ОҚУ ОРНЫНДА ФОРЕЛЬ ӨСІРІЛМЕК
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының жанынан ашылған аквамәдениет ғылыми-зерттеу орталығына бір мезгілде 200 000 балық өсіретін жаңа 2 жапондық аппарат сыйға берілді.
Аппарат наурыз айында Қазақстанға жеткізілген. Жақын күндері арнайы мамандардың көмегімен іске қосылмақ. Жапонияда «Фурадгоси» деген балықшаруашылығымен айналысатын ірі компания бар. Компания өткен жылы Алматы қаласында ауқымды семинар өткізген. Аталған шараға біз де қатыстық. Семинар барысында жапондық мамандар бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірген еді. Өзара ынтымақтастықтың нәтижесінже компания бізге үлгі ретінде екі инкубациялық аппарат берді. Бұл аппараттар форель өсіруге арналған. Бұйыртса, Франция және Польша елдерінен форель уылдырығын алдыртамыз. Осылайша 200 000 форель өсіруге мүмкіндік аламыз. Екі аппаратта сәйкесінше 400 000 форель өсіріледі, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының аквамәдениет ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Венера Арыстанғалиева. Форель облысымызда көп өсірілетін балық түрі десек болады. Себебі Әулиеата өңірінің табиғаты аталған балық түрін өсіруге тиімді. Қазіргі таңда аквамәдениет ғылыми-зерттеу орталығында коммерциализациялық әлеуеті бар жоба жүзеге асырылып жатыр. Құрылысы келесі жылдың күз айында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба жұмыстары сәтті аяқталса, өзіміздің форель өсіретін шаруашылығымыз болады, – дейді Венера Арыстанғалиева.