарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Заман талабына сай жаңашыл жобаны жүзеге асыруға үш тарап қатысады. Алғашқысы – салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қытайлық «Zhejlang starmach technology Co, Ltd» компаниясы. Компания алдағы уақытта М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде дрон жасап шығарып, студенттерді саланың қыр-сырына баулып, білікті маман даярлап шығармақ ниетте.

Ал екінші тарап – «Tree Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Болашағы зор отандық компанияның негізгі бағыты – жаңа технологияларды жасап шығару. Аталған компанияның техникалық директоры Әнуар Ахметовтің айтуынша, ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығару бойынша бірлескен кәсіпорын ашу – сұранысқа сай өміршең жоба. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейітжан Орынбаевтың сөзіне сүйенсек, ұшқышсыз ұшу апараттарының негізгі артықшылығы – уақыт пен ресурстарды үнемдей алатындығында. Себебі «Zhejlang starmach technology Co, Ltd» компаниясының дрондары адам аяғы жетпейтін аумақтарда тапсырмаларды орындау мүмкіндігіне ие.

Бағасы қолжетімді. Жылдамдығына көз ілеспейді. – Ұшқышсыз ұшу аппараттары тапсырмаларды адамдарға қарағанда тез және сапалы орындайды. Дрондарды қауіпті жағдайларда, мысалы, өрт немесе апат аймағында адамдарды іздеуде қолдануға болады. Құрылғы адамдар жете алмайтын қауіпті жерлерде де ұша алады. Қысқаша айтқанда, ауылшаруашылығында, тасымал қызметінде, полиция қызметінде және басқа да көптеген салада пайдалануға болады, – дейді С.Орынбаев.

Жалпы ұшқышсыз ұшу аппараттары соңғы жылдары елімізде кеңінен қолданысқа ене бастады. Қазақстанда алғашқы дрондар әскери мақсатта қолданылса, кейін барлық салада адамдардың сенімді серігіне айналды. Бүгінде әскери қызметшілер ұшқышсыз ұшу аппараттарын барлау және басқа да әскери операциялар үшін пайдаланады. Азаматтық авиация мамандары үшін дрондар орман өрттерін бақылау, аэрофотосуреттер түсіру, адамдарды іздестіру және құтқару, дәрі-дәрмек пен басқа да жүктерді жеткізу үшін таптырмас көмекшіге айналды. Ауылшаруашылық саласында да дақылдардың өнімділігін бақылауға, өсімдік ауруларын анықтауға, тыңайтқыштар мен пестицидтерді шашуға көмектеседі.

Кездесуде «Zhejlang starmach technology Co, Ltd» компаниясының мамандары құрылғыларының қазақстандық тарапқа ұсынатын құрамдас бөліктерін көрсетті. Компанияның бас директоры Шидун Лю бірінші кезеңде оқуға және өндіріске қолданатын дрондармен таныстырды. – Көрмеге жеңіл дрондар да қойылған. Мысалы, біздің үлгілеріміздің бірі екі секундта сағатына 200 шақырым жылдамдықпен және оператордан 10 шақырымға дейін ұша алады.

Арнайы көзілдірік арқылы басқарылады, ал сигнал қауіпсіз арна арқылы 5,8 гигагерц жиілікте беріледі.Мұндай құрылғыларды картографтар, геодезистер және географтар пайдалана алады. Дрондардың әрбір параметрінің қолданылуын жеңіл, өзіңізге ыңғайлы етіп орната аласыз. Корпус материалын, қозғалтқыштарды, қалақтарды, олардың пішінін, өлшемін және санын ауыстыруыңызға болады. Осы көрсеткіштерге байланысты дронның жүктемесі мен жылдамдығы әрі қолдану аясы өзгереді, – дейді Шидун Лю.

Қытайлық мамандар қазіргі уақытта Қазақстанға ұшқышсыз ұшатын аппараттарды толық әкелу мүмкін емес екенін атап өтті. Бірақ компоненттерді жеткізуді ұйымдастыруға еш кедергі жоқ екен. – Әр елдің климаты әртүрлі болғандықтан ұшақтарды құрастыру мен өндіруде ескеретін мәселелер болады. Мысалы, біз елімізде дрондарымызды жоғары ылғалдылыққа төзімді етіп шығару үшін шыдамдылықпен, табандылықпен еңбек еттік.

Ал Жамбылда желге төзімділікке назар аудару керек секілді. Болашақта біз оқытқан технолог мамандар уақыт талабына сай бейімделіп, әлем қызыға қарайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаруы үшін алғашқы күндерден бастап заманауи жабдықтарда жаттығып, сапалы материалдарды пайдалануды ұсынып отырмыз, – деп түйіндеді сөзін Қытай делегациясының басшысы. Қытайлық өнімге қызығушылық жоғары болғанымен көрмеде отандық технологиялар да назардан тыс қалмады. Мысалы, алматылық «Smartplane» ЖШС-ның дрондары көпшіліктің көңілінен шықты. – Біздің дрондарымыз геодезия саласында әуе жұмыстары үшін белсенді және сәтті қолданылуда.

Үлгілердің бірі камерамен жабдықталған. Салмағы небәрі 2,6 келі, толығымен автономды жұмыс істейді және қолмен ұшырылады. Мамандар мұндай құрылғыларды аумақты суретке түсіру үшін пайдаланады. Содан кейін бағдарлама оларды бір үлкен картаға «тігеді». Өзге дронымыз алты винтпен жабдықталған, жүктерді тасымалдай алады, сонымен қатар өнеркәсіпте температураны жүзден бір градус дәлдігімен өлшей алады. Оның құрастыру кезінде өте қымбат құрал-жабдықтар пайдаланылды, – деді

«Smartplane» компаниясының менеджері Николай Миронников. Көрме аяқталғаннан кейін қатысушылар өз өнімдері мен бағдарламаларын көрсетіп, сондай-ақ шешімін күткен мәселелерді талқылау үшін конференция залында бас қосты. – Біздің келісіміміз бойынша Тараз қаласындағы университет базасында ұшқышсыз ұшатын аппараттарды құрастыру цехы орналасады. Алдымен дрондар шығаратын мамандарды оқытамыз, одан кейін операторларды үйретеміз. Сондай-ақ білім сапасын арттыру үшін студенттер алмасу бағдарламасын іске қосуға болады, – деді Шидун Лю.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар