Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Су арналары талапқа сай болуы тиіс

Су арналары талапқа сай болуы тиіс
Ашық дереккөз
Тараз қаласының ирригациялық жүйесінің тозығы жеткені талай мәрте айтылып, жазылып жүріп, соңғы жылдарда қалпына келтіруге ден қойылған болатын. Нәтижесінде ықшамаудандардағы көміліп қалған арықтар аршылып, көзі бітелген көпірлер тазартылып, жағдай біршама ретке келтірілді. Әйтпесе бұрын қыстай жатқан қасат қар көктемде жылт еткен күн көзіне жіби қалса немесе толассыз екі-үш күн жауын жауса, ықшамаудандарда, көшелерде шалшық су пайда болып, тұрғындарды айтарлықтай әбігерге салатын.

 Арық-арықты қуалай аққан су қала ішіндегі үлкенді-кішілі каналға барып құятыны белгілі. Ал негізгі су жүйелерінің жағдайы талапқа сай ма? Каналдардың табаны аққан суға кедергі келтірмейтіндей күл-қоқыс, қамыс, түрлі тал-дарақтан тазартылған ба? Ертеңгі күні ойда жоқта суға су қосылса, жоқ жерден мәселе туындап жүрмей ме? Міне, қазіргі таңда ең өзекті мәселенің бірі – осы.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің жақында атар таңмен таласа Тараз қаласындағы бірқатар су жүйесін аралап, олардың жай-күйіне назар аударуының, көпірлердің су өткізу мүмкіндіктерін тексеруінің сыры осында жатыр. Ербол Шырақпайұлы су жүйелерін аралау барысында ұзындығы 24 шақырымды құрайтын «Түйте» каналының түбін тазалау, айналасын реттеуге баса назар аударды.

Аймақ басшысы жауаптыларға «Қарасу» каналының да жағалауы тазалауды қажет ететінін айтты.Каналды судың ағысына кедергі келтіретін қоқыс немесе тал-дарақтан арылту өз кезегінде көктемгі кезеңде судың көп мөлшерінің келуіне, жаз айларында ылғалдың қажетті аумақтарға жетуі және тұрғындардың қауіпсіздігі үшін де аса маңызды. Осы тектес өзге де су жүйелерін, арықтарды тазалау, олардың су өткізу мүмкіндігіне тұрақты талдау жасау және жағдайды бақылауда ұстау кезек күттірмейтін мәселенің бірі.

– Облыс орталығы немесе басқа да елді мекендерде арық-атызды тазалау – көпшіліктің тізе қоса әрекет етуімен бітетін іс. Сондықтан алдағы уақытта облыс бойынша жалпы сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарына жан-жақты көңіл бөлінетін болады. Бұл іске өңірдегі барлық мекемелер мен бизнес өкілдерін, қала тұрғындарын да белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Е.Қарашөкеев. Каналдарды тазалау және басқа да жұмыстар бойынша аймақ басшысы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке нақты міндеттер жүктеді.

Ал өзі аталған бағыттағы жұмыстарды жеке қадағалауда ұстамақ. Биыл Тараз қаласының он ықшамауданындағы аулалар толығымен түнгі жарықпен қамтылады екен. Ал екі жылда облыс орталығындағы барлық көпқабатты үйлердің аулалары жарықтандырылады. Облыс әкімі түнгі қаланы аралау барысында да шаһар басшылығына нақты міндеттер жүктеді.

– Әлеуметтік желілерде қалаларды жарықтандыру бойынша тұрғындардан жиі өтініш түседі.Соған сәйкес «Самал» (7) және «Салтанат» (4) ықшамаудандарындағы жарықтандыру мәселелерімен таныстым. Бұған дейін «Самал» ықшамауданы толық жарықтандырумен қамтылды. Басқа ықшамаудандарда да осы тәсілді қолдана отырып жұмыстар атқарылатын болады, – дейді облыс әкімі.

Осы жылы көне шаһардағы 76 көшені (бұрылыстармен қоса есептегенде) жарықтандыру жұмыстары қолға алынбақ. 2025 жылы 120 көше және бес ықшамауданның аулаларын жарықпен қамту жоспарлануда.

Бұдан бөлек облыстағы шағын қалалар мен аудан орталықтарын да түнгі жарықтандыру шаралары жүйелі түрде қолға алынады екен. Облыс әкімінің айтуынша, бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен халыққа жайлы орта қалыптастыру үшін аса маңызды іс болмақ.

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар